Прокуратура – жаңа ғимаратта

Түлкібас аудандық прокуратурасы ұжымы жаңа ғимаратқа қоныстанды. Аталған ғимараттың ашылу салтанатына облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан прокуратурасының қызметкерлері осы уақытқа дейін өткен ғасырда салынған ескі ғимаратта отырған еді. Енді, міне, заман талабына сай жаңа ғимаратқа ие болып отыр.
Прокуратура ұжымын облыс прокуроры Мұрат Әжінұрұлы және облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жаңа ғимараттарымен құттықтады. Сөйлеушілер бұл ғимарат Мемлекет басшысының қадағалаушы органдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына, прокуратура қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен әлеуметтік кепілдермен қамтамасыз етілуіне жасап отырған тұрақты қамқорлығының белгісі екенін жеткізді. Облыс прокуроры жаңа ғимараттың бой көтеруіне ықпал еткен облыс басшылығына алғысын білдірді.
Аудандық құқық қорғау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Сауран Таңатбаевтың батасынан соң жаңа ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, жиналған қауым нысанды аралап көрді. Содан соң келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, заманауи ғимараттың жан-жағын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз