Психологтар қағазбен емес, оқушымен жұмыс істеулері керек

Алмас есімді алтыншы сынып оқушысы туралы әңгіме айтайын деп едім. Ол сабақтан кейін үйге келе салып, смартфонда ойын ойнауға асығады. Бұл құмарлығы оның сабағына кедергі келтірмегенімен, ата-анасы уайымдай бастады. Олар Алмастың ойынға тым көп уақыт жұмсайтынын байқап, мектеп психологына жүгінеді.

Психолог Алмастан ойындарға неге сонша қызығатынын сұрайды. Алмас «ойында мен кез келген нәрсені басқара аламын. Өмірімде ондай мүмкіндік жоқ сияқты» деп жауап береді. Үңіле білген адамға бұл сөздердің астарында терең ой жатыр. Алайда, психолог оған ойын уақытын шектеп, бос уақытын тиімді пайдалануды ғана ұсынады. Былай қарағанда психологтың мұнысын дұрыс емес дей алмаймыз. Дұрыс. Дегенмен, негізгі мәселе, яғни Алмастың ішкі әлеміндегі қақтығыстар назардан тыс қалып қойды. 
Уақыт өте келе Алмастың ұйқысы бұзылып, сабағы нашарлады. Осының барлығы баланың проблемаларын өзі шеше алмауынан және оған қажетті психологиялық қолдаудың дер кезінде берілмегендігінен туындады. Бұл мыңдаған баланың өмірінен алынған бір ғана мысал. Бүгінде мектептерде психологтардың саны аз. Ал, олардың жұмыс ауқымы кең. Сол себепті де әр балаға жеке-жеке көңіл бөле алмайды. Алмас сияқты балалардың бойында жиналған стресс пен ішкі қақтығыстар уақытында шешілмесе, оның соңы неврозға әкеліп соғады. Ең қауіпті жері де осында. 
Сондықтан мектептерде психолог мамандарды көбейтіп, олардың жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Әр балаға жеке-жеке көңіл бөліп, олардың проблемаларына зерттеу жүргізіп барып, нақты шешімдер ұсыну керек. Біз сонда ғана  оқушылардың психикалық денсаулығын сақтап қалуға қол жеткізе аламыз. 
Мектеп психологтарына қағазбен емес, оқушымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Қазір білім ұяларындағы санаулы психологтардың уақыты сауалнама алып, сараптама жасаудан артылмай жүр. Мардымсыз жалақының да жапырып жұмыс істетпейтіні рас. Демек, бұл мәселеде ойланатын жайлар көп...

Жансая ШОРАБЕКОВА, 
Р.Исетов атындағы №20 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. 
Түркістан қаласы.
Пікір қалдырыңыз