Кітап, сенің мәртебең төмендемейді!

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай арнайы апталық басталды. «Мәртебелі кітап» деп аталатын ауқымды іс-шараның шымылдығын ардагер кітапханашы Раушан Сержанова мен журналист Төребек Байтасов түріп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар кітаптың адам өміріндегі рөліне тоқталып, жастардың рухани тұрғыдан дамуындағы әдебиеттің маңызын атап өтті.
Апталықтың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткізіліп, мазмұнды әрі танымдық бағыттағы іс-шараларға толы болды. «Qasymkitap» және «Атамұра» баспа үйлері оқырмандарға кітап жәрмеңкесін өткізді. Сөреге қойылған түрлі жанрдағы кітаптар келушілердің қызығушылығын туғызды. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі мен әдеби ойындар қатысушылардың белсенділігін арттырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркемсөз үйірмесінің мүшелері көрнекті қаламгерлердің өлең-жырларынан үзінділер оқыса, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әншілері мен бишілері өз өнерлерімен кеш көрігін қыздырды.
іс-шараны облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова мен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы қорытындылап, апталықтың мән-маңызына тоқталды. Олар осындай тағлымды жұмыстардың ұлт руханиятына қосар үлесі мол екенін атап өтіп, барша қатысушыларға алғыс білдірді.
Кітапхана басшыларының айтуынша, бұл апталықты өткізудегі басты мақсат – азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, өскелең ұрпақтың рухани және мәдени тұрғыдан дамуына серпін беру, кітаптың адам өміріндегі айрықша орнын ұғындыру.