Ағарту саласы: бағындырар белестер әлі алда
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Дүние жүзіндегі қай мемлекет болмасын білім беру саласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың негізгі тірегі деп санайды. Сәйкесінше біздің елде де осы бағытқа басымдық берілген. Соңғы жылдары ел педагогтары дамыған шет мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасып қайтуда. Жалпы, білім беру саласында жаңалық та, жетістік те көп. Осы ретте Түркістан облысындағы білім саласына шолу жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарды оқырман назарына ұсынбақпыз.
Қазіргі уақытта өңірдегі 1082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Мектептердің 915-і мемлекеттік болса, 167-сі жекеменшік. Өткен оқу жылында 31 367 түлек мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырған 24 538 талапкердің 19 126-сы жоғары оқу орнына, оның ішінде 11 044-і грантқа түскен. 1617 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, 2400 оқушы «Үздік аттестат» алған. Осылайша «Алтын белгіге» бітірген оқушылар саны 13,9 пайызға көбейген.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетовтің айтуынша, әрбір оқу жылының соңында білім деңгейі ең төмен 100 мектепті электронды журнал арқылы анықтап, тек сол мектептерге арналған мақсатты жұмыс жоспары әзірленеді. Қажетті қаржы қаралып, әдістемелік және менеджменттік көмек ұйымдастырылады. Аталған жұмыстар өңірдегі білім сапасының көтерілуіне ықпал ететін көрінеді. «Bolashaq» халықаралық бағдарламалар орталығы акционерлік қоғамымен және жоғары оқу орындарымен меморандум түзіліп, оқушыларға жүйелі кеңес беру мәселесі жолға қойылған.
Цифрландырудан ұтарымыз көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуға қатысты бастамаларының ішінде арнайы пәндерге арналған кабинеттер ашу да бар. Бүгінде облыстағы 826 мектепте 2 201 арнайы пән кабинеті жұмыс істеп тұр. Оның 1 256-сы модификацияланған. Облыстағы 913 мектепте 841 кітапхана жұмыс істейді. Биыл облыстық бюджет есебінен мектеп кітапханалары үшін 1 522 107 дана оқулық, 118 359 дана көркем әдебиет сатып алынған. Облыс әкімдігі тарапынан жалпы білім беретін мектептердің электронды платформаларға жазылуы үшін бір көзден келісімшартқа тұру жұмыстары да жүргізілген. Келісімшарт аясында барлық мемлекеттік білім беру ұйымы мен барлық педагогтар, әдіскерлер, оқушылар мен ата-аналар мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі аясында «Bilim Class», «BilimLand.kz», «iTest.kz», «iMektep.kz», «OnlineMektep», «Mektep.Smartnation.kz», «Jumys.Smartnation.kz», «Basqarma.Smartnation.kz» сынды білім беру ресурстарының оқу материалдарына қол жеткізіп, тегін пайдаланып жатыр. Ал, цифрландыру бағыты бойынша биыл 1-6-сыныптарды, 2025 жылы 7-11-сыныптарды толықтай электронды оқулықпен қамту жоспарланған. Цифрландыру жұмыстарының бір ұтымды тұсы – білім беру жүйесі толықтай отандық электронды жүйеде жұмыс істеп, негізгі пәндер бойынша 30 мыңнан аса тегін интерактивті сабаққа, түлектерге арналған 100 мыңға жуық тегін тестке қол жеткізілген. Жалпы, алдағы екі жыл ішінде барлық мектеп жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылып, облыстың орта білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары аяқталады. Қазіргі уақытта өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Олардың 518-і – «Қазақтелеком» АҚ, 394-і – «ТрансТелеком» АҚ, 2 мектеп – радио көпір және 1 мектеп – KAP-технологиясын қолданып жатыр. Бір атап өтерлігі, биыл мектептердегі интернет жылдамдығын күшейту жұмыстарына білім саласы бойынша үнемделген қаржы жұмсалып, 330 нысанға «Starlink» құрылғысы орнатылған.
Жаңғырту жобасы қалай жүзеге асады?
