Жемқорлық дендеген жерде билікке деген сенім азаяды

Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің негізгі міндеттерінің бірі – көпшілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту. Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында осы заңсыздыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, оның ішінде қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін кеңейтуге ерекше назар аударылған.
Облыстық қоғамдық кеңес жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерімен айналысатын комиссия құрылған. Комиссия негізінен жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуды, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты өтініштерін қарауды, жергілікті және атқарушы орган басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытындағы қоғамдық тыңдауды жүзеге асыруды көздейді. Мәселен, қоғамдық кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асыру мақсатында соңғы үш жылда 27 мәселе қаралып, тиісті орындарға 49 ұсыным берілді. Атап айтар болсақ, спорт, білім, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы, сәулет-бақылау басқармалары басшыларының есептері тыңдалып, антикордың ұсынысымен білім, жер қатынастары, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, спорт басқармалары басшыларының және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның, тұрғын үй қатынастары инспекциясының түйінді мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында «Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн» деген болатын. Кеңес отырыстарында бюджеттік процеске қатысу арқылы азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекетпен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне, сондай-ақ, облыстағы неғұрлым өткір мәселелерді айқындауға байланысты бюджеттің атқарылуына ерекше назар аударылады. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға айрықша мән беріліп, комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшесі енгізілді. Осы мәселені іске асыру бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының есебі тыңдалып, ұсынылған ұсынымдардың орындалуы кеңес мүшелерінің талқысынан өтті.
Біз сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында осындай елеулі қадамдар жасаудамыз. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың себебіне емес, салдарымен күресуге аударылып отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты.

Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ,
облыстық қоғамдық кеңес жанындағы
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы.
Пікір қалдырыңыз