Сексендегі шежіре сыр шертеді

Екі мың төртінші жылдың қараша айында облысымыздың қасиетті қара шаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 80 жыл толды. Бұл газет ұжымы үшін ғана емес, барша оңтүстікқазақстандықтар үшін де айтулы оқиға. Себебі, осы жылдар ішінде өлкеміздің өмірінде талай-талай өзгерістер болды. Тіпті, атышулы алып өндіріс орындарының тарап кеткеніне де куә болдық, оны айтасыз, әрі-беріден соң картадағы мен деген мемлекеттің жойылып кеткенінен де хабардармыз.

Бағымызға орай, баршаға ортақ «Оңтүстік Қазақстан» газеті сондай сындарлы сәттердің бәрінен де сүрінбей өтіп, күні бүгінге дейін өз оқырмандарымен үздіксіз қауышып келеді. Әрине, бұл бәріміз үшін де қуаныш әрі мақтаныш. 
Бейнелеп айтқанда, газеттің 80 жылдық тарихы сексен тараулы шежіре іспетті. Газеттің ерекшелігі де сол, мұнда айтылған сөздер кейбір ақпарат құралдарындағы сияқты желге ұшып кетпей, тасқа басылған күйі мәңгілік қалады. Сөйтіп ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Біле білген адамға тасқа басылып, сақталғанның бәрі де тұнған тарих екені белгілі. Ендеше, өлкеміздің өткен күндерінен белгі іздеген адам оны «Оңтүстіктің» сарғайған беттерінен табады.
Әңгіме орайында тағы бір атап өтер жәйт, «Оңтүстік Қазақстан» газеті – тек тарих қана емес, ол бүгінгі өміріміздің айнасы да. Айналамызда күн сайын болып жатқан сан қилы оқиғалар туралы ол өзінің отыз мыңға жуық оқырмандарына аптасына үш мәрте жүйелі түрде жеткізіп отырды. 
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің өткен тарихы қаншалықты бай болса, оның тынымсыз тыныс-тіршілігі де соншалықты жаңалыққа толы. Өйткені, ертеден келе жатқан ерекше үрдістер бойынша мұнда ізденімпаздық рух қалыптасқан. Сол күш шығармашылық ұжымды әрдайым алға жетелейді. 
Айта берсе, «Оңтүстік» туралы әңгіме көп. Газеттің кешегісі мен бүгіні жайындағы мейлінше толыққанды мағлұмат «Оңтүстік Қазақстан»: кеше және бүгін» атты арнайы айдарымен айшықталыпты.
1925 жылы Қазақ республикасының астанасы Қызылорда қаласына көшірілді. Ал, Қызылорда уезі ол кезде Сырдария губерниясына қарайтын. Осыған орай «Ақ жол» газеті Қызылорда қаласында шыға бастаған «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетімен қосылды.
1929 жылы астана Алматы қаласына көшірілгеннен кейін Сырдария округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» деген атпен газет өз алдына бөлек отау тікті. Кейін округтер таратылып, аудандар тікелей республика орталығына қарағанда «Ленин жолы» газеті Шымкент аудандық партия комитетінің және аудандық кәсіподақ бюросының органы ретінде шығып тұрды. 1932 жылдың көктемінде республикада қайтадан облыстар құрылды. Осыған орай «Ленин жолы» газетінің негізінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастады.
«Газетті кімдер басқарған?» деген сауалға келер болсақ, біздің есебімізше өткен 80 жылдың ішінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзын-ырғасы 26 адам редакторлық қызмет атқарған екен. 
Сөз реті келгенде Ұлы Отан соғысында Отан үшін от кешкендердің арасында оңтүстік өңірінің журналистері де болғанын айта кеткен жөн. Біреуге оқ атуға емес, жазуға жаралған, қолына мылтық ұстап, мұздай қару асынып, қан майданға «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бір қауым журналист ағалар аттанған екен. Туған ел, Отан үшін отқа түскен сол ағалардың көрер жарығы, дәм-тұзы таусылмағандары оралып, ал, Б.Өтебаев, Ш.Мұратәлиев, Б.Бердалиев, М.Бигелдиев, И.Ырсымбетов, 
Б.Жәнібеков, Т.Қырықбаев, К.Мұратәлиев, тағы басқалардың (біз атын атай алмағандардың әруағы кешірсін) сүйегі жат жерде қалыпты. Оңтүстікқазақстандық журналистер қауымы әлі күнге дейін сол бір Отан үшін от кешкен, жаны жәннатта болғыр ағаларды ұмытпайды. 
