Дыбыс және бейнежазу – сот ашықтығының белгісі
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» қоғамын құрудағы ең басты мақсаты – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін қалыптастыру. Сенімді қалыптастырудың бірнеше критерийі бар екенін ескерсек, солардың бірі – сот отырыстарының ашықтығы. Яғни сотқа деген қолжетімділік. Бұл тұрғыда Президенттің тікелей қолдауымен сот саласында ілкімді реформалардың жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.
Әсіресе, заманауи технологиялардың енгізілуі жаңа сот тәжірибесін қалыптастыруға жол ашты. Қазіргі таңда қағаз түріндегі құжат айналымының орнын толықтай электронды жүйе басты. Оған сот төрелігінің жүргізілуін, қабылданған сот актілері мәтіндерінің электрондық мұрағатын құратын, сот істерін компьютермен автоматты түрде бөлетін, құжаттарды бірыңғай есепке алатын электрондық құжат айналымы жүйесі дәлел. Соңғы жылдары сотқа жүгінушілер арасында оң көзқарас тудырған өзгерістердің бірі – сот мәжілістерінде дыбыс-бейне жазу құралдарының қолданылуы.
Тәжірибеде байқап жүргеніміздей, сот процесінің бейнежазбаға тіркелуі соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қатысушылардың да сотта өздерін барынша заңға сай ұстап, сотты сыйлауына ықпал етеді. Тараптардың сот отырысына тиянақты дайындалып келуіне де әсері зор. Сот процесін толығымен хаттамаға түсіру үшін оның барысы жан-жақты бейнетаспаға жазылады. Сондай-ақ, іс бойынша жазылған процесс бірден бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесіне тіркеледі. Бүгінде бұл озық технология сот мәжілісі хатшысының жұмысын жеңілдетуге септігін тигізуде.
Бір айта кетерлігі, іске қатысатын адамдардың барлығы сот отырысына келмеген жағдайда процесс бейнетаспаға түсірілмейді, яғни хаттама түзілмейді. Бұдан басқа жағдайда сот отырысы міндетті түрде бейнетаспаға түсіріледі. Одан кейін сот іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің өтінішхаты негізінде дыбыс-бейнежазба көшірмесін ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ, сот процестерін электрондық хаттамаға түсіруге мүмкіндік беретін бұл жүйеге сотқа қатысушылар «Сот кабинеті» арқылы шыға алады. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінушілердің сот әділдігіне деген күмәнін жояды. Өйткені, олар сот процесінің барысын, яғни ондағы мән-жайды өз көздерімен көріп, саралауға мүмкіндік алады.
Аудио-бейнехаттаманың тағы бір артықшылығы, сот отырысы хаттамасының сапасын арттырады. Бүгінде соттардағы отырыс залдары түгелдей дыбыстық және бейнебақылау қондырғыларымен жарақтандырылған. Сот саласына тағы бір жаңа технология енгізілді, ол – бейнеконференц байланыс жүйесі. Оның тиімділігі сол, осы байланыс арқылы қашықтан сот процесін жүргізуге, сұрақтар қоюға, жауаптар алуға болады. Яғни аудио-бейне жазуды тіркеу шеңберінде мәжіліс залдарын бейнеконференц жүйесімен жабдықтау – сот төрелігін алыстан жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мария КІШІМБАЕВА,
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі
ауданаралық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы.