Майдангер. Журналист. Тәлімгер

Серікқали Жексенбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».

 Бейнелеп айтқанда, газет дегеніңіз тура өндірістегі конвейер сияқты. Аптаның жұмыс күндерінде бес рет жарық көретін басылымды материалдармен қамтамасыз ету жұрт ойлағандай оңай жұмыс емес. Жазғаныңыз күндегісін күнде нөмір «жұтып» қояды. Секретариаттағы папкілер жұқарып жатса, бөлімдегілер жанұшыра жұмыс істейді. Ақпараттар ағынында толас жоқ. Баспаханада жұмыс тоқтап қалмас үшін шығармашылық ұжым аянбай еңбектенеді. Жалғыз редактор қай жағына жетсін! Бұл ретте екі орынбасарға көп жұмыс жүктеледі. Олар тілшілерге салалар бойынша тиісті тапсырмалар береді, редакция жұмысын үйлестіреді, журналистердің жазғандарын өңдейді, бет қарайды. Жалпы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің арғы-бергі тарихында редактордың талай орынбасарлары қызмет атқарды. Олардың арасында ұйымдастырушылық және іскерлік қарым-қабілетінің арқасында басшы болып көтерілгендері де бар. Солардың бірі – кезінде Мәскеу қаласындағы КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітіріп, саяси жағынан әбден шыңдалған,  1955-1962 жылдары редактордың орынбасары болып жұмыс істеген Наушабек Орманов еді. 
КазМУ-дің журналистика факультетінің ІІ курсын тәмамдаған соң облыстық газеттің редакциясында өнеркәсіп және транспорт бөлімінде өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезімде ол кісі партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Орта бойлы, шашын әрдайым артқа қайырып жүретін, ағаның байсалды кейпінен салиқалы парасат иесін танитынбыз. Жинақы жүріс-тұрысының өзі өнеге-үлгі еді. Жүзі сұсты көрінгенімен күлген кезде мейірім шуағы төгіліп сала беретін-ді. Жастық шағын соғыс өрті шалған майдангер өзінің бай тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп отыратын. Ал, басшылық құрам онымен ақылдасып отыратын Ұлы Отан соғысында қолына қалам мен қаруды қатар ұстаған журналистер ол кезде өңірімізде кемде-кем болатын. 
Наушабек Орманов 1921 жылы 1 қыркүйекте бұрынғы Георгиев (қазіргі Төлеби) ауданының Қызыләскер (Жаңа жол) ауылында дүниеге келген. Білімге құштар жас аудан орталығындағы жалғыз мектеп-интернатта жатып оқиды. Қилы кезең, жоқшылық уақыт. Ауылдан алып келген аз ғана бидай немесе тары-талқаны қашанға дейін талғажау болсын, сабақтан бос уақытта күнкөріс қамымен  бозбала Наушабек Сайрамсу өзенінің бойында бұзау да бағыпты. Сөйтіп, осындай қиындықпен 1940 жылы мектепті тәмамдайды. Ол кезде ел арасында білімді азаматтар аз. Мектепті үздік бітірген Наушабек Ормановты аудандық партия комитеті бірден өздеріне жұмысқа қабылдайды. Мектепте оқып жүргенде қабырға газетін шығаруға атсалысып жүрген белсенділігі ескерусіз қалмады. Саяси жағынан сауатты жас маман аудандық «Сталин жолы» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасып, тілші ретінде қаламы төселе бастады. Кейін аупартком басшылары оны жауапты хатшы етіп тағайындайды. Наушабек көкенің еңбек жолы осылайша аудандық газеттен басталды десе де болады. 
Наушабек Орманов 19 жасында әскерге алынып, соғыс кезінде Ташкент қаласына көшірілген Харьков әскери училищесінде оқыды. Майданда ұлттық тілдерде газет шығару саясатына сәйкес осы училищеден жазуға икемі бар 15 шақты курсант іріктелініп, Мәскеу қаласындағы Саяси басқармаға жіберіледі. Бұл топтың ішінде Наушабек аға да бар еді. 1942 жылдың қарашасында идеолог-жауынгер Воронеж облысының Анка стансасында Воронеж майданының (кейіннен бұл газет «1-ші Украин майданы» деп аталған) саяси басқармасында ұлттық газет редколлегиясының құрамына енеді. Орыс және өзге ұлттар тілдерімен қатар қазақша «Отан намысы үшін» газетін шығаруға (редактор Сапарғали Құлбабаев, редколлегия мүшелері Күзембай Сүгірбеков, Мінәш Жармұхамбетов және Наушабек Орманов) шығаруға атсалысады. 
Майдангер журналист жорық жолдарымен көптеген қалаларда болды. Сондай күндердің бірінде неміс фашистерімен жан аямай соғысып жүрген ағасы Рүстембек Өмірзақовты іздеп тауып жолығады. Қиян-кескі ұрыстарда ерлік көрсеткені үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат етудегі қаһармандық шайқасқа қатысқаны үшін» жауынгерлік медальдарымен және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.
Ұлы Отан соғысынан  аман-сау елге оралған  ағамыз 1946-1948 жылдар аралығында Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жоғары партия мектебінде оқып, 1952 жылға дейін  Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі» газетінің редакциясында редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Мұнан кейін тағы 4 жылдай Мәскеу қаласындағы КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде дәріс алды. Ал, 1955-1962 жылдары өзіміздің «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. 1962 жылдан 1983 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Майдангер журналист  құрметті демалысқа шықса да жұмыстан қол үзбеді. Он жылдай облыстық орман шаруашылығы өндірістік бірлестігінде кадрлар жөніндегі бірінші санатты инженер қызметін атқарды. 
Байырғы журналист, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Наушабек Орманов  2000 жылы 29 маусымда 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды.                                                                                
Пікір қалдырыңыз