Енді сот орындаушыларымен байланысудың қажеті жоқ
Соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының жұмысына қатысты халықтың шағымы көбейді. Сот орындаушысы жалғыз басты ананың ақшасын алып қойыпты, біреуді жалғыз баспанасынан күштеп шығарыпты, есепшоттарын бұғаттап қойыпты деген әңгімелерді жиі естіп жатамыз. Қайбір жылы Алматы қаласында 5 адамның өмірі қиылған қанды оқиғадан кейін сот орындаушыларының жұмысын реттеу мәселесі Парламентте көтерілген болатын.
Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтардың несие алуын төмендету және әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру бағытында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Осыған орай ҚР Әділет министрлігі «Цифрлық сот орындаушы» жүйесін іске қосты. Бұл жүйе азаматтардың 5 миллиард теңгеден астам қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бермек. Мұндай мүмкіндік Әділет министрлігінің бастамасымен жүзеге асқалы отыр.
Бұрын қарызды уақтылы төлемеген жағдайда азаматтар жеке сот орындаушының қызметі үшін айыппұл сомасына қосымша 25 пайыз көлемінде ақша төлеуге міндетті болатын. Енді азаматтар осы шығындардан және жеке сот орындаушысына барудан босатылады. Мәселен, азаматтар 20 АЕК-ке дейінгі сомадағы оңайлатылған өндіріске қатысты ақпараттар жайлы бұдан былай «EGOV Mobile» қосымшасыдағы 1414-тен SMS хабарламалар мен push-хабарламалар алатын болады.
Халыққа ыңғайлы болу үшін барлық тыйым салу шараларын автоматты түрде алып тастап, берешекті онлайн төлеу қолжетімді болмақ. Осылайша, адами фактор толығымен алынып тасталады. Мамандардың алдын-ала есептеулері бойынша жеке сот орындаушыларына төленетін қызмет ақысының 25 пайызын алып тастау есебінен жыл сайын азаматтардың қаржылық жүктемесі шамамен 5,5 млрд. теңгеге төмендейді деген болжам бар.
Осылайша енді сот орындаушыларымен байланысудың қажеті жоқ, барлық әрекеттер онлайн режимде жүргізіледі. Өндірісті тоқтату және қамауға алуды алып тастау үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ.
Айта кету керек, күнтізбелік 30 күн ішінде оңайлатылған іс жүргізу бойынша атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаған жағдайда, іс жеке сот орындаушысына берілетін болады. Одан кейінгі атқарушылық әрекеттер комиссияны өндіріп ала отырып, жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл жоба биылғы 18 қаңтардан бастап Тараз қаласы бойынша сынақтан өткізілгені белгілі. Бұл жоба азаматтардың ақшалай міндеттемелерін төмендету, қағаз тасудан толық бас тарту және атқарушылық іс жүргізуді орындау барысында оң нәтиже көрсеткен.
Д.ЖҮСІПОВ.