Борышкердің ісі тоқтатылмайды

Әдетте, жарасымды отбасылардың иесі болып табылатын әкелер ұрпақ алдындағы міндетін ешкімнің айтуынсыз-ақ, өз жүрек қалауларымен орындайтыны анық. Ондай отбасыларда алимент төлеу мәселесі былай тұрсын, ондай сөз айтылмайды да. Ал, шаңырақ шайқалып, ерлі-зайыптылар ажырасып, отбасыдағы бала тәрбиесі ата-анасының біреуінің мойнына түскенде, алдымен бала құқығы ескеріледі. Ондай кезде баланың әке-шешесінің бірі өз ұрпағы алдындағы парызын өтемесе, онда ол сот шешімі арқылы міндеттеледі. Бала тәрбиесіне жұмсалатын барлық қаражатты сот шешімі арқылы өндіріп алу құқығы қарастырылған.

Соңғы кездері алименттік төлемдерді мәжбүрлеп өндіру мақсатында департамент тарапынан алименттен жалтарушыларға арналған заңнамалық шаралар қолданылуда. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі арқылы сот шешімінен қасақана жалтарып жүргендердің адымын аштыртпайтын тиімді тетіктер айқындалды.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, борышкердің жүрген жері белгісіз болған жағдайда, сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуы бойынша ішкі істер органдары немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және экономикалық тергеп-тексеру қызметтері арқылы борышкерді іздестіру туралы ұсыныспен сотқа жүгінуге міндетті. Бірақ, алимент өндіруді жүзеге асыратындай оның атында ешқандай мүлік тіркелмесе, іс жүргізу уақытша тоқтатылады. Борышкердің жүрген жері немесе оның дүние-мүлкінің бар екендігі анықталса, іс қайта жаңғыртылады. Бұл – заң  талабы. Өкінішке қарай, дүние-мүлкін жоқ деп көрсетіп, балаларына қаражатын қимай, қасақана қашып жүргендер де аз емес.

Сонда бауыр еті баласына қимаған дүниені не істейді десеңізші...


Жүсіп ҚАЙДАУЫЛОВ,

облыстық жеке сот орындаушылар палатасы 

басшысының орынбасары.

Пікір қалдырыңыз