Қазақстан Орта Азияда көш бастап тұр

Жаңа кәсіпорындар көптеп құрылып жатыр.


Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл жайында Президент ауыл шаруашылығы өкілдерінің бірінші форумында айтты.  


"Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін "Тұрақты" деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже" - деді Қ.Тоқаев.


Президенттің айтуынша, инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылған. Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді. 


"Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен "жасыл" сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады” - деді Мемлекет басшысы.


Осылайша бүгінде ел аумағында озық әрі әлемдік стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар көптеп құрылып жатыр. Бұл жұмыстар халық табысын арттырып, тұрмыс-тіршілігін түзеуге сеп болары сөзсіз.


Жансерік Жұман,

“Жастар рухы” Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Пікір қалдырыңыз