Есірткі – елдік проблема
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жыл басынан бері елімізде заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыстарды анықтау және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар күшейтілген болатын. Осы ретте ел Президенті мен Ішкі істер министрлігінен тапсырма алған Түркістан облыстық полиция департаменті жоспарлы түрде бірқатар іс-шара атқарған. Нәтижесінде алғашқы жартыжылдықта есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелген. Оның 201-і қылмыс болса, 222-сі теріс қылық болып саналады. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, оның 191 келісі «марихуана», 275 грамнан астамы «гашиш», бір грамы «героин» және 2 келіге жуығы «синтетика» екендігі анықталған. Бұл жайында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Амангелді Бурханов брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері синтетикалық есірткіге байланысты 24 дерек анықталса, құрыққа ілінген 28 тұлғаға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалып, 6 теріс қылық тіркелген. Мәселен, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан қаласында білім алатын студент жігіттен 109 грамм «мефедрон» синтетикалық есірткісі тәркіленіп, ол қамауға алынған. Өкінішке қарай, өңірде заңсыз кәсіппен айналысатын жастар аз емес көрінеді. Сондықтан жастардың көзін ашып, көлеңкелі бизнестен арылту мақсатында әсіресе ғаламтор кеңістігінде күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Соның арқасында синтетикалық есірткі таратуы ықтимал жүзге тарта ақпараттық сайт бұғатталған. Оған қоса консультативтік қызметті жүйелі түрде жүргізу мақсатында ПД-ның (872533-5-85-80) сенім телефоны іске қосылған.
– Есірткіні қоғамдық орында қолдану бойынша 2 және автокөлік құралын есірткілік мас халде басқаруға қатысты 24 дерек анықталды. Қазіргі таңда облыс бойынша 295 тұлға нашақор есебінде тұр. Оның 125-і диспансерлік, ал, 172-сі профилактикалық есепке алынған. Профилактикалық іс-шаралардың маңызын арттыру және әкімшілік заңнаманы күшейту мақсатында ІІМ-нің тоқсан сайынғы операциялық жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы 6 айда есірткіге тәуелді азаматтардың саны 298-ден 288-ге төмендеген. Сонымен қатар, ел Үкіметінің «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» талаптарын орындау аясында облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы штаб есірткіге және нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері мектеп оқушылары, студенттер және жалпы бұқара арасында есірткі мен нашақорлыққа қарсы 262 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 44 мыңнан астам жас қатысты. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері орын алмаған. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, басқармалар мен полиция департаменті бірлесіп, 26 мамыр – 26 маусым аралығында бір ай бойы жоспарлы жұмыс атқарды. Іс-шараларға танымал спортшылар, әншілер, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары қатысып, жастарға есірткі мен нашақорлықтан аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстану туралы үндеулер жолдады, – деді спикер.
Сондай-ақ, өңірге қарасты аудан, қалалардың орталық саябақтары мен барлық білім беру ұйымдарында нашақорлыққа қарсы бағытталған «Есірткісіз болашақ» акциясы, жүзден аса кездесу мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылған. Оларға 20 мыңнан аса оқушы қатысыпты.