Тектілік пен ептілік

Аман Жайымбетов, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ үшін «асылдың сынығы», «тектінің тұяғы» деген сөз таңсық емес. Тектілік жайлы тарқатып айтар болсақ, оның тамырын тереңнен іздейсіз. Біреулер бұл қасиетті адам бойындағы парасаттылықтың жиынтығы десе, сол жиынтық жастай алған тәрбиемен, күнделікті берілетін біліммен атадан – балаға, баладан – немере, шөбереге, шөбереден – шөпшекке  жалғасып кете береді. Ал, енді осы тектілікке ептілік қосылса, онда адам баласының орны қашанда төрде болады. 


Жасыратыны жоқ, қамшының сабындай қысқа ғұмырында адам баласы көп нәрсені армандағанымен, оның бәрі бірдей орындала бермейді. Яғни әрекеті болғанымен ептілігі жетіспей жатады. 

Боламын, толамын деген жан өз айналасында жүрген адамдардан көп нәрсе үйренуіне болады. Іскерлігімен ізетке бөленіп, қонақжайлылығымен құрметті болып, көпшілдігімен көзге түсіп жүрген кім бар? Мәселен, Әлібек ата Құдабаевты алайықшы... Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында тұратын, жасы сексенге таяған қариямен сыйласып жүргенімізге біраз жыл болып қалды. Ұзақ жыл ішкі істер саласында жұмыс істеген. Сол себепті шығар, бойынан тәртіптің, талаптың, жинақылықтың, жауапкершіліктің нышаны білініп тұрады. Құрметті еңбек демалысына шыққанына біраз жыл болса да қол қусырып қарап отырмай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін Әлібек атада әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған тектілік бар десек қателеспейміз.

«Біздің Айтымбет ата ұрпақтарынан Төреқұлұлы Құрбанәлі және Қадырұлы Мыңтай аталарымыз аты шыққан шабандоздар болған. Олардың тәжірибесін, мықтылығын бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Кезінде олардың атақтары Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Тәжікстанға  дейін жетіп жататын. Жүйрік аттары жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Ат баптау да үлкен өнер. Біздің қазақта «Ат шаппайды, бақ шабады» деген де сөз бар. Сол айтпақшы, бабы келісіп, бағы жанып, қазақтың рухын көтеріп, намысын қорғаған ата-бабаларымыздың өнерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек» дейді Әлібек ата.

Сөз реті келгенде аты аңызға айналған аталардың бірі – Ерубай қазы Сиқымбайұлы жайлы да  бірер ауыз айта кетейік. Иә, қазылардың қандай қызмет атқарғаны бізге тарихтан белгілі. Олар түрлі дау-дамайларды, ру ішіндегі арыз-шағымдарды шешуші тұлға. Қазылар адамдардың арыз-шағымын тыңдап, түйінді сөз айтарда әділдік пен шариғат заңдылығына сәйкес билермен бірге үкім шығару құқына ие. Міне, сондай қазылардың бірі ретінде Ерубай ата да зор құрметке ие болған. Бекабад ауданындағы жергілікті халық оны қазы етіп сайлаған екен. Шариғат қағидаларын жақсы білген, мұсылманша сауатты, әділ, кішіпейіл, көпшілікпен тіл табыса алатын адам болған деседі. «1900 жылдары «Хавас» деген жерден Қалғансыр ауылына бек, билер келіп, Ерубай атамызды сол лауазымға сайлайды. Ерубай ата қазы болып ширек ғасыр, яғни 25 жыл жұмыс істеген.  Оның төрт түлігі сай болған. Арнайы жүйрік аттары да болған екен» дейді Әлібек ата.

Өкінішке қарай, қазақ зиялыларына жабылған жаланың зардабы Ерубай атаны да айналып өтпейді. 1929 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, бас сауғалап қашып жүрген жерінен қолға түсіп, 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Бүгінде алып бәйтерекке айналған Құдабаевтар әулетін ауылдың үлкен-кішісі түгелге дерлік таниды десек, артық айтқандық емес. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Әлібек атаның тәрбиесін көрген балалары мен немерелері де өз алдына бір-бір кәсіпті меңгеріп отыр. Өзі жуырда қажылық парызын өтеп қайтты. 

Көнекөздердің айтуынша, Әлекеңнің әкесі Құдабай Бектұрғанұлы да елге сыйлы, сөзі өтімді кісі болған көрінеді. Сөзге шешен Құдабайды алыс-жақын таныс-білістері жиын-тойларға басшы сайлайды екен. Кейінгі 1950-1963 жылдар аралығында ол кісі қазақ, тәжік, өзбек тойларын басқарған. Әділ той басшылардың бірі болған. Сондықтан қай ауылда көкпар, той, жиын, ас болса көпшілік «Құдабай тойбасшы болсын, ол әділ шешеді, әрі қызықты етіп өткізеді» деп қолқа салатын болған.

Әлібек атаның айтуынша, одан арғы аталары да тегін адамдар болмаған. «Бектұрғанұлы Ақбай бабамыздың да атбегілігі жайлы аңыз көп. Ол кісі атты күтіп, баптағанда басқалар қызығады екен. Өзі де аттың құлағында ойнайтын шабандоз болған. Баптаған тұлпарлары бәйгелерде алдына қара салмаған оны әліге дейін айтып жүретіндер бар» дейді қария өзінің арғы тегі жайлы сөз қозғап. Әлібек ата адамдар міне, осындай дау шешкен, топ бастаған, той басқарған, ат баптаған текті әулеттің ұрпағы.

Бүгінде үйінің жанындағы «Ар-Рахман» мешітінің тазалығы мен бау-бақшасының күтімін өз мойнына алған Әлекең әрбір іс-әрекетін сауапқа негіздеп, елге болсын деген алғаусыз ниетпен атқарады.

Айтпағымыз, әрекеті бар адам үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Жастайынан жұмыс талғамай еңбекпен өскен Әлібек атаның өмірі бұған айқын дәлел. Тек, тектілік пен ептілікті қатар ұстанып, ынтымақ-бірлікті нығайтып, бақ-берекені уысыңыздан шығарып алмасаңыз, өмірдің өзі сіздің дегеніңізге қарай ыңғайлана береді. Әрі ізгі ниетті жандардың, имандылыққа жақын жүретін адамдардың өміріне, жұмысына Жаратушы Алла береке дарытып қоятын сияқты.

Ендеше, өз арамызда жүрген осындай өнегелі адамдардан үйренеріміз де, өзімізден кейінгі ұрпаққа үйретеріміз де көп болғай...

Пікір қалдырыңыз