Қазақтың төрт атырабына да ортақ тұлға
Баян Дарғожина, «Оңтүстік Қазақстан».
Журналист, Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер Сағат Жұмағазиев 1911 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Шалқар ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1928 жылдан Азғыр аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі болып бастады. 1930-1931 жылдары Орал қаласындағы кеңес-партия мектебінің тыңдаушысы. 1931-1966 жылдар аралығында облыстық, республикалық басылымдарда әр түрлі жауапты қызметтер атқарды.
1950-1953 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы болды.
1976 жылы республикалық «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналында редактор, аудармашы қызметін атқарады.
Сағат Жұмағазиев жөнінде ізденгенімізде, архивте тек өмірбаяны мен суреті ғана сақталыпты. Ал, интернетті ақтарғанда, ол кісі біз ойлағандай «жұмбақ» адам болмай шықты. Бір кездері сағат ағамыз Жетісу өлкесінің «Коммунизм таңы» газетінде де редактор болып қызмет атқарыпты. Қуаныш Тұңғатар 2018 жылы наурыз айында жарық көрген «Жетісу» газетін кімдер шығарды?» деген мақаласында «Жетісуда» қазақ баспасөзін дамытуға үлес қосқан бірқатар тұлғалар редактор болғанын, газеттің мазмұнды шығуына атсалысқанын атап өткен. Сол тізімнің бел ортасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз де бар. «Сұрапыл соғыс аяқталып, ел экономикасы көтеріліп, тың игеру қауырт іске аса бастағанда, Жетісу өлкесінің бұрынғы «Сталин жолы» газеті «Коммунизм таңы» деген атпен шығады. Бұл – 1953 жылдың соңы. Ал, 1954 жылдың ақпанынан газет облыс халқына кеңінен тарайды. Газет негізінен партия мен үкіметтің қаулы, қарарларын, кеңестік съездердің шешімін, жетіжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында облыс еңбекшілерін ұйымдастыру шараларын жан-жақты насихаттады. «Коммунизм таңы» кирилл әліпбиінде жарық көре бастады. Араб, латын әріптері біржола тоқтатылады. Бұрынғыдай апталық газет мұнда енді жоқ. Аптасына алты рет шығатын болды.
«Коммунизм таңына» көз жүгіртсек, газет мазмұны АҚШ пен Кеңес өкіметі арасындағы бәсекелестікке толы. Газеттен капиталистік және социалистік қоғамның өзара жарысқа түскені бірден білінеді. Мәселен, басылымның 1959 жылдың 6 қаңтарында шыққан санына үңілсек, ғарышты игеру технологиясы туралы сөз қозғалады. Әрі ТАСС-тың хабарларын жиі береді. Әрбір сағат сайынғы жасанды жерсеріктің ұшу жолын баяндап, жариялап отырады. Ал, басылымның жаңажылдық санында «Салыстырып көрейік» деген айдармен «Бізде», «Оларда» деп ат қойып, сол кездегі редактор С.Жұмағазиев сара жолмен жаңа мақала жазады. Капиталистік елдердің артта қалғанын алға тартып, Кеңес Одағының қарыштап дамығанын мақтанышпен айтады. «Кеңес Одағы өткен жылмен салыстырғанда, өнеркәсіп өнімдері он пайызға өсті. Жылдағы жоспарды мерзімінен бұрын орындады, – дейді редактор мақаласында. – АҚШ-тың өнеркәсібін экономикалық дағдарыс жайлады. Әрбір алтыншы адам жұмыссыз жүр. Бір жылдың ішінде жұмыссыздар саны он миллионнан асып кетті».
Осы арада «Сағат Жұмағазиев қандай редактор болды?» деген сауалға мына бір мысалды келтіруге болады.
Жамбыл облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газетін 21 жыл басқарған Баттал Жаңабаев өзінің 17 жастағы шағынан естелік айтқан екен. Оны университеттің 4-курсында оқып жүргенінде Семей қаласындағы облыстық «Екпінді» газеті қызметке шақырыпты. Оны Баттал ата былай баяндайды: «Газеттегі екі айлық тәжірибемізді аяқтап, қайтуға жиналып жатқанмын. Бас редактор Сағат Жұмағазиев шақырып жатыр деген соң алып-ұшып кабинетіне кіріп бардым. Барсам бір қағаздарға қол қойып жатыр екен. «Сенің мінездемеңе қол қойып жатыр едім. Байқаймын, біраз баулысақ сенен жақсы журналист шығатын сияқты. Келесі жылы оқуыңды бітірген соң шақырту жіберсек келесің бе?» деп сұрады. Бұрын-соңды мұндай мақтауды ешкімнен естімеген басым, бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Оның үстіне бір облыстық газеттің бас редакторы өзі шақырып, қызмет ұсынып тұрса».
1950 жылы оқуын аяқтаған соң Баттал ата келісім бойынша жолдамамен Шығыс Қазақстан облысына келіп, «Екпінді» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Іскерлігімен көзге түсіп, сатылап өсе береді. Міне, мұның өзі жас жігіттің бойындағы талант ұшқынын қырағы басшының қалт жібермей байқап қалғандығын, оның болашағына даңғыл жол ашып бергендігін көрсетеді.
Сонау 60-шы жылдарда «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында еңбек еткен ескінің көзіндей бір шоғыр ағалар арасында да Сағат Жұмағазиев есімі аталады. «Редакцияда газетіміздің ардагерлері Қаби Мыңжанов, Әбдібек Нұрмағамбетов, Сағат Жұмағазиев, Жекен Жұмаханов, Хайдар Баймұхамбетов, Мағзұм Көшеков, Әзілхан Нұршайықов, Бекділдә Абдуллиндер еңбек етті. Әрқайсысының орны бар, кейде кірпияз мінезі де бар» делінген «Егемен Қазақстан» газетінде 2012 жылы жазылған Мамадияр Жақыптың естелік мақаласында.
Жүсіп Баласағұн осыдан бірнеше ғасыр бұрын «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыру керек» деген тәлімді сөз қалдырыпты. Өзінің ұлағатты өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған игі жақсылардың санатына осы Сағат Жұмағазиевті жатқызуға болады. Өз саласындағы еселі еңбегі үшін ол кісі екі рет, яғни 1945, 1947 жылдары «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальмен марапатталды.
Жақсыға әркімнің-ақ бар таласы. Сағат ағаны батысқазақстандықтар да, семейліктер де, егемендіктер де, жетісулықтар да, бізде өзімізге тартамыз. Сондайға лайық тұлға ғой.