Өңірдегі мемлекеттік мектептердің 791-і типтік, 124-і ыңғайластырылған, оның 29-ы саманды ғимаратта орналасқан. Биыл бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған. Олардың 21-і «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен, 35-і жеке қаржы есебінен салынып жатыр. Бүгінде облыста бюджет есебінен 5800 орынды 27 мектеп салу керек. Сондай-ақ, 7200 орынды 17 мектепті мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салу жоспарланып отыр екен. Жалпы, 2025-2027 жылдар аралығында 13000 орынды 44 мектеп бой көтереді деп күтілуде. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі 1 300 мектепті жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Тиісінше, мектептерді жаңғырту жобасына Түркістан облысындағы 115 мектеп енгізілген. Одан бөлек, 193 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар толығымен атқарылған.
Жандос Маханбетовтің сөзіне сүйенсек, облыстағы 1 279 мемлекеттік білім нысанының 43-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 1 236-сы автономды қазандықтар арқылы жылытылады. Осы орайда биыл 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауыстырылған. Бұл жұмыстар да білім саласынан үнемделген қаржы есебінен жүргізіліпті. Келер жылы тағы 100 мектепте осындай жұмыстар жүргізілмек. Оларға да үнемделген қаржы жұмсалатын көрінеді. Сондай-ақ, биыл 450 мекемеге 79 мың тонна көмір сатып алынса, 2025 жылы сатып алынатын көмір көлемі 65,7 мың тоннаны құрап отыр. Яғни 100 мекеме газға қосылса, қажетті көмір көлемі 15 мың тоннаға азаяды.
Сөз басында айтқанымыздай, бірер жылдан бері еліміздегі мектептерде қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соған сәйкес, 915 мемлекеттік мектептің 719-ындағы бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығына қосылған. Қалған білім беру ұйымдарын да осы орталыққа қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі оқушы саны 700-ден жоғары 283 мектеп лицензияланған күзет қызметімен қамтылу қажет болса, қазір 316 мектепте күзет қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Яғни жоспар артығымен орындалған. Сонымен бірге 264 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымына бейнебақылау сатып алу үшін қаржы толық бөлінген, 1119 жекеменшік балабақшада да тиісті жұмыстар жүргізілген.
– Жыл сайын балаларды жазғы сауықтырумен қамту іс-шаралары жүргізіледі. Биыл бір бала үшін 10 күндік жазғы сауықтыру ақысы 60 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе қымбаттады. Балаларға 30 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Бүгінгі таңда «Тау самалы» лагерін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің балансынан облыс әкімдігінің балансына алу жұмыстары жүргізілуде. Министрдің келісімі алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылдың мамырына дейін аяқталуы тиіс. Жоспар жүзеге асқан жағдайда 2025 жылдан бастап балаларды жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтудың басым бөлігін мемлекеттік лагерьлерде ұйымдастыратын боламыз. Қазіргі көрсеткіш бойынша 217 елді мекенде тұратын 17 081 бала мектепке тасымалданады. Осы орайда былтыр барлық тасымалдау талаптары сақталған 101 жаңа мектеп автобусы лизинг тәсілімен сатып алынған еді. Солардың 71-і биыл наурызда мектептерге үлестірілсе, қалған 30-ы балаларды қорғау күнінде берілді. Жалпы тасымалдау жұмыстарына 101 жаңа автобус, 23 мектеп балансындағы автокөлік, мердігерлер балансындағы 88 көлік жұмылдырылған. 2025 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы лизинг әдісімен 65 автобус сатып алу жоспарланып отыр, – деді Ж.Маханбетов.
Түркістан облысында 50 колледж бар болса, оның 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Бұл колледждерде 73 мамандық бойынша білім беріледі және бұл мамандықтар 122 біліктілікті қамтиды. Жалпы, өңірдегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 3355 педагог қызмет атқарады. Қазіргі таңда облыс колледждерінде 40 691 студент білім алып жатыр. Олардың 29 135-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданған. Биыл 23 мемлекеттік және 6 жекеменшік колледж бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілді.
«Жайлы мектеп» – жасампаз мектеп
Білім саласына тоқталған кезде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын айтпай кетуге болмас. Себебі, аталған жоба қалға алынғалы Түркістан облысында барлық қажеттілікпен қамтылған 29 мектептің құрылысы басталған. Жандос Маханбетовтің айтуынша, 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға берілген «жайлы мектеп» саны 13-ке жетеді. Қалған 16-сы 2025 жылы ел игілігіне беріледі.
