Самұрат бидің бір шешімі

Қазақ халқының кеңдігі мен дарқандығы, жомарттығы мен мәрттігі кімді де болса таңдандырмай қоймайды. Әсіресе, ата-бабалар салт-дәстүріне деген беріктігі қандай ұлт пен ұлысқа болсын үлгі-өнеге. Мен бұл әңгімені пайғамбар жасындағы Кенжебай деген ақсақалдан естіген едім. Ол әкесінен естігенін айтып, бір жиында бізге әңгімелеп берді. Тағлымдық-тәрбиелік мәні бар 
осы тәмсілді мен сіздерге жеткізсем деп отырмын.
Бір замандарда қоңырат елінде Маңғытай руынан Толысбай деген кісі болыпты. Оның әйелі Қаншайым сегіз құрсақ көтерген екен. Бірақ, сегізі де қыз!
Күндердің күнінде Толысбайдың үйіне алыстан бір қария келіп түсіпті. Сөз пайымына қарағанда, бар жұмысы осы үйдің бір қызына құда түсіп кету. Осыны аңғарған Толысбай қарт:
– Қария, айтып отырғаныңыз орынды. Қыз айттыру – ата салтымыз. Бірақ, мұның қисыны келмейтін сияқты, – дейді.
– Неге? – деп қонақ тосылып қалады.
– Өйткені, мен сіздерге тең емеспін.
– Тең емесі қалай? Сен де қартсың, мен де қартпын. Менде бар мал сенде де бар.
– Жоқ, қария, дұрыс түсініңіз. Тең емеспін дедім. Менің кіндігімнен ұл жоқ. Ертең олай-бұлай бола кетсем, алдарыңыздан шығып, аттарыңызды кім байлайды? Қолдарыңызға кім су құяды?
Толысбай көзі жасаурап, үнсіз отырып қалады.
Сонда қонақ екі қолын көкке көтеріп:
– Жаратқан Ием! Мына Толысбайға шекесі торсықтай бір ұл бере гөр! Алла! Ниетімді қабыл ал! Отының басы қазанды болсын! Үй-іші базарлы болсын! – деп Аллаға жалбарынып әрі бата беріп кеткен екен.
Қарияның бата-тілегі қабыл болды ма, Қаншайым тағы бір құрсақ көтереді. Сыртта шаруа жайғап жүрген Толысбайға бір әйел келіп сүйінші сұрайды.
– Сүйінші, ата! Ұлды болдыңыз!
Осы кезде етегі жасқа толған Толысбай жерге отыра кетіпті. Сәлден соң екі қолына екі тас ұстап тұрыпты.
– Е, Жаратқан Ием! Ұлымды осы тастай берік ет! – деп көзінен жас сорғалапты.
Ертесіне ауыл-аймақты жинап, той жасайды. Қазанды төңкеріп, қайта тұрғызып, ырым жасайды. «Осы қазандай ішінен ас кетпей, ұлым несібелі болсын» деп перзентіне Қазанғап деп ат қояды.
Осы сүйінші хабарды естіген баяғы батагөй қария келіп, құтты болсын айтады. Кетерінде Толысбайдың Зияда деген қызына құда түсіп кетеді.
Көңілдері қуанышқа толы Толысбай мен Қаншайым кешкі аста шүйіркелесіп отырып кеңеседі.
– Қазанғап та әне-міне дегенше жігіт болар. Сенің төркін жұртыңа барып, сүйек жаңғыртып, бесіккертпе салтымен құда түсіп, бір сіңліңді келін етіп түсірейік, – дейді Толысбай.
Бұған Қаншайым да ықылас танытады. Екеуі жолға шығады. «Қыз келді» деп Қаншайымның төркін жұрты қуанады. Екі-үш күн өткен соң Толысбай қайын жұртынан тағы бір қыз алғысы келетінін жұқалап жеткізеді. Сонда қайныларының бірі тұрып:
– Сүйек жаңғырту салтын білмей тұрғанымыз жоқ. Бірақ, сенің жалғыз ұлың олай-бұлай болып кетсе, қызымыздың тағдыры не болмақ? – депті.
Мынадай ауыр сөз естиміз деп ойламаған екеуі есеңгіреп қалыпты. Әлден соң өздеріне келіп, ештеңе айтпастан жолға шығыпты. Қаншайымның жүрегі қан жылап бара жатқанын көрген ағаларының бірі:
– Қаншайымды жылатып жібергеніміз жөн болмады, – деп бауырларына ренжіпті.
Бастары салбырап, қапалықтан жүздерінен қар жауып келе жатқан екеуі ауыл шетіндегі төбе үстінде отырған қарияларға да сәлем бермей өте шығыпты. Топ ішінде бір ақылман ақсақал бар екен.
– Мына екі мұңлық қапалы сияқты. Бізге бұрылмай кетулеріне қарағанда жүректерінде түйін бар. Екеуін де шақырыңдар. Қолымыздан келсе көмектесіп, келмесе ақылымызды айтып, түйіндерін тарқатып жіберейік, – деп бір баланы шақырып келуге жұмсайды.
Екеуі бөгеліп, қариялар отырған төбеге көтеріледі. Қариялар қапалы екеуден жөн сұрайды.
– Жол болсын!
– Әлей болсын!
– Жүздеріңе қарасақ, әлденеге қапа сияқтысыңдар. Бұл ауылдан адамдар ренжіп аттанбаушы еді, сендерге тіл тигізген тентектеріміз болса тізгіндеп қояйық. Кім сендерді қапа етіп аттандырған? – дейді жүзі жылы бір қария.
Толысбай мен Қаншайым болған оқиғаны жасырмай айтып береді. Сонда жөн сұраған қария:
– Е, қарақтарым, «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Пенденің болашағын бір Алладан басқа кім білуші еді? Жарлы байымай ма? Жарлы өспей ме? Бұрынғылар «қайыңға құсың түспесін, жаманға ісің түспесін» деген екен. Мұның бәрі тегін айтылмаған. Жә, ашуды қойыңдар. Үйге жүріңдер. Кіші келінім жақында ғана қыз туып еді. Соған құда түсіп кетіңдер, – дейді.
Бұрын-соңды көрмеген, білмеген адамның мына жомарт пейілі Толысбай мен Қаншайымды таң қалдырады. Қолқалаған соң үйіне барады. Мал сойылып, қонақ күтіледі. Толысбай мен Қаншайым қарап отыр, жаңа босанған келін жарамды да ажарлы екен. Ақылды екені де көрініп тұр. «Мынадай енеден туған келін жаман болмас» деп енді екеуі сүйсініп отырады.
Ертесіне құдалық рәсімін жасап, бата беріп, екеуін ауылдарына шығарып салады.
Толысбайдың бұл құдасы қоңыраттың Оразгелді руының, оның ішінде Тиектісінен шыққан, ауыл биі Самұрат деген кісі екен. Ойламаған жерден қадірлі ақсақалмен құдандалы болғанына сене алмай, екеуі де қуаныштары қойындарына сыймай қайтып келе жатады.
Қазанғап ержетеді. Самұрат бидің ай десе аузы, күн десе көзі бар Жібек деген немере қызына үйленеді. Сол Қазанғап сексен екі жасында немере, шөбере сүйіп, өмірден озады.
Ал, Толысбай мен Қаншайымды жылатып жіберген әулеттің ақыры жақсы болмапты деп аяқтап еді Кенжебай әңгімесін. 
Иә, ақылман көп адамды тұңғиықтан алып шығар, түңілген көңілге жан шуағын ұялатар дана қариялар көп болған ғой. Олар елінің бірлігіне, жастардың болашағына үнемі алаңдап, қолдан келген көмегін аямаған. Осындай ауызы дуалы ақылгөй қариялар көп болса, ел іргесі сөгілмейді.
Самұрат бидің бір шешімімен, кең жүрегімен өсіп-өнген сол әулет бүгінде бәйтерекке айналыпты деседі.

Тілеулі НАЗАРЫМБЕТОВ.
Пікір қалдырыңыз