Жүрегі жұртымен бірге соққан...
Өмірден озған адамды еске алғанда әуелі ол кісінің мына өмірдегі жүріп өткен жолы, азаматтық істері, әрекеті ойға оралады. Тіршілікте жеке мақсаттан елдік мұратты биік қоятын тұлғалар болады. Әдетте олар бүтін елдің, тұтас туған жерінің қамын жеп, ертеңі үшін алаңдаулы келеді. Осындай азаматтардың бірі артында өшпес із қалдырған марқұм Құрмаш Алпыс-байұлының ғибратқа толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі. Ол саналы өмірін ел мүддесіне арнады. Ауыл тұрғындарының қамын жеді. Пендешілігінен азаматтығы биік тұрды. Жүрегі елмен бірге соққан, іргеде жүріп ірі тірліктер атқарған осындай азаматтар есімі әрдайым ел есінде болса дейсің. Сондықтан Құрмаш Алпысбайұлының өнегелі өмірі жайлы қалам тербеп, мақала жазуды жөн санап, кейінгі ұрпаққа жеткізсек дедік.
Колхоз-совхоз жүйесі негізінде қалыптасқан кешегі Кеңес дәуірі тарқаған тұста экономика құлдырап, шаруашылықтар тұралап қалғаны әмбеге аян. Бұл, әсіресе, тағдырын ауыл шаруашылығына байлаған диқандарға ауыр тиді. Совхоздардың жұмысы тоқтады. Техникалар арзанға сатылды. Мал басы күрт кеміді. Күнкөрістің қамы үшін, қажеттілік мақсатында әсіресе, қой атаулы ақша орнына айырбасқа айналды.
Ауылдағы жұртшылық ешкімге керек болмай сенделіп қалды. Көпшілік не істерін білмей абдырады. Тұтастай алып держава құлап, әр республика өз бетінше күн көрудің қамына көшті. Бұрын естіп-білмеген нарық заманы басталды.
Диқандар ісін неден бастарын білмеді. Маман тапшылығы, тәжірибенің жоқтығы сезілді. Жұмыс іздеп қалаға көшу белең алды. Осының салдарынан ауылдағы үйлер қаңырап бос қалды. Жан бағу, бала-шағасын асырау оңайға соқпады. Осындай себептермен ауыл жұрты бірі көшіп жатса, енді бірі қарт ата-анасының жағдайына қарайлап жұмыссыз үйінде отырды.
Заманның сұрқы қашқан осындай алмағайып уақытта қиындықтан қаймықпаған, қайта жігерін жанып, көпті ортақ іске ұйыстыра білер азаматтар табылды. Сын сағатта елдің еңсесін қайтсем көтеремін деп атқа қонған азаматтар арасында Құрмаш атамыз да болды. Елге аянбай қызмет етті. Өзі де ауылдағы шопанның ұлы, осы жердің баласы емес пе, туған жердің көркейіп, өркендеуіне барын салды. Әке тәрбиесі, өскен ортасы, алған білімі мен жиған тәжірибесі оны жерін сүйетін патриот болып қалыптасуына жетеледі. Әкесінің өмірлік жолы мен берген тәрбиесі елге қызмет етуге жетеледі.
Аздап шегініс жасап, шыққан тегіне үңіле кетсек. Оның әкесі Алпысбай Жүсіпәліұлы 1923 жылы дүниеге келіп, 7 жасында әке-шешеден айырылып, жетім қалған соң, Махметхан мен Сырман ағаларының қолында өседі. Ер жете сала совхоздың қойын бағады.
«Қожатоғай» қой совхозына Өзбекстанның Шымқорған деген жерінен алғашқылардың бірі болып мал айдап келіп, шаруашылықтың іргесін қалайды. Зейнеткерлікке шыққанша осында еңбек етіп, басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болады. Ол кісі Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болған. Өзі оқи алмаған соң, еш болмаса ұрпағым оқысыншы деген ниетпен перзенттерінің білім алуына барын салған.
Тұңғыш ұлы, мақала кейіпкері Құрмаш Алпысбайұлы 1947 жылы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында туған. 1967 жылы осындағы Амангелді атындағы білім ұясын, 1974 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Қожатоғай ауылдық кеңесінің бас есепшісінен бастап, адал еңбегінің арқасында ауылдық кеңестің төрағасына дейін көтерілген. «Қожатоғай» мемлекеттік қой зауыты партия комитетінің хатшысы да болды. Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1992-1999 жылдары ауылдағы жұмысшылар кооперациясының басшысы қызметін атқарады. Ал, 1999 жылы ауылға әкім болып тағайындалады.
Ауылдың қайта гүлденгені Құрмаш Алпысбаевтың әкім болған уақыты десе де болады. Ол тоқырау жылдарындағы алмағайып кезеңмен тұспа-тұс келді. Осындай қиын-қыстау сәтте ауыл халқын бірлікте ұстап тұру әкімдерге де қиынға соқты. Бірақ, кейін шегінбеді. «Ел намы-
сы – ер намысы» деп тек алға ұмтылды. Ортақ істе ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.
Мұндағы жұртшылық ауыл шаруашылығымен күн көреді. Әсіресе, мал шаруашылығына бейім. Десе де Құрмаш Алпысбаев диқандарды мақта өсіруге, яғни егіншілікке шақырды, жол көрсетті. Шаруасы тұралап қалған ауылдардан ел қара шаңырағын тастап, жаппай қалаға кетіп жатқан кез болатын. Алайда, егіншілікті мықтап қолға алған шаруалардың табысы еселеніп, кірісі ұлғайған шақта, «енді көшеміз» деп жүргендер райынан қайтып, ажары кірген ауылға қайта қоныстана бастайды. Ауыл әкімі Сырдария өзенінің жағасындағы егістіктерге су сорғыш құралдар алдыртты. Мақта егу жұмыстары жандана түсті. Кезінде жекеге өтіп кеткен ғимараттарды мемлекет меншігіне қайта өткізу жұмыстарына атсалысты. «Еңбегі жанды». «Тоқтысы да егіз туды». Осы кезеңді ауыл халқы «қайта жаңғыру уақыты» деп атайды. Елдің әлеуетін көтеру жолындағы маңдай тер, қажырлы еңбек, оның арасындағы ұйқысыз түндер денсаулыққа салмақ салды. Сырқаты меңдеді. Ақсақал 2003 жылы бақилық болды.
Көзі тірісінде еңбегі бағаланды да. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болды. Елдің ыстық ықыласына бөленген жан «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Одан бөлек «Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік төсбелгісін де тақты.
Өмірі көпке өнеге Құрмаш ақсақал туралы замандастары, қызметте бірге болған үзеңгілес бауырлары, көнекөз қариялар үнемі жылы лебіздерімен бөлісіп, ел үшін еткен еңбегін әлі күнге айтып жүреді.
Бақдәулет АЙДАҒАРАЕВ.
Сарыағаш ауданы.
Олжас Рысбекұлы
Алла разы болсын Енбегін жана берсін Багдаулет ✊????
Амангали Юсупалиев
Аллах разы болсын