– «Жайлы мектепте» оқитын оқушыларға арнайы талаптар қойылмайды. Кәдімгі мектептер деңгейінде жұмыс жүргізе береді. Келешекте барлық мектеп осындай мектептер деңгейіне жеткізіледі. «Жайлы мектептер» бала санына байланысты 4 спорт залмен, 500 орыннан астам акт залмен, бір мезетте 500-ге жуық баланы қабылдай алатын асханамен қамтылған. Бұл мектептердегі кітап қоры да бай болады және арнайы пәндік кабинеттер жұмыс істейді. Сонымен бірге денсаулығында кінәраты бар оқушыларға арналған инклюзивті сыныптар да жұмыс істейді. Жылдамдығы жоғары интернет жүйесі орнатылады. Қауіпсіздікке қатысты жүйенің барлығы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, «жайлы мектептерде» мұғалімнің сапалы білім беруіне, барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасалған. Ал, директорлар және олардың орынбасарлары Оқу-
ағарту министрлігі тарапынан құрылған кадр резервіне бірнеше сынақтан сәтті өту арқылы енген мамандардан іріктеледі. Өзге де мамандарды облыстық білім басқармасынан құрылған арнайы комиссия құжат тапсырған адамдар арасынан қабылдайды, – деді Жандос Маханбетұлы.
«Жайлы мектептің» қаншалықты қолайлы екендігін өз көзімізбен көру үшін Түркістан қаласында осыдан біршама уақыт бұрын ашылған №32 жалпы білім беретін мектепке бардық. Расында, заман талабына сай салынып, қажетті құрал-жабдықтың барлығымен қамтылған білім ұясының айрықша аурасын сезіндік.
– Мен осы «жайлы мектептің» келесі жылғы түлегімін. Мектептің ашылғанына аз ғана уақыт болса да, бұл ғимаратты екінші үйімдей сезініп үлгердім. Мектебіміздің ең басты ерекшелігі – тең дәрежеде білім беру және заманауи технологиялармен жабдықталуы. Менің ойымша, «жайлы мектептің» оқушыларға берері көп. Мектебімізде озық технологиялар, білім алуға деген қажеттіліктің барлығы бар. Қысқа мерзім ішінде түрлі үйірмелер іске қосылып, оқушыларды жан-жақты дамытатын ұйымдар жұмысын бастап кетті. Замандастарыммен бірге түрлі жетістіктерге де қол жеткізіп үлгердік. Бұл айтқандарым бізге мектебіміз беріп жатқан мүмкіндіктердің бір бөлігі ғана. Мысалы, бірер күннің ішінде тағы бірнеше үйірме іске қосылып, театр клубы ашылмақ. Сондықтан «жайлы мектеп» – білім беру орталығы ғана емес, шексіз мүмкіндіктер алаңы, бұл – оқушы жылу сезіне алатын орта, барлық мейірімін төгіп білім беретін ұстаздары бар жүректе қалар жайлы орын, – дейді 10 «А» сынып оқушысы Әлия Жамалхан.
Сонымен қатар, өңірдегі педагогтардың шет мемлекеттерде білім-білігін жетілдіруге мол мүмкіндіктер берілуде. Мәселен, 2023 жылдың аяғына дейін 300-ге жуық мектеп мұғалімі Түркияға барып, тәжірибе алмасса, колледждердің педагогтары Австрия, Германия және Франция мемлекеттерінде тәжірибе жинақтаған. Ал, биыл мектеп ұстаздары Жапонияда білімдерін жетілдіріп қайтса, колледж қызметкерлері Франция мен Өзбекстанның тәжірибесін меңгерген. Алдағы уақытта тағы жүздеген мұғалім Сингапур мен Татарстанда IT саласының қыр-сырына қанығып, негізгі пәндерді тереңдетіп оқыту және шеберлікті шыңдау курстарына қатысатын болады. Ең бастысы, білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарға министрлік пен облыс әкімдігі қолдау көрсетуден танған жоқ. Сондықтан өңірдегі білім беру саласы әлі талай белесті бағындырады деп үміттенеміз.