Шәкірт жүрегіне жол тапқан
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғұлама ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, бәрі-бәрі ұстаздан білім алған, тәлім үйренген. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз тәрбиесі мен өнегесі шәкірттің болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, қандай қиын сынақ кездессе де алған бағытынан таймасы анық. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан мұғалімдік мамандықты таңдауды жүректің батырлығы десек, қателеспейміз. Осындай білікті де білімді ұстаздардың бірі әрі бірегейі – Зағрипа Сейдахметова.
Зағрипа апай 41жылдық еңбек өтілімен Мақтаарал ауданындағы «О.Бапышев атындағы №8 жалпы білім беретін мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Санаты – педагог-шебер ұстаз. З.Сейдахметова білім саласының нағыз хас шебері болғандықтан, шәкірттері республикалық, облыстық, аудандық ғылыми сайыстар мен пән олимпиадаларында жүлделермен оралып, ҰБТ-да да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік грант иегерлері атанып жүр. Бұл – үлкен ізденіс пен көп жылдық еңбектің жемісі.
Зағрипа Мақсұтқызы биыл «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бұл ұстаз үшін зор құрмет. Отбасында асыл ана, адал жар Зағрипа Сейдахметованың ұжымда абырой-беделі ұшан-теңіз.
Әбдіразақ СҮЛЕЙМЕНОВ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Мақтаарал ауданы.