Ал, періште қағып, қан майданнан аман-есен қайтқан, кейіннен елге белгілі болған тұлғалар Сәуірбек Бақбергенов, Әсет Тілеукеев, Қапан Қамбаров сияқты ағаларымыз соғыстан соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында қалам тербепті. Сондай-ақ, соғыстан оралған соң Наушабек Орманов, Әбіш Бибосынов, Нұрмахан Әбдірахманов, Мәжит Барайсов, Дәмеш Әлиғожина, Нұрмат Ешметов сияқты аға-апаларымыз да осы газетте жұмыс істеген.
 «Сарғайса да газеттің ақ парағы, бұл суреттер тарих боп сақталады» деген жалпы тақырыптың аясында берілген фотосуреттер Сізді өткен күндерге алып барады, есіңізге көп жайларды түсіреді. 
Дәл сол жылдары «Оңтүстік Қазақстан» оқырмандары үшін түрлі-түрлі қосымшалар шығарып тұрғандығын айта кеткен жөн. Оларды «Газет ішіндегі газеттер» деп атайды. «Жасын» (редакторы Жәмила Мамырәлі) – жастарға арналған қосымша. Жастар ісі және ішкі саясат жөніндегі департаменттің тендерінде ұтып алған қаржы негізінде айына екі рет шығып тұрды. «Аймақ» (редакторы Жеңіс Баһадүр) – облыс аймақтарынан, аудан, қала, ауылдардан ақпараттар, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмір тынысы жайлы материалдар беріп тұруға арналды. Кейде ақылы негізде бір ауданға арналып шығарылды. «Жаршы» (редакторы Атанбек Наурыз) – жарнамалық материалдарға арналған қосымша. Аптасына 1 рет жарық көрді. «Ақ алтын» (редакторы Есенкүл Көшербаева) қосымшасы облыстағы мақта шаруашылығына арналды. Ол маусым кезінде тұрақты беріліп тұрды. «Құқық» (редакторы Қуандық Оразбекұлы) – заң және құқықтық мәселелерге арналған қосымша. Бұл қосымшада құқық қорғау органдарының қызметі, тыныс-тіршілігі қамтылды. Азаматтардың арыз-шағымдары бойынша журналистік зерттеу мақалалар жарияланады, көпшіліктің құқықтық сауаттылығын арттыруға мән берілді. Қосымша айына 1 рет шығып тұрды. «Дәру» (редакторы Үмітхан Алтаева) – денсаулық сақтау мәселесі, емдік шараларға, дәрігерлер кеңесіне арналған қосымша, айына 1 мәрте шықты. «Мектеп» (редакторы Сабырбек Олжабай) – білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар, білім саласындағы реформалар, ұстаздардың еңбегі, мектеп проблемалары төңірегінде ой қозғайды. Белгілі бір аудандардың білім саласына арналып, ақылы негізде арнайы нөмірлер жарық көріп тұрды. «Кәсіпкер» қосымшасы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында шығып тұрған болатын.
Мұнымен қатар нарықтық қатынастардың талабына сай, сол кездері қосымша қаражат табу және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында «Оңтүстік Қазақстан» газеті жанынан жаңа құрылымдар ашылып, жұмыс істеді. «Оңтүстік» баспасөз клубы облысымызда, елімізде болып жатқан жаңалықтарды, түсініктемені қажет ететін мәселелерді барлық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізуді ұйымдастырды. Үйлестіруші-менеджері – Өтепберген Есенбай. «Оңтүстік» бейнестудиясы жоғары сапалы бейнеклиптер, мерейтой иелері туралы деректі фильмдер, ақпараттық бейнероликтер, той-жиындар мен мерекелік кештерден, сондай-ақ, мекемелер мен жекелеген азаматтар өмірінен бейнефильмдер жасаумен айналысты. «Ауылым», «Әже» бейнеклиптерін, «Өткен күнде белгі бар» атты деректі фильмін түсірді, үйлестіруші-менеджері – Қожагелді Сарымсақов. «Оңтүстік» имиджмейкерлік агенттігі имидждік мақалалар жариялап, деректі фильмдер, кітаптар, буклеттер, видеоклиптер, жарнамалық роликтер дайындауға ықпал етіп, сонымен қатар ол имиджмейкерлік қызметтің барлық түрін ұсынды. Үйлестіруші-менеджері – Жібек Мұсаева. Ал, «Оңтүстік» баспасы тапсырыс бойынша көркем шығармалар, ғұмырнамалық баян, танымдық, әдістемелік, ғылыми және басқа да шығармашылық еңбектерді дайындап беріп, полиграфиялық өнімге дейінгі барлық баспа-полиграфиялық процестерді жүзеге асырды. Үйлестіруші-менеджері – Еркін Досымбай.
