Боралдайда африкалық балық бар
Бәйдібек ауданында орналасқан «Шоқ-Талап» шаруа қожалығында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған семинар жаңадан ашылған шаруа қожалығының жұмыстарымен танысу және алдағы уақытта балық өсіруге қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мақсатында өтті. Оған аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа қатысты.
«Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков биыл 2 гектар аумаққа жасанды көл жасап, оған 1600 дана сазан шабағын жіберіпті. Кәсіпкер өзендердің жағалауынан жасанды көл жасауға рұқсат алу басты мәселе екенін жеткізді. Жеке кәсіпкер Абзал Арынбеков Шаян өзені аңғарынан өзіне ұзақ мерзімге берілген жер телімін пайдалану үшін қандай жұмыстар атқарылу керектігін сұраса, Боралдай ауылдық округінен ЖК «Хайдар Радмир» 2 гектар аумақ жасанды көлге африкалық сомның 10 мың шабағы мен 1 мың сазан жібергенін айтты. Яғни шаруалардың балық өсіруге деген қызығушылығы жақсы. Алайда, қазіргі таңда балықтың дайын азығының тым қымбаттығынан олар қолдан дайындалған азықты пайдаланып жатқандығын жеткізді.
Өз кезегінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.
Бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде тауарлық балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны екі жүзден асты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.