Хайдар аға ауылдың құрметтісі
Сәбит ҚАЛДЫБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мақтаарал ауданындағы Иіржар ауылдық округінде өмірі мен еңбек жолы тағлымды өнегеге толы жандар аз емес. Солардың бірі – замандасымыз, жетпіс бес жастың белесіне шыққан ауылдың сыйлы азаматы Хайдар Давлатов.
Міне, біраз жылдың жүзі болды, Хайдар өзі тұратын «Азамат» ауылында ардагерлер кеңесінің жетекшісі әрі округ бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып келеді. Елдің ынтымақ-бірлігін сақтауға күш салып, жастарды адал, еңбексүйгіш, Отаншыл, кішіпейіл, иманды болуға тәрбиелеп, түрлі мәдени-әдеби іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне өзінің мол үлесін қосуда. Округ аумағындағы алқалы жиын, мерейлі мереке, торқалы тойлардың басы-қасында жүріп, ақсақалдық ғибратты сөзін айтады, жастарға ақ батасын береді. Күнкөрісі төмен отбасыларды есепке алып, оларға демеушілер тарапынан қайырымдылық көмек берілуіне ұйытқы болып келеді. «Азамат» ауылында ардагерлер кеңесінің есебінде тұратын 44 қарияның жағдайына көңіл бөліп, хал-жағдайларын біліп тұруды бір сәт те есінен шығарған емес.
Хайдар өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп шыңдалған, елге сыйлы, абыройлы жан. Оның іскерлігі, басшылық қызметтердегі тәжірибесі бір басына жетерлік. Хайдардың ата-бабасы, әке-шешесі сонау 1920-1930 жылдардағы ашаршылық, ел басына күн туған зобалаң жылдары Ақтөбе облысынан ауа көшіп, тәжік жеріне қоныс аударған. Хайдар 1949 жылы қыркүйекте Тәжік КСР-і, Қорған-Төбе облысы, Қабадиан ауданында өмірге келген. 1966 жылы орта мектепті өзбекше оқып бітіреді. Білімге құштар, алғыр, зерек жас Душанбе қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын 1972 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, Кумсангир ауданында Жданов атындағы колхозда инженер болып еңбек жолын бастайды. Арада үш жыл өткенде білікті маман «Главводстрой» тресінің автобазасына бас инженер болып тағайындалады. Бұдан соң аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Таджиксельхозтехника» кәсіпорнына бас инженер әрі мекеме директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымдарына бекітіледі. Осы қызметтерді жеті жыл мінсіз атқарып, тәжірибе жинайды. Өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. 1987 жылы аталмыш кәсіпорынның басқарушысы әрі шаруашы- лықаралық мекемеге директор болып жоғарылайды. Басшылардың сенімін ақтап, білімі мен біліктілігінің арқасында саланың жұмысын ұршықша иірді, атына кір келтірген жоқ.
Қазақ елі тәуелсіздік алған соң Давлатовтар әулеті туған елге ат басын бұрды. Дәм-тұз бұйырып, қасиетті де киелі Мырзашөлге, оның ішінде Мақтаарал ауданы, «Свердлов» совхозына көшіп келді. Бұл кездегі көл-көсір қуанышты, жүрек тебіренісін, толқу сезімін айтып жеткізе алмайды. Аудан, шаруашылық басшылары өмірден көргені мен түйгені мол Хайдарды жатсынбай, бауырына басып, «Красный авангард» бөлімшесіне басқарушы етіп тағайындады. Туған жеріне ту тіккен ер азаматтармен бірге күн-түн демей қажырлы еңбек етті. Мақта, бау-бақша өсірудің қыр-сырын терең меңгеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайын жақсартуға сүбелі үлесін қосты. Хайдардың ерекше қасиеті – қарапайым, кішіпейіл, көпшіл азамат. Ойын ашық айтатын ер азаматқа тән батыл мінезі, әділдігі ауылдастарына ұнады.
Хайдар Давлатовтың отбасы округтегі үлгілі шаңырақтың бірі. Ұл-қыздары тәрбиелі, ибалы, көргенді болып өсті. Өмірсерігі Бибілайық Мырзабекова көп жыл бойы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеді. Екеуі перзенттерінің жоғары білім алуына күш салды. Бүгінде ұлдары – Атабек, Мухамед, Анвар үшеуі де Маңғыстау облысында мұнай саласында жемісті еңбек етуде. Искандері ауылда мешіт имамы. Феруза, Фарида атты қыздары жас ұрпақ тәрбиешісі – педагогтар. Осы перзенттерінен алтын асықтай немерелер сүйіп, Бибілайық екеуі бақыт құшағында тербеліп, Алланың жақсылығына шүкірлік етіп отыр.
Ақылы мен көркі сай адамды Жаратқан иеміздің нұрынан жаралған десе болады. Ондай жандар әрдайым айналасына шуақ шашып, елден жақсылығын аямай, халықтың алғысы мен ыстық ықыласына бөленіп жүреді. Елге сыйлы болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп, сөзімен де, ісімен де үлгі бола білсең ғана абыройға бөленесің. Біз әңгіме етіп отырған Хайдар аға – сондай жаны жайсаң, көңілі дархан абзал азамат.
Мақтаарал ауданы.