Сот шешімдеріне қарап мемлекетке деген көзқарас қалыптасады
Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мемлекет басшысының бастамасымен сот жүйесінде үлкен реформа жүргізіліп жатыр. Биыл осы салаға серпін беретін екі бірдей заңға қол қойылды. Алғашқысы маусым айында қабылданса, кейінгісі қарашаға қазан айында жол тартты. Президенттің сот жүйесін өзгертуге деген талпынысы бүгінгі сот билігіндегі сеңді қозғағандай әсер қалдырады. Осы ретте жаңа заң жобаларының ерекшелігі неде? Құқықтық құжаттардың саладағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпалы қандай болмақ? Біз заңға енгізілген өзгерістерге өзімізше талдау жасап көрген едік.
Қайта оралған кассация
Заңдағы үлкен жаңалықтардың бірі – кассациялық соттардың қайта құрылуы. «Қайта» деген сөзге екпін беруіміздің себебі де жоқ емес. 2016 жылы облыстық соттардағы кассациялық іс қарау тәртібі жойылып, ол міндеттер түгелдей Жоғарғы соттың құзыретіне өткен болатын. Бұл өз кезегінде Жоғарғы соттың іс қарау жүктемесін бірнеше есеге арттырып жіберді. Осының салдарынан Жоғарғы сотта екі бірдей, біріншісі іске қатысушылардың ұсынысымен қаралатын, екіншісі Бас прокурордың наразылығы және Жоғарғы сот төрағасының ұсынысы бойынша тағы да қаралатын, яғни бұрынғы облыстық соттардағы іс қарау тәртіптерінен еш айырмашылығы жоқ, істерді екі рет кассациялық тәртіпте қарау практикасы қалыптасты. Бүкіл облыстық соттардағы кассациялық іс қарау құзыретін өзіне алған Жоғарғы сот сол соттардың жұмыс көлемін толық игеріп, сот билігінің тиімділігін арттырды деп айта алмаймыз. Сонда не ұттық? Жергілікті жерлердегі кассациялық сот сатыларын жойғанда тапқан жетістігіміз қайсы? Керісінше, Жоғарғы сот өзінің мәні мен маңызынан айырылып, арыз-шағымнан бас көтере алмай қалды. Ал, жергілікті соттар болса, заңдылықты дер кезінде қамтамасыз ету тиімділігінен айырылды. Ең бастысы, қаншама адамның жер алшақтығына байланысты кассациялық шағымдану мүмкіндігі шектелді. Осыған байланысты қаншама іс бойынша қабылданған заңсыз сот актілері күшінде қалып, соттың абыройына нұқсан келді.
Жаңа заңның жаңалығы сол, Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөнінде дербес 3 кассациялық сот құрылатын болды. Аттары айтып тұрғандай, оның әрқайсысы өз саласына қатысты шағымдарды қарайды. Қазір Жоғарғы соттың атқарып жатқан жұмыс жүктемесі енді солардың иығына түседі. Жаңа соттардың жұмысы келесі жылдың шілде айында басталады. Кассацияға түскен істер қазіргідей алдын-ала қаралмайды, бірден 3 судьядан тұратын алқаға барып түседі. Ал, істерді қарау ұзаққа созылып кетпес үшін қарау мерзімі 6 ай деп белгіленді. Енді азаматтар жергілікті сот шешімдерін қайта қарауға байланысты өтінішхат емес, кассациялық шағым береді. Кассациялық сот процесі ауызша, тараптарды шақыра отырып жүргізіледі.
Жоғарғы сот немен айналысады?
Бұл өзгеріс Жоғарғы соттың абыройын асқақтатпаса, түсірмесі анық. Ең алдымен Жоғарғы соттың жұмысбастылығын тоқтатып, өзінің тікелей міндетімен айналысуға жол ашады. Яғни жергілікті соттарға бағыт-бағдар көрсетіп, сапалы қаулы-қарарлар қабылдау мүмкіндігі молаяды. Осы арқылы жергілікті соттардағы заңсыздықтарға дер кезінде тосқауыл қойылмақ. Бұл өз кезегінде кассациялық соттың мәні мен маңызын көтеріп, елдің сотқа деген сенімін күшейтпек.
Кассациялық соттың құрылуына байланысты Жоғарғы соттың рөлі де өзгереді. Соның негізінде Жоғарғы сот 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жоғары сатыға жолданған істерді қарауын тоқтатады. Тағы бір ескерерлігі, жаңа өзгеріске орай Жоғарғы сот енді істерді қарамайды, тек заңның дұрыс қолданылғанын, сот ісін жүргізу кезінде орын алған заңбұзушылықтарды тексереді. Айталық, егер істің мән-жайлары бірдей болып, ол бойынша қарама-қарсы шешімдер қабылданса, онда Жоғарғы сот өз қаулысымен құқық нормаларын қолдану кезінде жіберілген сот қатесін түзетеді. Бұл іс қараудың біркелкі практикасын қамтамасыз ету үшін қажет тетік екені даусыз. Бірақ, кассациялық соттың шығарған шешімі түпкілікті шешім емес екенін ескерген жөн. Заңда көрсетілгендей, Жоғарғы сот кей жағдайларда кассациялық сот шешімдерін қайта қарауға құқылы. Бұл Жоғарғы сот кассациялық сотта қаралған кез келген істі алдырып, үкімді өзгерте алады деген сөз. Яғни соңғы сөз бәрібір Жоғарғы сотта болып тұр.
Судьяларға талап күшейеді
Жалпы, әділеттілік пен бейтараптылық сот төрелігінің негізгі қағидаты екендігі даусыз. Егер сот шешімдері неғұрлым әділ болса, дауласушы екі тараптың заңға, оны негізге алған судьяға деген сенімі арта түседі. Бизнес өкілдері де өз құқықтарының сотта әділ қорғалатынына көзі жетсе, олар өз қызметтерін тек заң аясында жүзеге асырып, ешкімге жалтақтамайтын болады. Мемлекет басшысы судьялардың кезекті съезінде: «Судьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше, осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек» деп тиісті органдарға тапсырма берген болатын. Сот саласының басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, қазір үміткерлерге қойылатын талаптың күшейгендігі соншалықты, судья боламын дегендердің саны күрт азайған. Көптеген соттарда судьялар әлі де жетіспейді. Әсіресе, шалғай аудандардағы соттарға судья болуға үміткерлер жоқтың қасы. Сондықтан басқа саладан келген заңгердің бірден судья болуы осындай қажеттіліктен туындап жатса керек.
Бүгінгі таңда соттың әділдігі мен заңдылығын проценттік көрсеткішпен бағалау үрдісі сот жүйесіндегі ең өзекті проблемаға айналып отыр. Бүгінгі судьялардың қызметі осындай пайыздық көрсеткіштермен бағаланады. Олар өздері шығарған шешімдері мен үкімдері бұзылмас үшін сол межеден шығуға ұмтылады. Облыстық немесе қалалық соттар да жоғары көрсеткішке жету үшін аудандық сот актілерін барынша күшінде қалдыруға, бұзбауға мәжбүр болады. Бұл жағдай бірінші сатыдағы соттардың жіберген кемшіліктерін түзейтін облыстық соттың заңдылықты қамтамасыз ету рөлін мейлінше төмендетіп, дәрменсіз күйге түсірді деуге болады. Осындай жалаң көрсеткішке бой алдырған судьялар мұны БАҚ-да үлкен жетістікке балап, әділдіктің өлшемі ретінде бағалап жатады. Мұндай үрдіс тек сот жүйесінде ғана емес, бүкіл құқық қорғау органдарына тән десек, артық айтқандығымыз емес. Мұның ең бір кері тұсы, судьялардың тәуелсіздігін әлсіретуге әкеліп соқты. Олар әділдікті анықтаудан гөрі сот актілерінің бұзылмауына мүдделі болып, жоғары басшылықтың нұсқауынсыз шешім қабылдай алмайтын күйге түсті.
Әрине, Конституция мен заңға ғана сүйенген, өзінің ішкі сезімімен әділдікті ту еткен судьяның абыройы қашанда асқақ. Ол үшін судья шын мәнінде тәуелсіз әрі білікті, қандай жағдайда да әділ шешім қабылдай алатын табанды болуы қажет. Тіпті, оған өзі шығарған шешімінің бұзылуына келіспей, оны тиісті органдарда дәлелдеуге құқық берілсе, артықтық етпейді. Міне, сонда ғана судьяны іс жүзінде тәуелсіз деуге болады.
Сөз соңында айтарымыз, сот жүйесін дамыту бағытында қолға алынған реформа бұған дейінгі реформалар сияқты науқандық сипат алмауы тиіс. Жасыратыны жоқ, сот саласы кейінгі жылдары қоғамнан оқшауланып, бұйығы күйге түсе бастады. Осының салдарынан салада саны көп, пәрмені әлсіз өзгерістер орын алып кетті. Осы қордаланған проблемаларды шешу тынымсыз еңбекпен қатар жүйелі іс пен жаңа көзқарасты қажет етеді деген ойдамыз.