Алтын жалатылған күміс...

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары да мәресіне таяп келеді. Осы аптада Қазақстан қоржынына 2 күміс, 1 қола медаль түсті. Бокстан әйелдер арасында Назым Қызайбай қола жүлдеге қол жеткізсе, ерлер арасында Нұрбек Оралбай күміс жүлдегер атанды. Тағы бір күміс жүлдені грек-рим күресінен Демеу Жадыраев салды.

Жасы 30-ға келсе де екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, 7 дүркін ел чемпионы Назым Қызайбайдың бұл алғашқы Олимпиадасы. Назым қыз жартылай финалға алқынбай жетті. Ақтық сынға жолдама берілер сында Қытай қызы Ю Вуға жол берді. Қарсылас та оңай боксшылардың қатарынан емес-тін. Оның да әлем чемпионы деген атағы бар. Үш раунд бойы қытайлық боксшы басымдық танытып, жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Ал, Олимпиада алтынын алсам деп келген Назым Қызайбай қола жүлдені қанағат тұтты.
Бокстан бар үмітіміз Нұрбек Оралбайға артылып еді. Ерлер бәсекесінде қазақ боксшыларының арасында финалға жеткен жалғыз Нұрбек Оралбай болды. Ол алдымен австралиялық Калуум Питерстің, одан соң әзербайжандық Мурад Аллахбердиевтің осал тұсын тапты. Жартылай финалда Доминикан Республикасының боксшысы Кристиан Пиналес күтіп тұрған. Осы жекпе-жекті Қазақстан жұртшылығы демін ішіне тартып отырып тамашалады. Себебі, аты беймәлім боксшы болғанымен Пиналестен кәдімгідей қауіп күтуге болатын. Ол алғашқы айналымда қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанды жеңіп кеткен. Осыдан кейін оған қауіптене қарағанымыз да рас. Алайда, ұлттық құрама бапкерлері Пиналеске қарсы дұрыс тактика қойған екен. Соны мінсіз орындап шыққан Нұрбек Оралбай ақтық сынға қадам басты.
Мұнда Нұрбекті Украина мықтысы Александр Хижняк күтіп тұрған. Токио Олимпиадасында Хижняк қарсыластарының бәрін төпелеп, алтын жүлдеге бара жатқан. Ақтық сында бразилиялық Вандерлей Перейраға да мүмкіндік қалдырмай жеңіп жатыр еді. Жекпе-жектің бітуіне санаулы секундтар қалғанда Хижняк күтпеген жерден нокдаун алып қалды. Ол нокдаун да жекпе-жектің тағдырына қатты әсер етпейтін. Алайда, Хижняк орнынан тез тұрамын деп бойын билей алмай, ұзақ тәлтіректеп қалды. Аяғына әзер тұрған Хижнякты көріп, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Алтын жүлде Перейраның уысында кеткен. Осы жолы Хижняк Токиода кеткен есені қайтаруға келіпті. Қарсыластарының бәрін жайпап, финалға еркін жетті. Ал, финалда біздің Нұрбек Оралбаймен кәдімгідей қырылысты десе де болады. Бұл жолы Хижняктің бағы басым болып тұр екен, америкалық арбитр бастаған төрешілер жеңіске украиналықты лайықты деп тапты. Осылайша Нұрбек Оралбай Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ел қоржынына тағы бір күміс жүлдені грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев салды. Ол 1/8 финалда колумбиялық Алексис Муньосты ойсырата жеңді. Ширек финалда осы салмақтағы мықтылардың бірі, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдов күтіп тұрған еді. Алғашқы кезеңде Махмұдов 1:0 есебімен алға шыққан. Екінші кезеңде де қырғыз балуаны әдіс жасап, 5 ұпай иеленген еді. Бірақ, біздің тарап қарсыластың ережеден тыс әрекет жасағанына шағымданып, бейнеқайталауға жүгінді. Нәтижесінде Ақжол Махмұдовқа берілген 5 ұпай қайтып алынды. Осыдан желпінген біздің балуан 3 ұпай иеленіп, жартылай финалға жолдама алды. 
Жартылай финалда тағы бір мықты балуан әзербайжандық Санан Сүлейменов күтіп тұрған. Алайда, біздің Демеу Жадыраев оның да осал тұсын тапты. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарының (грек-рим күресі бойынша) финалына шыққан үшінші балуан атанды. Бұған дейін 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко финалға шығып, чемпион атанса, Одан кейін Георги Цурцумия 2004 жылғы Афины Олимпиадасының ақтық сынына шыққан. Бірақ, 120 келідегі балуанымыз финалда сүрінген еді. 
Демеу Жадыраев ақтық сында жапониялық Нао Кусакамен белдесті. Алғашқы кезең біздің балуанның пайдасына шешілген. Алайда, екінші кезең бастала сала алға ұмтылған жапон балуаны ұпай қорын молайтып, чемпион атанып кетті. 
Олимпиада алдында Демеу Жадыраевтан ешкім жүлде күтпеген-ді. Тіпті, 34 жасқа келген балуанның мансабын аяқтап, орнын жастарға босатуы керектігін айтқандар да болған. Олимпиада жеребесі тартылған соң да Демеу Жадыраевты «жерлеп» қойғандар болды. Иә, шынымен де біздің балуан қиын топқа тап болды. Ширек финалда әлем чемпионымен, жартылай финалда әлемнің вице-чемпионымен жолы түйісті. Соған қарамастан бәрін жығып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Алтынға бергісіз күміс деп осыны айтуға болатын шығар?!

Пікір қалдырыңыз