Ғалымның хаты өлмейді

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Арыс қаласының Қаражантақ ауылындағы Бейсенбай Кенжебаев атындағы мектепте ғалым, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың 120 жылдығына орай «Тағдыры бөлек, тағлымы ортақ тарлан» атты ғылыми-практикалық  конференция өтті. Оның жұмысына мектеп ұстаздары, оқушылар, Арыс және Ордабасы аудандарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, мектеп директорлары, сондай-ақ, қала, аудан әкімдігі мамандары, мәслихат депутаттары, журналистер, ғалымның ағайын-туыстары мен ұрпақтары қатысты.

Ғалым есімі берілген мектептің акт залы ерекше безендіріліпті. Онда Алаш ардақтыларының, «Сарыарқа самалы» газетінің алғашқы редакторларының суреттері ілінген. Конференцияда алдымен Бейсенбай Кенжебаев туралы деректі фильм көрсетілді. Онда көрнекті ғалымның атақты шәкірттері Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева, Құлбек Ергөбек, Қабиболла Сыдиықұлы, Жанғара Дәдебаев жайлы да айтылады. Олардың арасында Мырзатай Жолдасбеков, Құлбек Ергөбек, Жанғара Дәдебаев ұстаздары Бейсенбай Кенжебаев жайлы жылы естеліктерімен бөліседі.  
Жиында мектеп оқушыларының қатысуымен ғалымның балалық шағы мен еңбекке алғаш араласқан сәтін суреттейтін сахналық көрініс қойылды. Оқу ордасының күні бүгінге дейінгі басшысы, жуырда ғана қызметін басқа мектепке ауыстырған Бибіажар Басқарова, Арыс қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Жанар Асылбекова 120 жылдығы аталып өтіп отырған көрнекті ғалымның өмірінен деректер келтіріп, оның ұлт руханиятына, ғылымға қосқан сүбелі үлесі жайлы сөз қозғады. 
Ал, пән мұғалімдері көрнекті әдебиеттанушының еңбектерін, өмір жолын, шәкірттерін қамтып арнайы баяндамалар дайындаған. Іріктеу комиссиясы олардың ең үздіктерін таңдап алып, конференцияның екінші бөліміне баяндама ретінде ұсынды. Ұстаздар Бейсенбай Кенжебаевтың ғылымға сіңірген еңбектерін, монографияларын атап өтсе, журналистер қауымы ғалымның журналистикадағы еңбектеріне тоқталды. Атап айтқанда, «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет атқарғанын, одан кейін 28 жасында «Оңтүстік Қазақстан» (1932-1934) газетінің редакторы болғанын, тіпті кеңестік дәуірдің қылышынан қаны тамып тұрған уақытта газеттің «Ленин жолы» атауын «Оңтүстік Қазақстанға» өзгерткенін, ұлт руханиятына осылайша қалтқысыз еңбек сіңіргенін атап өтті. Б.Кенжебаев кейін «Социалистік Қазақстанда», басқа да газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор, ал, 1938-1941 жылдары «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостарында» аудармашы, 1941-1944 жылдар аралығында Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген. 1961 жылдан ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі, 1975-1987 жылдары осы университетте профессор болған. 
Мектепте сондай-ақ ғалым Бейсенбай Кенжебаевқа арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Одан бөлек, әдебиеттанушы ұстаздың жеке заттарынан құралған шағын музей іспеттес арнайы бұрыш жасалыпты. Үлкен тақта қабырғаға шәкірттерінің суреттері де ілініпті. Конференцияда сөз сөйлегендер болашақта көрнекті ғалымға музей ашу жайлы ұсыныстарын жеткізді.      

Пікір қалдырыңыз