Алғашқы алтын қоржында

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өткен жұмада Франция астанасы Парижде төртжылдықтың басты додасы жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылып, жалауы желбіреді. Ә дегеннен Қазақстан қоржынына қола жүлде түсті. Бір қызығы һәм құнарлығы осы Париж Олимпиадасында алғашқы жүлде алған мемлекет Қазақстан атанды. Пневматикалық мылтықпен нысана көздеу сынында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле жұптық сайыста қола жүлдеге ие болды.


«Алтын жігіт» алтын алды
Көзіқарақты оқырманның есінде болса, 2019 жылы Токио Олимпиадасының алдында газетімізде дзюдошы Елдос Сметов туралы «Алтын жігіт» деген мақала жариялаған болатынбыз. Ол кезде Елдос Сметовтің қоржынында Рио Олимпиадасының күміс жүлдесі бар-тын. Сол күміс жүлдені алтын медальға айналдырсын деген ниетте жазылған мақала еді ол. Алайда, жамбылдық балуан Токиодан қола жүлдемен оралды.
Елдос Сметов өзіне «алтын жігіт» деп бекер айдар тақпағанымызды биыл дәлелдеді. Осы ойындардың алдында 60 келі салмақта ел намысын кім қорғайды деген сауалдың болғаны рас. Бапкерлер таңдауы Елдос Сметовке түсіпті. Елдос ұлттық құрама бапкерлерінің сенімін ақтады. Париж татамиінде алдымен нидерландтық балуан Торнике Чакадуаны қапы қалдырса, екінші айналымда украиналық Дилшод Халматовтың осал тұсын тапты. Ширек финалда осы салмақтағы ең басты фавориттердің бірі Қытайлық Тайпейдің намысын қорғайтын Юнг Вей Янды тізе бүктірді.
Жартылай финалдық белдесу де оңай болған жоқ. Испаниялық Франсиско Гарригос әжептәуір қарсылық көрсетті. Белдесу «алтын ұпайға» ұласқанда Елдос Сметов әбжіл қимылымен Гарригостан айласын асырып кетті. Ақтық сында Елдосты франциялық Лука Михейдзе күтіп тұрған еді. Спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің барлығы Франция қоржынына алғашқы алтынды осы бір шыққан тегі грузин балуан салады деп болжап отырған. Белдесу басталар сәтте аренаға Франция президенті Эммануэль Макрон кіріп келді. Мемлекет басшысының алдында Михейдзе де жерге қарағысы келген жоқ. Барын салды. Алайда, алтын медальдің тағдырын Елдостың белдесудің аяқталуына бір жарым минут қалғанда жасаған әдісі шешіп кетті. Вазари ұпайымен алға шыққан біздің балуан қалған уақытта франциялыққа еш мүмкіндік бермеді.
Осыған дейінгі Елдостың Олимпиада ойындарындағы қола, күміс жүлделері Париж төрінде алтынға айналды. Осылайша Елдос Сметов үш жазғы Олимпиадаға қатысып, үшеуінде де жүлде алған екінші қазақстандық спортшы атанды. Бұған дейін Ольга Рыпакова үш рет жазғы Олимпиада ойындарының жүлдесін иеленген. Ал отандық, спортшылар арасында рекорд шаңғышы Владимир Смирновқа тиесілі. Ол қысқы Олимпиада ойындарының 4 жүлдесін иеленген.
Сонымен қатар Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада алтынын мойнына таққан алғашқы қазақ балуаны атанды. Ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған балуанды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
– Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның Туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі! – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дзюдошылар ерлеп тұр
Жарыстың екінші күнінде Париж татамиіне Ғұсман Қырғызбаев шықты. Ғұсман Алматы қаласының атынан сынға түскенімен туып-өскен жері – Түркістан облысы. Төлеби ауданында туып, Ордабасы ауданында ер жеткен. Ордабасы жұртшылығы балуанды қолдау үшін Темірландағы Мәдениет үйіне жиналды. Ғұсман Париж татамиінде ә дегеннен өз салмағының басты фавориті оңтүсіккореялық Ан Ва Ульді жеңіп кетті. Ан Ва Уль Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған балуан.
Екінші айналымда Ғұсман Франция үміт артқан Валид Хаярды жерге қаратты. Алайда, жартылай финалда бразилиялық Виллиан Лимадан жеңіліп қалды. Лима Ғұсманның бұған дейінгі қарсыластарынан мықты емес еді. Соларды жеңемін деп шаршап қалды ма, Ғұсман жартылай финалда сылбыр күресті. Ал, қола жүлде үшін белдесуде сербиялық Страхиня Бунчичтің осал тұсын тапты.
Қыздар арасында ел намысын қорғаған Әбиба Әбужақынова да жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Ширек финалда испаниялық балуанға жол берген ол жұбаныш белдесуі арқылы қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алған. Алайда, 18 жасар швециялық арудан жеңіліп қалды. Бұл белдесуде Әбибаға мінез жетіспеді десек болады. Швециялық бойжеткен алғашқы Олимпиадасына қатысып тұрса да мінез көрсетіп белдесті. Ол жартылай финалда жапониялық балуанмен күресіп, төрешіден ескерту алғанына байланысты финалға өте алмаған еді. Швед қызы төрешілерге деген бар ашу-ызасын біздің Әбибадан алды...

Капитан жарыс жолынан шығып қалды
Тәтті жеңістермен қатар ащы жеңілістердің де жүретіні анық. Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстаған, бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Оған бірінші кезеңде иорданиялық Зеид Ишаиш тап болған. Оны жеңсе, Асланбекті ежелгі қарсыласы жапониялық Севон Окадзава күтіп тұрған-ды. Психологиялық тұрғыда жапониялық боксшымен дайындалып жүрді ме, әйтеуір Асланбек Ишаишпен сылбыр бокстасты. Былтыр Астанада өткен «АИВА чемпиондарының кешінде» мексикалық кәсіпқой боксшыдан алған нокдауны әсер еткен болуы да мүмкін-ау... Спорт мамандарының «рингте бір рет құлап қалған боксшыны кемі 6-7 ай алаңсыз демалдырып алу керек. Әйтпесе одан кейінгі жекпе-жектерде жеңілісі көбейе береді» деген тұжырымы расталғандай.
Оның үстіне Асланбек Шымбергеновке көп сенім артылды. Олимпиададағы «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі 71 келіге өзгерген. Дәл осы салмақта алтын жүлде алған боксшылардың ізін Асланбек жалғайды деген үміт басым болды. Капитан ретінде Мемлекеттік туды ұстау да Асланбекке бұйырған. Жалпы еліміздің Мемлекеттік туын ұстаған спортшылардың арасында Ермахан Ибраимов қана Олимпиада алтынын иеленген екен. Өзге ту ұстаушы спортшылардың көпшілігі сол Олимпиада ойындарынан жүлдесіз қайтқан екен. Ту ұстау да психологиялық тұрғыда жүйкеге салмақ түсіреді. Осының бәрі қосылып, Асланбектің алғашқы айналымда жеңілуіне әкеліп соқты.
Өзге боксшылар әзірге сапта. Түркістандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда испаниялық боксшыны қиналмай ұтты. Сонымен қатар 92 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Айбек Оралбай да нигериялық боксшыны әдемі жеңді.
Олимпиада ойындары одан әрі жалғасуда.

Пікір қалдырыңыз