Педагогтар тәжірибе алмасты

Тамыз кеңесі қарсаңында Түркістан қаласында «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында секция жұмыстары өтті. Алқалы жиында 26 секция ұйымдастырылды. Кеңеске облыстың әр аймағынан келген 1000-ға жуық педагог қатысты. Басқосуда әртүрлі бағыт бойынша спикерлер баяндама оқып, өзара тәжірибе алмасты. 

Конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды. 
Баршаға қолжетімді әрі сапалы білімді талқылаған жиында мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары, цифрлық білім беру ресурстары – білім сапасын арттыру құралы, заманауи білім берудегі Lesson study тәсілі көрсетілді. Біртұтас тәрбие – құндылықтар шыңы бойынша құнды ақпараттар айтылды. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында әдістемелік жұмыстың заманауи жүйесін қалыптастыру тәсілдері» мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа тенденциялары сөз болды. 
Сынып жетекшілері бала құқығындағы цифрлық сауаттылығын дамыту бойынша тәжірибелерін ортаға салып, мектеп оқушыларының психологиялық әрекетінің семиотикасы мен мәдениеті, білім беру ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыру, балалар кітапханасы – оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде баяндады. 
Айта кетейік, секциялық отырыстың мақсаты – оқушылардың ойлауын қалыптастыруда компьютерлік сауаттылықты, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, заманауи талаптарға сәйкес жан-жақты даму мен оқытуға жәрдемдесу, табысты тәжірибе алмасуға бағытталған.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз