Бекзада өнердің бекзат тұлғасы

Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – деп Райымбек Сейтметов әр қойылым алдында Абайдың өлеңдерін оқып тұрушы еді. Оған Райымбек ұстаздың алдын көргендердің бәрі куә. Себебі, Ұлы Абайдың осы төрт қатар өлеңі оның бүкіл болмысын, төл табиғатын толығымен ашып тұратын. Әсіресе, осы төрт қатар оның сахналық кескін-келбетін одан сайын нұрландырып жіберетін. 

Бұл кешегі күннің белгісі. Бүгін ше? Қазір тіршілік мүлдем басқа. Аспанмен астасқан университет үйі, зәулім қонақүйлер, әлеуметтік нысандар, жаңа құрылыс алаңдары, қала көшелерін түрлендірген жасыл шыршалар... Дегенмен, біз үшін осы айтқандарымыздың бәрінен де қымбаты әрі жұртшылықтың рухани құбылыс ретінде қабылдағаны көне Түркістан төрінде жаңа театрдың бой көтеруі болатын. Яғни Сейтметовтің тақыр жерден театр ашуы. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен Райымбек аға ашқан өнер бөлімі күннен-күнге керегесін кеңейтіп, киелі шаңыраққа айналды десек, асыра айтқандық болмас.
Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын бағзы клуб үйі театрға айналып, алғашқы қойылымы көрермен назарына ұсынылған кезде Райымбек Ноғайбай-ұлы көрермендер алдына шығып, қалың көпшілікке толқи тіл қатқаны есімде. «Бұл күнге де жеттік-ау. Қарап жатпағаным анық. Репертуар даярлай беруден танбадық. Балауса актерлерімнің ыңғайларын қарап, түрлі жанрлардан қойылымдар түздік. Комедия, драма, трагедия, музыкалық шығармалар дейсіз бе, шүкір, жетерлік» деген еді сол сәтте ұстазымыз. 
Режиссердің ұстанымы берік, жоспары айқын болатын. Әулиелердің сұлтаны жатқан жердің руханияты да өзгеше болуы тиіс қой. Ұстазымыздың ұстанымына сәйкес, Түркістанда ұлттық өнер, салт-дәстүр, ритуалдық әдет-ғұрып, әрбір әрекет өзінше һәм өзгеше дамуы шарт болды. Ал, пьеса сюжетіне терең дендеу, әрбір диалог-монологтың ара-жігін ашу, тіпті олардың тыныс белгілеріне дейін тәптіштей назар аудару режиссер-қоюшының, режиссер-ұстаздың міндеті еді. Сейтметов әлдекімдердей айды аспанға шығарғысы келген жоқ, алқын-жұлқын өрескел әрекеттерден бойын аулақ ұстайтын, дәуірдің мінез-құлқын, ортасының құндылығы не, соны негізге алатын. Режиссердің басты ілімі – қойылымның образдық нұсқасын, оның жанрлық шешімін табар тұста әр автор табиғатының өзіндік ерекшеліктерін сақтай білу болды. 
Райымбек Сейтметовтің өнегесін бойына сіңірген талантты әртістер С.Қырқынбекова, Ғ.Қалыбаев, 
М.Оразметов, Н.Төлендиев, А.Тоққұлиева, Р.Бақтыбаев, Ұ.Әмірова, М.Айтжанов, А.Наурызбаев, 
Қ.Садықбеков, Ж.Жүнісова, Н.Ізтаев, Ш.Амантұров, Т.Қарынбаев, Г.Айтбаева, С.Әбдіразақов, К.Әштекова, Ә.Жұман мен Ж.Тұрғанбаев қандай бір қойылымның көркіне айналып жатты. Бұл да ұстаздық міндетті арқалаған адам үшін бақыт деп білемін.
Бірер жыл бұрын Түркістандағы теміржол вокзалы маңында орналасқан театр ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, түгел жаңарды. Нәтижесінде жүздеген көрерменге лайықталған, көздің жауын алатын сүп-сүйкімді ғимаратқа айналды. Бұл да бекзада өнердің іргетасын қалауға шексіз үлес қосқан театр тарланының рухына жасалған тағзым, Р.Сейтметовтің өнердегі жолын жаңғырту деп санаймын. Өйткені, Райымбек Сейтметовтің ұрпаққа қалдырған мұрасы – сазды-
драма театр тарих пен мәдениеттегі өзіндік орны бар, ұлт руханиятына қосар үлесі зор, маңызды мәдени ошақ. 
Райымбек Сейтметов көзі тірісінде «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты Абайдың шығармалары жинақталған кітап та шығарды. Себебі, ол кісінің бір арманы – Абай өлеңдерінен поэтикалық қойылым қою болатын. Бірақ, ол арманды орындау режиссерге емес, оның шәкірттеріне бұйырыпты. «Енді санаулы айдан кейін ҚР халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының иегері іргетасын қалаған театрдың ашылғанына 25 жыл болады. Түркістандағы тұңғыш театрдың көрермені мен қолдаушылары көбейіп, мәңгі жасай берсін дегім келеді.

Пернекүл НӘЛТАЕВА, 
ҚР мәдениет саласының үздігі,  
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап 
ғылыми кітапханасының бұқаралық 
көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз