Қазына қаржысы қатаң қадағалауда

Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін қызметшілерде міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болуы қажет. Бұл 2015 жылы 12 қарашада қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның негізгі талабы. 

Жалпы, мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру. Мемлекеттік аудитор сертификаты бар мамандардың тапшылығын шешу үшін Жоғары аудиторлық палатасы жүйелі түрде мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыру және кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандырып келеді. Бұл ретте тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерінде шартты түрде халықаралық аудиторлық сертификат болуы және осы лауазымға өту үшін Жоғары аудит палатасында резервте тұру қажеттілігі де ескерілген.
Заң талабына сәйкес, тексеру комиссиясы жыл сайын қараша-желтоқсан айларында келер жылға арналған Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін жасақтап, оны бекіту үшін Жоғары аудиторлық палатасымен және Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен келіседі. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына және Жоғары аудиторлық палата төрағасы бастамаларына, мәслихат шешімдеріне және тексеру комиссиясы төрағасының бастамаларына сәйкес енгізіледі. Басқа мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының, жеке және заңды тұлғалардың сұраулары, өтініштері бойынша тексеру комиссиясы тексерулер өткізбейді. Осылайша, тексеру комиссиясының талдау бөлімі тарапынан 2024 жылға арналған тізбесі бекітіліп, соған орай 305 объектіге 18 аудиторлық іс-шара жүргізу жоспарланған.
Нәтижесінде тексеру комиссиясы тарапынан 11 айда 153 объектіге 14 аудиторлық іс-шара өткізіліп, 426 млрд. теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Оларға 152 материал бойынша 58,1 млн. теңге айыппұл салынды. Жалпы 52 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 6 материал құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Қазіргі таңда 4 аудиторлық іс-шара аяқталу үстінде. Биыл ұжымның 2 мемлекеттік қызметшісі Ұлттық комиссия шешімімен мемлекеттік аудитор сертификатын қорғап, аудиторлар қатарына қосылды. Сондай-ақ, 13 әріптесіміз халықаралық аудитор курстарынан өтіп, емтиханды сәтті тапсырды.
Алдағы жылы ұжымдағы әріптестердің жоғары көрсеткіштермен алдыңғы қатардан көрінуге, бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуын бақылауда талмай еңбек етіп, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының арасында жақсы көрсеткіштермен ерекшеленеді деген сенім мол. 

Нұрлан ТАҒАЕВ,
Түркістан облысы бойынша тексеру 
комиссиясының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз