Жырлары жүректі жаулаған
Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Сырбай Мәуленовтің шығармашылығына арналған «Жырлары жүректі жаулаған» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш шымылдығын Сырбай Мәуленовтің көзін көрген жандар – Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағынының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, фантаст жазушы Сарманбай Исақ ашып беріп, ақынның табиғи таланты мен қаламының қуаты жайлы кеңінен айта келіп, өз естеліктерімен бөлісті.
Мұнан кейін көпшілік назарына Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы жайында түсірілген «Жыр ғұмыр» атты бейнебаян ұсынылып, сұңғыла шайырдың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне шолу жасалды. Біртуар ақынның сан қыры жөнінде тың деректер айтылып, әсерлі әңгіме өрбіді.
Сырбай Мәуленов поэзиямен ғана шектеліп қалған ақын емес. Ол сөз өнерінің бірқатар жанрына қалам тербеп, артында 40-тан астам кітап қалдырған классик шайыр. Балаларға арнап та еңбек жазған. Кеште ақынның сөзіне жазылған жүрек тебірентер «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Қаңтардың дауылына оралдым», «Керуендер жұқа торға тоқылған», «Кілем» атты әндерді колледждің өнерлі студенттері тамылжыта шырқады.
Сырбай ақынның шығармашылығының негізгі бір бөлігі соғыс тақырыбына арналған. Былай қарағанда, ол заңды да. Өйткені, оның жастық шағының елеулі бір бөлігі ұрыс даласында өтті. Майдангердің қанды көйлек жолдастарына арнап жазған жырларын студенттер толғана оқып, ақынның жастық шағынан көрініс қойды. Бұл әдеби-сазды кеш жастардың зейінін ашып, қызығушылығын оятты. Арада қанша уақыт өтсе де Сырбай Мәуленовтің сырлы әлемі өз дәуірінен сыр шертіп тұрары сөзсіз.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар Сырбай Мәуленовтің шығармашылығын насихаттауға үлес қосқан оқу орнының басшылығына ризашылығын білдірді.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.