Айтжанов «еркек тоқты құрмалдық» па?

Ерболат АЙНАБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».


Париждегі Олимпиаданың аяқталғанына да екі аптадай уақыт болды. Қазақстан атлеттері ойындарды 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен қорытындылағаны белгілі. Жалпы есепте біздің құрама 43-орынға жайғасты. Қазақстандық жанкүйерлер күткен нәтиже бұл емес-тін. Әсіресе, әр Олимпиада сайын кемі 2-3 жүлде алатын боксшыларымыз бен жеңіл атлеттердің жолына үмітпен қарағандар көп болды. Өкінішке қарай, бокстан ерлер құрамасы 1 күміс жүлдемен шектелсе, жеңіл атлеттер бірде-бір жүлдеге іліне алмады. Бір қызығы, Олимпиада ойындарынан кейін боксшылардың ғана бапкерлері қызметтен шеттетілді. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов пен бапкерлік құрамдағы барлық жаттықтырушылар орындарын босатты.

Мырзағалиың көп пе еді?..

Мән-жайға қанығу үшін Мырзағали Құланұлына телефон шалғанбыз. Ол өзінің бас бапкерлік қызметтен кеткенін телефон арқылы естігенін, ресми жиынның болмағанын айтты. Расымен де, Қазақстан бокс федерациясының Олимпиада қорытындысы жайлы жиналыс өткізгенін естімедік. Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлік құрамның қызметтен босатылғаны туралы хабарды әлеуметтік желідегі парақшалардан көріп-білдік. Сонда Мырзағали Айтжанов әлеуметтік желі арқылы қоштаса салатын көп бапкердің бірі ме еді? Бокстан Қазақстан құрамасының халықаралық додалардағы жарқын жетістіктерінің басында Мырзағали Айтжанов тұрмап па еді?! Қазақтың қай бапкері дүние жүзі бойынша «Жылдың үздік бапкері» деген атақты екі рет алып еді?  Әлем боксының мүйізі қарағайдай марқасқаларының «Мырза аға» деп сыйлайтын бапкерге лайықты құрмет көрсетіп, шығарып сала алмағанымыз қалай?

Рас, боксшыларымыз Олимпиада ойындарында сәтсіз өнер көрсетті. Алтын жүлде ала алмады. Осыдан 3 жыл бұрын өткен Токио Олимпиадасында да біздің боксшылар алтын жүлдеден сырт қалған. Ол кезде ұлттық құраманы Ғалымбек Кенжебаев баптаған. Демек, бар кінә бас бапкерде емес. Боксшылардың Олимпиаданың алтын жүлдесіне қол жеткізе алмауына бас бапкерді ғана кінәлау дұрыс емес. Бұған федерация басшыларынан бастап тиісті министрлікке дейін жауап беруі керек.

Токио Олимпиадасынан бері үш жыл уақыт өтті. Осы 3 жыл ішінде елімізде Спорт министрі 4 рет ауысып үлгерді. Спорт министрлігінің атауы мен құрылымдық бөліністері туралы әңгіме қозғамай-ақ қоялық. Спорт – мемлекеттің халықаралық аренадағы айнасы десек, бұл саланың тізгінін ұстаған адамның әлемдегі беделі елдің Сыртқы істер министрінен кем болмауы тиіс деп есептейміз. Ал, Туризм және спорт министрі Ержан Маржықпаевтың есімін әлем түгілі еліміздің ішінде білетіндерден білмейтіндер көп. Мәселенің мәнін неге осыдан іздемейміз?!

Легионерлер

Егер Олимпиададағы сәтсіздікке жауапкерлерді табу керек болса, бокстан өзге спорт түрлері де жетіп артылады. Мәселен, кілең легионерлерден құралған теннистен ұлттық құраманың мүшелері елді жерге қаратты. Әйелдер сынында Олимпиада жолдамасын иеленген Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева дәл жарыс басталар алдында үйреншікті әдеттерімен сырқаттанып қалды. Сөйтті де Олимпиадада өнер көрсетуден бас тартты. Бір қызығы, Олимпиада аяқтала сала қос бойжеткен АҚШ-тағы жүлде қоры қомақты турнирге қатысты. Лена алғашқы айналымда жарыстан шығып қалса, Юлия Путинцева АҚШ-тың №1 теннисшісі Кори Гауфты жеңді. Айта кетейік, Гауф Олимпиада ойындарында жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдеге ие болған еді.

