Оңай олжа опық жегізеді
Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Соңғы жылдары казино, карта ойнау секілді құмар ойындардың аясы кеңіп, жасты да, жасамысты да құрығына көптеп түсіре бастады. Алғашқы кезде адамдар ақша табу үшін емес, жай қызық үшін бәс тігіп көреді. Бірақ, құмарға бір кірген адамның ол жерден қайта шығуы екіталай. Оның жас талғамайтыны өз алдына, тіпті, адамның материалдық жағдайына да қарамайды. Өйткені, құмар ойынға бәс тігетіндердің барлығы бірдей қарапайым адамдар емес, олардың арасында танымал адамдар да, бай-бағландар да жетерлік.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 350 мыңдай лудомон бар екен. Өкінішке қарай, солардың басым көпшілігі – жасөспірімдер. Дәм-тұзы жараспаған 10 отбасының 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасады екен. Ол аздай, ойынқұмарлықтың кесірінен жасалатын қылмыс пен суицид оқиғалары да көбейген. Осы індеттің жай-жапсарын зерттеп жүрген сарапшы мамандардың айтуынша, құмар ойындар нарығы кейінгі жылдары жылжымайтын мүлік нарығын жолда қалдырып, жерлестеріміздің ең көп қаражат жұмсайтын «жетекші саласына» айналған.
Әрине, ойнап жүріп, от басқан жандардың барлығын бірдей ақылсыз деуге ауыз бармайды. Жоғарыда айтқанымыздай, байлығы бар адамдар да, жоғары білімді өмір көрген жандар да ойынхананың тұрақты клиентіне айналып жатқанын көріп жүрміз. Ондай адамдар дер кезінде өз-өзіне тоқтау салмаса, бүкіл дүние-мүлкін, көлігін тіпті, жалғыз баспанасын сатып, ақшасын құмар ойынға салады. Жақындарынан қарызға ақша алып, оны қайтармай жексұрын болады. Ұрлық-қарлық істейді. Ең соңында тақырға отырып, барар жері, басар тауы қалмағанда кейбіреулері қылмыс жасап түрмеге отырады не суицидке барады. Енді бірі «осындай жағдайға қалай түстім, қайтіп құтыламын?» деп арпалысқа түсіп, тығырықтан шығар жол іздейді.
Сондай тығырыққа тірелген жандардың бірі – Жалғас Оңдыбаев (аты-жөні өзгертіліп алынды – Ред). Ол онлайн-казиноға бір рет бәс тігемін деп оның басыбайлы «тұтқынына» айналған.
– Алғашында таныстарыма 100-150 мың теңге көлемінде қарыз болып жүрдім. Қайтаруға шамам келмегендіктен, бой тасалап жүруге тура келді. Кейін жұмысқа кіргенімде, қарызым тіпті миллиондаған теңгеге өсіп кетті. Әріптестеріме бұл жайында айтқан емеспін. Кейін банктерден жұмыс орныма хаттар келе бастағаннан кейін бір жерде ұзақ жұмыс істей алмайтын жағдайға жеттім. Бір ауылдың, бір әулеттің үміт күттірген баласы едім. Ақыры Астанаға қаштым. Онда жұмыс істеп жүріп те, ойынқұмарлықты бәрібір тоқтата алмадым. Букмекерлік кеңседе қонған күндерім көп болды. Қайыршының күйіне түстім. Бір күні қарным ашып отырып, «осы маған не жетпейді? Неге мен осындай күйге түстім?» деп көп ойландым. Ауылға барып, анама бар шындықты айттым. 27 жасқа дейін ойынқұмарлықпен өмірімді өткізгеннен кейін миллиондаған қарызымды жабу үшін құрылысқа жұмысқа кірдім. Шүкір, қазір 1 миллион теңге ғана қарызым қалды, – дейді кейіпкеріміз.
Психолог мамандардың айтуынша, кез келген тәуелділік адамға жағымды көңіл-күй сыйлау арқылы пайда болады. Ал, ойынқұмарлықтың жағымды тұсы – ұтыс. Қолында ұтқан ақшасы болмаса да, ол адамға үміт сыйлайды. Психологтар адамның құмар ойынға салынуының бірнеше себебі бар екенін алға тартады. Біріншісі – жалғыздық. Ойынхананың табалдырығын аттаған жан сол жерде уақытын өткізіп, ниеттес достар тауып, жалғыздығының орнын толтырғандай күй кешеді. Ойын барысында алған әсері оны қайтадан осы жерге алып келеді. Осылайша қалай тәуелді болып қалғанын өзі де аңғармай қалады.
Екінші себебі – адамның өз-өзіне көңілі толмауы. Отбасыда, жұмысында, достарының ортасында, жалпы өмірде жолы болмаған адам өзін құмар ойын арқылы көрсеткісі келеді. Ол жерде жеңіл жолмен қомақты пайда тауып, «жеңімпаз» болып шығуды көздейді. Қолына аз-маз ұтыс түскен сайын одан да үлкен қаражат ұтармын деп «қарыздың тұңғиығына» бата береді.
Үшіншісі – оңай ақша табу. Ешқандай тер төкпей, саусағын ғана қимылдатып отырып олжаға кенелу – олардың басты арманы. Төртінші себебі – адамның түрлі тәуелділіктерге оңай берілгіштігі. Мұндай жандар құмар ойынның «дәмін» бір татып көрсе, оған қайта айналып келуі әбден мүмкін. Сонымен қатар түрлі психикалық ауытқушылықтар да ойынқұмарлыққа итермелейтін себептердің бірі.
Өткен айда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған.
Қалай айтсақ та, құмар ойынға құнығып, жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтыны анық. Ақша қаншалықты оңай жолмен келсе, солай оңай кететінін естен шығармаған абзал. Сондықтан нәпақаңды адал жолмен, жейтін наныңды маңдай теріңмен тапқанға не жетсін?!
Inkognito_02
Если хотите зарабатывать, тогда разберитесь с определениями и терминами, как получить бонусы изучайте статистику, просматривайте матчи, отслеживайте новости и тд. Желательно хорошо разбираться в каком-либо виде спорта. Мне удобно делать онлайн ставки в бк https://bukmeker.com/ на этом сайте. Вывод денег быстрый, выплачивается с использованием тех средств платежа, с помощью которых совершалась ставка.