Алқабиге ақы төленеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында заң үстемдігін қамтамасыз етумен қатар қоғамның сот саласына деген сенімін арттыруды міндеттеген болатын. Бұған қол жеткізудің бірден-бір жолы, әрине алқабилер институты екендігі даусыз.

Бүгінде алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің саны көбейіп келеді. Бұл бір жағынан халықтың сотқа деген сенімін арттыруға көбірек ықпал етпек. Себебі, олар кәсіби судьямен қатар сот төрелігін жүзеге асыруға қатысып, сот саласының жұмысын көзбен көреді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыс саны 14-тен 35-ке дейін, ал, биылғы қаңтардан бастап 44-ке дейін ұлғайды. Одан бөлек, алқабилер бұдан былай аса ауыр қылмыстарды ғана емес, ауыр және ауырлығы орта қылмыстарды да қарауға мүмкіндік алды. Осыған байланысты алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің де саны артты. 
Көріп жүргеніміздей, кейде қаралған істерге қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Бірақ, солардың басым бөлігі алқаби ретінде сот істерін қарауға қатысқысы келмейді. Себебі, біреудің тағдыры үшін жауапкершілік арқалағысы жоқ. Қазір оларға заң аясында біршама жеңілдіктер жасалған. Мәселен, қазір істі қарауға қатысқан әрбір алқабиге ақы төленеді. Егер алқаби облыс орталығында тұрмайтын болса, тұрғын үй жалдау, тәуліктік шығындары да қоса төленеді. Одан бөлек, алқаби ретінде сотқа қатысқан уақыты еңбек өтіліне есептеледі. Сот процесіне қатысқаны үшін жұмыс беруші оны жұмысынан шығара алмайды. Сонымен қатар лауазымын төмендетуге жол берілмейді. 

Абзал ӘЛІБЕКОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі 
мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің бас маманы.

Пікір қалдырыңыз