Олардан бөлек Александар Бублик пен Александр Шевченко жекелей сында алғашқы айналымда-ақ жарысты аяқтады. Ал, жұптасып өнер көрсетуде Бублик пен Недовесов бразилиялық теннисшілерден ұтылып, ауылға қайтты. Осылайша Ресейден келген 5 теннисшіміздің бірде-біреуі жүлдеге іліне алмады. Осындай сәтсіздікке ұшыраған Қазақстан теннис федерациясының басшылығы неге жауап бермейді? Теннистен ұлттық құраманың бас бапкері қызметтен кеткені туралы әңгімені де естімедік. Тым құрыса, ел алдына шығып, намыс биігінен табыла алмағаны үшін халықтан кешірім сұраған адам көрмедік.

Мұндай іс-әрекетті жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Дмитрий Карповтан да байқай алмадық. Әйтпесе, жеңіл атлетикадан ұлттық құрама ең сәтсіз Олимпиадаларының бірін өткізді. Парижге аттанған 8 спортшының бірде-біреуі медаль ала алмады. Олардың ішінде Кениядан бір дорба ақшаға алдырып, азаматтық әперген жүйрік қыздарымыз да бар. Шеттен келген легионерлердің жүлде алуын талап етуге қазақстандық жанкүйерлердің моральдық құқы бар. Ал, ұлттық құраманың сәтсіз өнер көрсеткені үшін федерация басшылығынан бастап, бас бапкер, жаттықтырушылардың бәрі жауап беруі керек.

Парижге аттанған атлеттердің арасында ең көбі – ескек есушілер болатын. Алайда, біздің ескекшілер Парижден алтын тұрмақ ағаш медаль да алған жоқ. Сонда олар Парижге қыдырып барып келді ме? Осы уақытқа дейін бұл спорт түріне де қыруар қаражат шашылды, нәтиже қане? Бас бапкер мен федерация басшысы неге есеп бермейді, неге үнсіз?

Дәл сол сияқты бірде-бір балуаны жүлдеге іліне алмаған еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовтың да ел алдына шыққанын көрген жоқпыз. Жүлде тұрмақ біздің балуандар жеңістің не екенін біле алмай, Париж кілемімен қоштасып жатты. Бұл үшін Мадияр Құрамысовты ешкім Мырзағали Айтжановты жерден алып, жерге салғандай жазғырған жоқ. Бір күміс әкелген Айтжанов бір-ақ күнде айкәпір атанып шыға келді. Демек, рингтің ішіндегі жекпе-жектен оның сыртындағы жекпе-жек әлдеқайда тартысты өткен болып тұр ғой...

Әйтпесе, Париж Олимпиадасы жалғыз бокстан өткен жоқ қой. Келесі Олимпиадада бокс ойындар тізімінен алынады деген әңгіме де арагідік айтылып қалып жатыр. Ондай жағдай орын ала қалса, онда Олимпиададағы сәтсіздікке кімді кінәлаймыз?

Олимпиададағы сәтсіздік үшін Туризм және спорт министрі Ержан Маржықпаевтан бастап, әртүрлі деңгейдегі федерация басшылары есеп беруі тиіс. Спортқа бөлінген қаржы қайда, қалай жұмсалды? Ұлттық құрама мүшелерінің дайындығы қалай өтті? Барлығына есеп берілуі керек. Әйтпесе, Лос-Анджелес Олимпиадасынан кейін де «біз бұл ойындардан сабақ алатын боламыз» деген әңгімені естиміз.

Пікір қалдырыңыз