Жаңа заман талабына сай бейімделу мақсатында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аймақтық ақпараттар қызметі 2004 жылғы 1 наурызда құрылды. Облыстың әрбір қаласы мен ауданында меншікті тілшілер келісімшарт бойынша жұмыс істей бастады. Осының нәтижесінде оқырман енді бүгінгі ауыл-аймақтың басты оқиғалары мен жаңалықтары, өркенді істері мен көкейкесті мәселелері туралы дер кезінде мағлұмат алып тұратын болды. Газеттің жаңа қызметі ұйымдастырылғаннан бергі уақытта меншікті тілшілердің тұрақты да ырғақты жұмысы қалыптасты, аймақтарды түгел қамтитын ақпараттар алу жүйесі орнықты.
Газеттің аймақтық ақпараттар қызметі айына бір рет «Аймақ» қосымшасын шығарып тұрды. Бұл қалың көпшілікті облыстың әрбір аудан, қаласындағы елді мекендердің экономикасынан, мәдениетінен, жалпы бүгінгі өмірдің әр саласынан хабардар ететін материалдармен таныстыруға мүмкіндік берді. Аймақтық ақпараттар қызметі аудандар мен қалаларда күнделікті болып жатқан жаңалықтарға, оқиғаларға құрылған «ОҚ»-ның аймақтағы тілшілері хабарлайды» айдарын газеттің әрбір нөмірінде беруді дәстүрге айналдырды. «Аудандарда не жаңалық?», «Меншікті тілші хабарлайды» топтамалары да газет бетінен аптасына бір рет тұрақты орын алып тұрды. 
Жаңа техника газет редакциясының жұмысына жаңаша серпін берді. Редакция заманауи техникалармен жұмыс істейді. Компьютер орталығы газетті беттейтін, материалдар теретін компьютерлермен және принтер, сканер сияқты қажетті құралдармен толық жарақталған.
Шығармашылық қызметкерлер де жаңа техникалармен жұмыс істейді. Әр бөлім компьютермен қамтылған. Тілшілердің барлығы материалдарын өздерінің компьютерінде тереді. Цифрлы фотоаппаратты редакция алғашқылардың бірі болып қолданған еді.
Талмай ізденістің нәтижесінде оқырмандармен байланыс жаңа арнаға түсті. Қосымша қаржы табу мақсатында жарнама қызметі жанданды, сенімді серіктестер көбейді. Дем беретін демеушілер саны артты. Ежелден дәстүрге бай редакция ұжымы қайырымдылық шаралардан да қалыс қалған емес. Қазақша күресті де дер кезінде көтерген осы газет. Ұйымшыл шығармашылық қызметкерлер жалпы жұртшылық атап өтіп жүрген мерекелерді елеусіз қалдырған емес. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалған кезі жоқ. 
Газет қызметкерлері күнделікті қым-қуыт тірліктен қолдары босаған сәттері шығармашылықпен де айналысады. Кітап жазып, оқырмандарға ұсынып, олардан лайықты бағасын алып та жүр. 
Біз әңгіме етіп отырған он жылда редакцияның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайып, газет шығару ісі әлдеқайда жеңілдеді.
Сіз құрметті оқырман, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің әнұраны бар екенін білесіз бе? Әні белгілі композитор Құралай Сәтмұханбетованікі болса, сөзін талантты журналист Атанбек Наурыз әріптесіміз жазған.
Сөз соңында айтпағымыз, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Оңтүстік» бейнестудиясы «Шежіреге толы 80 жыл» атты деректі фильм түсірді. Атының өзі-ақ айтып тұрғандай, фильмнің өн бойында сексен жылды артқа тастаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің кешегісі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі әңгіме болады. Аталмыш картинаға редакцияның қызметкері Айгүл Қаппарова режиссерлік етсе, Нұрмахан Мұсатов монтажын жасаған. 
Осылайша ендігі жерде сексеннің сеңгірінен асқан шежіре тоқсанның тұғырына қарай бет түзеді. «Оңтүстікті» ұмытпай оқып тұрыңыздар, еш өкінбейсіз.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, 
журналист.
Пікір қалдырыңыз