Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар жазадан құтылмады

Жыл басынан бері Түркістан облысы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Ал, облыстың барлық аудан, қалаларында жалпы 272 рейдтік тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде 218 жүк көлігі айыптұраққа қойылып, 19 110 900 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Жиынға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, жер қатынастары басқармасы мен облыстық полиция департаменті, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыс бойынша экология департаментінің басшылық құрамы қатысты. Сондай-ақ, аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары онлайн байланыс арқылы қатысты.
Жалпы облыс аумағында жер қойнауын заңсыз қазып жатқандарға қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта биыл 28 мамырда «Түркістан облысы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары» бекітілген. Осы жоспар аясында тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді.
Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы 63 кен аумағынан кемшілік анықталды.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жүргізу туралы бұйрығына сәйкес, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, 14 жер қойнауын пайдаланушы облыстық бюджетке 9.2 млн. теңге өтеді және жер қойнауын өндіру аумақтарынан тыс қазылған аумақтарды қайта қалпына келтіру бойынша кепілхат берді.
Ал, маркшейдер қорытындысымен келіспеген жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан келтірілген залал шығындарын сот арқылы өндірту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, 32 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты компаниялардың тіркелген аумақтары бойынша экономикалық сотқа талап-арыз жолданды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.
Пікір қалдырыңыз