Жемқорлықпен күресте ардагерлердің өзіндік орны бар

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Әр саланың өз ардагерлер ұйымы бар. Сол сияқты елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының да ардагерлер ұйымы біраздан бері тиімді жұмыс атқарып келеді. Бұрынғы қаржы полициясының, қазіргі  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен қаржылық мониторинг органдарының экономикалық тергеп-тексеру саласынан зейнеткерлікке шыққан азаматтар ардагерлер ұйымында ортақ мақсат, елдік мүдде үшін біріккен. 

Аталған ардагерлер ұйымы Оңтүстік жастарын адалдыққа шақырып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге әрдайым үндеп келеді. Негізгі бағыты да жемқорлықтан ада қоғам құруға, адал перзент тәрбиелеуге атсалысу екен. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жас кадрларды елінің жанашыр азаматы, патриоты болуға шақырады. 
Бүгінде бастауыш ұйымды осы саланың ардагері, запастағы қаржы полициясының полковнигі Серік Бейсалиев басқарады. Прокуратура мен қаржы полициясында ұзақ жылдар қызмет атқарған азамат зейнеткерлікке шыққан соң, 2020 жылдан бері ардагерлер ұйымының тізгінін қолға алған. Экономиканың дамуына кәсіпкерлік пен бизнес өкілдерінің үлесі көп, сондықтан олардың құқын қорғау құзырлы мекемелердің ғана емес, ардагерлер ұйымының да парызы дейді қоғамдық мекеме жетекшісі. 
– Бизнесті қорғау – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттарының бірі. Оның дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық сипаттағы кез келген әрекеттің жолын кесіп, алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударуымыз қажет, – дейді Серік Жамашұлы.
Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында 2023 жылдан агенттік бастамасымен «Бизнеске жол» жобасы қолға алыныпты. Жобаның негізгі міндеті бизнес ортадағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсету екен. 
Серік Жамашұлы бизнесті қорғаудың негізгі үш бағытын атады. Біріншіден, бұл бизнестің адалдығына ықпал ететін тұжырымдамалық шаралар. Екіншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу болса, соңғысы кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою болып саналады дейді. Ардагерлер ұйымы құқық қорғау саласына түрлі спикерлерді тарта отырып, лекциялар ұйымдастырып келеді. Оның жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, ішкі істер органдарының ардагерлерін қатыстыру үрдісі қалыптасқан. Жуырда ардагерлер ұйымы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы,  сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге қатысы бар тұлғаларды жедел тергеуде мол тәжірибесі бар генерал Владимир Нақысбаевты шақырып, лекция ұйымдастырды. Лекция Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының жеке құрамымен еркін әңгімелесу түрінде өтті. Келесі жиындардың біріне бұрынғы бас әскери прокурор, әділет генерал-майоры Әбдіқадыр Кәрім қатысса, тағы бірінде облыстық ішкі істер департаментін басқарған, полиция генерал-майоры Жеңіс Сұлтанов шақырылыпты. Тәжірибелі мамандардың жастарға айтары да, тағлымды естеліктері де аз емес. Сондықтан да олар айтқан әңгіме қызықты әрі зор ықыласпен тыңдалады.
– Жалпы, осындай басқосуларға, құқық қорғау саласындағы тәжірибесі орасан, жастарға айтары мол зейнеткерлерді тартуды жолға қойдық, – дейді Серік Жамаш­ұлы. Мұндай басқосулар жас қызметкерлерді өз ісіне жауапты болуға жетелейді. Ардагер-ұстаздар жемқорлық сипатындағы заңбұзушылық істерді тексеруде тергеушілердің жан-жақты білімді, объективті, мәселені бүге-шігесіне дейін толық тергей алатын білікті маман болғанын қалайды. Өйткені, күні кеше өздері де жауапты қызметтің қиын өткелектерінен өтті. Қаржы жымқыру, салықтан жалтару, жалған кәсіпкерлік, ұйымдасқан қылмыстық топпен күресу оңай шаруа емес. Ондай қылмыстық істердің фигуранттары оңай шағылатын жаңғақ болмайды. 
Экономикалық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күресті былайғы сөзбен «ақ жағалылармен күрес» деп те атайды. Басқаларды айтпағанның өзінде, осы біз есімін атаған Серік Бейсалиевтің өзі де қызмет барысында небір әккі, кәнігі  қылмыскерлермен текетірескенін замандастары, бірге қызметтес болған әріптестері жақсы біледі. Түлкібаста мемлекеттік тергеу комитеті басшысы қызметінде жүргенде 18 қасақана кісі өлтіру қылмысы ашылады. «Кума» лақап аты бар қауіпті қылмыскер, қылмыстық әлем серкелерінің бірі Күміс Ешімбетовті тұтқындау бойынша жедел-тергеу тобын басқарды. Сарыағашта прокурор болған уақытта салық төлеуден жалтарғандардан қазынаға 100 миллион теңге жер салығы өндіріледі. Ал, экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде аяқталған істердің 86 пайызы сотқа жетті. Бұл санаулы деректі не үшін келтірдік. Бүгінгі ардагерлер ұйымын осындай қызмет сатыларынан өте жүріп, жемқорлықпен аянбай күрескен батыл азаматтың басқаратынын айтқымыз келді.   
Аталған ардагерлер ұйымы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне де ерекше ықылас танытып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің «Адалдық алаңы» жасы 100-ге келген Ұлы Отан соғысының ардагерін шақырып, жеке құраммен кездесу ұйымдастырды. Ғасыр жасаған қария әлі де тың, өткен өмірінен естеліктер айтты. Қоғамдық ұйым белсенділері қарияға құрмет көрсетіп, үстіне шапан жапты. Ардагерлердің жетекшісі ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда жергілікті департамент басшылығы мен жеке құрамы әрдайым қолдау білдіріп отыратынын айтады. Осындай игі бастамаларды жүзеге асыру барысында ұдайы қолдау жасайтындар қатарында бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиұлы да бар. Ол 2019-2020 жылдары өңірде департамент басшысы қызметінде болған. 
Бүгінгі жас маман кез келген жемқорлық сипатындағы заңсыз әрекетке төзбейтін, оның жолын кесетін, антына адал, ісіне кіршіксіз таза болса ғана алға қойған мақсатқа қол жеткіземіз дейді қоғамдық ұйым белсенділері. Ендеше, заң талаптарының сақталуына қатал қарайтын, осындай білікті мамандар тәрбиелеу ісінде құзырлы орган ардагерлерінің де қосар үлесі, тигізер пайдасы мен өнегелі ізі жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. 

1 пікір

  • Серікбай Мейірбайұлы Онбаев
    Серікбай Мейірбайұлы Онбаев

    Серік інім қандай керемет, өзіңіз басқарып отырған ұжымның жас мамандарға үйретері өте көп, алға қойған мақсаттарыңыздың орындала беруіне тілектеспін!

Пікір қалдырыңыз