Жүйелі жұмыстар атқарылуда
Бүгінгі күннің негізгі мәселелерінің бірі – білім беру, ғылымды дамыту. Себебі, өркениет атаулының өзегі білім, ғылым мен тәрбие екендігі ақиқат. Осы орайда Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес «Отырар» жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, 2013-2024 жылдар аралығында 271 оқушы осы білім ұясынан түлеп ұшып, оның 218-і мемлекеттік грант иегері атанды және 22 бітіруші түлек жеңілдік квотасымен жоғары оқу орындарында білім алды. Қазіргі таңда сол шәкірттер түрлі салаларда қызмет атқарып, бірқатары білімдерін шетелде жалғастырып жатыр. «Бүгінгі шәкірт – ертеңгі дос, үзеңгілес әріптес» демекші, туған жерге ту тігіп, өздері білім алған мектепте ұстаздық етіп жатқандары да бар. Мектебімізде білім сайыстарына қатысып, білмекке құмарлығын арттырып, ақылы мен күш-жігерін шыңдап жүрген оқушылар да баршылық. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында С.Базарбай, М.Уәлихан, Ғ.Сейітберген, А.Жұмабек, А.Әбілдахан, Н.Арысбек сынды шәкірттеріміз республикалық пәндік олимпиадалардың облыстық кезеңінде жүлделі орындарды иеленді.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану негізгі талаптардың біріне айналды. Осы орайда жуырда ғана аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаевтың ұйытқы болуымен мектебіміздегі Stеam-кабинетке 3 дана Led панель, Ultimate 2.0 жабдығы мен 3 дана заманауи баспа құралы берілді. Бұл әрбір білім алушының, педагогтың және білім беру ұйымдарының оқу үрдісін жетілдіру үшін қажет. Сондықтан аудандық білім бөлімі тарапынан мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту, мұғалімдерге қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.
Соңғы үш жылдық талдамадан мектебіміздегі білім сапасының көтерілгендігін аңғарып отырмыз. Осы ретте бұлай ілгерілеуге облыстық білім басқармасымен бірлескен Педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төрағасы, академик Асқарбек Құсайыновтың «Орта білім беру сапасын ғылыми-практикалық негізде көтеру» атты тұжырымдамасы тікелей әсер етіп, тиімділігін көрсетіп жатқанын айта кету керек.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш. Бұл үрдіс бірінші кезекте мектеп қабырғасынан басталады.
Керімбек Асылбеков,
«Отырар» жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.