Ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Ana tili» газетіне берген сұхбатына орай  таяуда Төлеби аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиелеу жүйесіндегі  ұлттық құндылықтардың рөлі» атты ғылыми конференция өтті. Оған елімізге танымал ғалымдар, ұстаздар, депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияға аудандық білім бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бекайдар Тойлыбаев модераторлық етті. 

Иә, бала тәрбиесі – көкейтесті мәселе. Жаһандану дәуірі,  жаңа технологияның жаңалықтары жалпы қоғамға пайдасымен қатар зиянын да тигізіп жатқандай. Осындай өзгерістерге орай ықылым заманнан бері қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ата дәстүріміз бен салт-санамызға шабуыл да үдей түскен. Кітаптың орнын смартфон мен гаджет басты. Ата-ананың орнын әлеуметтік желі, тәрбиені тик-ток алмастырып жатқандай. Әсіресе, өскелең ұрпақтың жайы алаңдатпай қоймайды. Ұлттық құндылықтардан бірте-бірте алыстап бара жатқан секілдіміз. Енді қайтпек керек?
Мінбеге алғаш көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай комиссиясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев өз ойларын ортаға салып, жиналғандарды ашық пікір алмасуға шақырды. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы Шырынбек Оңғаров конференцияға ZOOM платформасы арқылы онлайн қатысып, ұлттық құндылықтар  тек өткеннің мұрасы емес, болашақты қалыптастыратын іргетас екеніне айрықша тоқталды. Ал, Ұлыбритания еліндегі жерлесіміз, педагогика ғылымдарының докторы Зәуре Қабылбекова  конференцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында облыстық мәслихат депутаттары Ғалымжан Елшібай, Дулат Әбіш,  экономика ғылымдарының докторы, профессор, Шымкент университетіне қарасты экономика институтының ректоры Саттар Қуашбай,  Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Қуандық Ералин, «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының бас директоры Бәтеш Айтбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Сайрам ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп директоры Болаттемір Алтаев және басқалар сөз сөйледі.
Конференцияда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылған мәселелерді  басшылыққа ала отырып, ғалымдар мен жалпы білім беретін мектептердегі ұстаздар арасында оқу-тәрбие ісін жандандыруға байланысты өзекті тақырыпты қозғайтын осындай конференцияны жылда өткізуді дәстүрге айналдыру мәселесі айтылды. Отан үшін қаза тапқан жауынгерлерді ұмытпай, қаһарман ерлердің рухына тағзым ету мақсатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру ұйымдастырылатын болды. Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтар мен тұлғаны қалыптастыруда облыстық тарихи өлкетану музейіне оқушыларды экскурсияға апару, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында және білім алушылардың кәсіптік бағдар алуына қолайлы жағдай жасау үшін жоғары оқу орындарымен меморандум түзілмек.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.    

Пікір қалдырыңыз