Қазыбекке тән қасиет — азаматтық қайраткерлік

Қолымызға ақын Қазыбек Исаның сыры  терең «Сыртолғауы» тиді. Аламанға қосып жатқан ақынның желтабаны, жүйрігі екен. Жыр әлемі екен. Сол әлемді бір аралап шыққанда, бір нәрсені, ақын әлемінің соншалықты жанға жақындығын ұқтық. Біз тіпті бұл ғұмырды бір ауылда кешкендейміз.
Бала Қазыбектің табаны Қызылқұмға күйіп жүріп есейсе, біздің де табанымыз Қарақұмға күйіп жүріп есейіп едік. Бала Қазыбекке өмір нәрін Сырдың суы сыйласа, бізге де өмір нәрін Әмудария сыйлап еді. Бала Қазыбек көзін қозы-лақтың шуымен тырнап ашса, біз де көзімізді қойлы ауылда тырнап ашып едік. Айналып келгенде ол да, біз де Ұлы Даланың иен құшағында өскен ұлдар екенбіз. Оның да, біздің де бойымызға ана сүтімен сіңген асылымыз ана тіліміз болыпты. Осылардан келіп, Қазыбектің өзіне де, өлеңіне де бауыр басып кеттік. Өмір мен өнерде ес білгелі бір атаның баласындай болып кеттік. Өзімізде де, сөзімізде де алшақтық жоқ.
Тұтқындалған пендені тұманда да,
Құтқаратын Құдай мен Құран ғана.
Ақиқатты іздеген барлық адам,
Ақыр түбі бас иер бір Аллаға, – деп, ол жырлағанындай сәждеге де бірге бас иіппіз.
Сұлулық Жер бетіндегі Алланың нұры болса сол нұрға «мәңгілік шөлдеп өтем» деп, ақын осы кітаптағы бір үлкен тарауын нәзік жандыларға арнайды. Сұлуларға да біз бейне бір көзбен қарайды екенбіз.
Тіптен, екеуміз «Ақ жол» партиясынан кезінде депутаттыққа да бірге түстік. Ол кейін Мәжіліс депутаты болды да, біз өмір депутаты болып кеттік. Қайда жүрсек те, илегеніміз бір терінің пұшпағы, ұлт құндылығы болды. Бірақ, Қазыбектің бәрібір бізден өткен бөлек қасиеті болды. Ол қасиет оған ата-анасы азан шақырып, қазақтың ұлы биінің атын қоюдан басталыпты. Содан Қазыбек бидің аруағы Қазыбек баланы желеп-жебеумен болыпты. Сол аруақ алдымен Қазыбектің  құлағына қазақтың киелі де, құнарлы сөзін құя беріпті. Сол сөз киесі бала Қазыбек ес жиып, етек жапқаннан бастап өлең сөз боп ауызынан ағытыла бастаса керек. Ұлы би аруағы ақыры оны алаш сөзін айтар шаршы топқа алқалап алып келсе керек. Алып келіп қана қоймай, «аталы сөз айт!» деп батасын берсе керек. Аруақ қолдап, Қазыбек аталы сөз айта бастады. Айтқандары жатталып, қанатты сөзге айнала бастады. Мысалы, тіліміздің мүшкіл халі туралы: «Ана тіліміз есіктен сығалап тұрғанда,  біз қалай шалқайып төрде отырамыз?!» дегені ел аузында жатталып қалды.
 Айтарымыз, бүгінде Қазыбек Исаны халқына қадірлі еткен қасиет оның қарымды қаламгерлігіне қосылған, осынау қайтпас, қайсар, азаматтық қайраткерлігі болды. Азаматтық қайраткерлік кез келген ақынға бұйырмаған. Бұл бүгінгі таңда Әділетті Қазақстан құруда қоғамға пайдасы мен шарапаты алабөтен қасиет.
Қазыбек қандай марапатқа да лайықты түлға дер едік.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
ҚР халық жазушысы.
Пікір қалдырыңыз