Құқықтық кеңесті тегін алуға болады
Бүгінгі таңда халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру ең маңызды мәселеге айналып отыр. Өйткені, өз құқығын білмегендіктен қаншама адам әділетсіздіктің құрбаны болып жатады. Біз осы мәселе төңірегінде Түркістан облыстық адвокаттар алқасының төралқа төрағасы Қайрат ҚАМБАРОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Қайрат Уәлиханұлы, Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын ұсынып, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеруді көздеп отыр. Айтыңызшы, осы бір ілкі идеяны көпшіліктің жүрегіне қалай орнықтырамыз?
– Иә, Мемлекет басшысы қоғамда заң үстемдігін орнықтыруға ерекше назар аударып отыр. Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуы тиіс» деп құқық қорғау органдарын осы іске жұмылуға шақырды. Сондықтан Президент меңзегендей, заң мен тәртіп қағидаты қоғамның идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс. Өйткені, құқықтық сауаттылықтың төмендігі қоғамда жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеледі. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтардың барлық түріне қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажет. Соңғы кездері өкінішке қарай, үйреншікті көріністерге айналып бара жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты әрекеттерге мүлде төзбейтін орта қалыптастыру қажет. Өйткені, азаматтардың тәртіпке бағынуы өздерінің қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Бәріміз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылсақ қана қоғамда әділдік орнайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
– Дегенмен, сіз айтып отырған құндылықтарға қол жеткізу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру қажет. Ол үшін істі неден бастаған жөн?
– Жасыратыны жоқ, бізде адам құқығын қорғау, заң үстемдігін орнату, жемқорлық сияқты мәселелер әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Бұған бір жағы халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігі де себеп. Мәселен, алаяқтар барлық елде бар. Оны түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Құқықтық жағынан сауаты жоқ адам алаяқтарға жем болып жүреді. Себебі, қаражат жүрген жерде алаяқтық та қоса жүретіні белгілі. Сондықтан мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына құқықтық және қаржылық сауаттылыққа үйрететін арнайы пән енгізсе артықтық етпейді. Айталық, батыс елдерінде адамның құқығын қорғау секілді мәселелер жақсы жолға қойылған. Ол жақта кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан қарайды. Ал, біз секілді елдерде мәселеге мемлекеттік тұрғыдан баға береді. Ол жақта әр адам оқуға, үйренуге құлық танытып тұрады. Ол үшін әр адам заңды білуге мүдделі болуы тиіс. Заңды құқығын білген адам бес қаруы сай адам деген сөз. Сондықтан бес қаруым сай болсын десе, әр адам заңды өзі үшін оқып, оны керек жерінде пайдалана білуі тиіс.
– Осы орайда сіз басшылық ететін облыстық адвокаттар алқасы тарапынан халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Бүгінгі таңда облыстық адвокаттар алқасының құрамында 208 адвокат бар. Бұдан бөлек, 17 заң консультациясы жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір заңды білмегендіктен қана опық жеп жүргендер аз емес. Оған мысал жетеді. «Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек туралы» заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға тегін құқықтық кеңес алуға болады. Заңда олардың белгіленген санаттары бар. Біздің осы бағыттағы ең басты көмегіміз көп жылдардан бері халыққа тегін құқықтық кеңес беріп келеміз. Мемлекеттік органдармен бірлесіп «Ашық есік күндері», «Қоғамдық қабылдау», «Тұрғындарға кәсіби құқық көрсету», «Құқықтық керуен» сияқты іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырамыз.
– Мүмкін, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама керек шығар...
– Әрине, халықты құқықтық жағынан сауаттандыру үшін мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаның қажет екендігі даусыз. Әркім өз бетінше жұмыс істемей, барлығы бағдарлама шеңберінде жоспарлануы тиіс. Ол үшін жоғары қызметте отырғандар заң аясында жұмыс істегені жөн. Себебі, олардың заңға бағынуы қарапайым адамдарға үлгі болады. Егер қылмыс жасаған адам жазаға тартылмаса, ұрылар бостандықта тайраңдап жүрсе, онда құқықтық тұрғыда сауатты болудың пайдасы шамалы. Мәселен, біздегі кейбір сот процестері жабық өтеді. Тіпті, кей судьялар ондағы мәселелерді талқылауға рұқсат бергісі келмейді. Міне, мұның бәрі мәселені заңды жолмен шешуге кедергі келтіреді. Мұны көріп отырған қарапайым адамдарда күмән пайда болады. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салуымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз табысты болсын!
Әңгімелескен
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».