Әкелі-балалы Құлшынбаевтар

Төңкеріс ауылы – көрген жанды өзінің көркем табиғатымен баурап алар құтты мекен. Ақсу-Жабағылы қорығымен шектесетін ауылды жан-жағынан биік таулар, аршалы алқаптар қоршап тұр. Үлкен Балдыберек өзені ауылдың ішін қақ жара екпіндей өтіп, жаныңды жадыратып, көңіліңді көкке шарықтатады. Табиғаты әсем осындай елді мекеннің азаматтарының да асқақ келетіні заңдылық емес пе?! Өйткені, «Тау баласы тауға қарап өседі». Өткен күндерден артында өшпестей із қалдырған кімдер бар деп кейде ойға қаласың. Міне, осындай ой мазалағанда еріксіз еске түсетін тұлға – Садық Құлшынбаев.

С.Құлшынбаев 1907 жылы Шымкент уезі, Бадам ауданындағы (қазіргі Төлеби ауданы) Төңкеріс ауылында қарапайым отбасыда дүниеге келіпті. Екі жасында әкесінен айрылып, анасымен бірге ауыр тұрмыстың тауқыметін бастан кешеді. Жастайынан күнкөріс қамы үшін жұмысқа жегіледі. 13 жасында байларға жалданып, бақташы болады, малдарын бағады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қамытбек байдың үйінде ашылған бастауыш мектепте оқып, білім алады. Ауылдағы саяси жұмыстарға белсене араласып, комсомол мүшелігіне қабылданады. Көп ұзамай сауатты әрі еті тірі жігітті ауыл тұрғындары жаңадан ұйымдасқан «Төңкеріс» артеліне төраға етіп сайлап, оған үлкен сенім артады. Бұл қызметте жас жігіт іскерлігімен танылады. 
1930-1931 жылдары ауылдық Кеңестің төрағалығына сайланады. Билік орындары оны 1931 жылы қазан айында білімін жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы екі жылдық кеңес партия мектебіне оқуға жібереді. Осы оқу орнын бітірген соң оны партия орындары өз номенклатурасына алып, түрлі саяси қызметтерді атқаруға жіберіп отырады. 1933-1934 жылдары Түлкібас ауданындағы Сергеев МТС-і директорының орынбасары, 1934-1935 жылдары осы аудандағы Шақпақ елді мекенінде ашылған балалар үйінде саяси жетекші қызметтерін атқарады. 1935 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласындағы коммунистік жоғары білім беретін мектебіне оқуға түсіп, оны бітіріп шыққан соң өзі еңбек еткен балалар үйінің директоры болып қызмет істейді.
Көзі ашық, саяси сауаты шыңдалған азаматты Түлкібас аудандық газеті редакциясының жұмысын ширатуға жібереді. Мұндағы жұмысты біраз жолға қойған соң 1936 жылы сәуір айында Леңгір ауданы, Бірінші Мамыр елді мекеніндегі Ленин атындағы балалар үйінің директорлығына тағайындалады. 1939 жылдың соңында С.Құлшынбаевты облыстық партия комитеті Леңгір аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы етіп бекітеді. Бұл қызметте ол көп тұрақтамайды. Газет бетінде Алаш идеяларын насихаттағаны үшін қызметтен босатылады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Сайрам аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болып және ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарады. 
Жерлесіміз С.Құлшынбаевтың архивтен алынған деректерімен танысу барысында оның өзі өмір сүрген  қоғамның белсенді мүшесі болып, оған барынша адал қызмет еткенін байқаймыз. С.Құлшынбаев 1922-1938 жылдары комсомол ұйымының мүшесі, 1938 жылдан бастап коммунистік партия қатарында болған. Оның берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындайтыны, өте ұстамды, саяси жетілген азамат екендігі атап көрсетілген. Отбасында анасы, жары және ұлы болған. С.Құлшынбаев ұлы Мұратты мейлінше көпшіл, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуге күш салады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Мұрат та есейген соң әке сенімін ақтап, еліне адал қызмет етуге ұмтылды. «Елдің атын ер шығарар» дегендей, ол қаншама лауазымы биік қызмет атқарса да, туған жерден жырақта жүрсе де, ағайынның жағдайын біліп, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге көмектесіп отырған. 
Мұрат Садықұлы Құлшынбаев 1937 жылы қазіргі Қаратөбе ауылдық округі, Төңкеріс ауылында дүниеге келеді. Отбасы жағдайына байланысты ол Ақсукент елді мекеніндегі Горький атындағы орта мектепте оқып, 1955 жылы орта білім алып шығады. Жастайынан білімге құштар ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Осы жылы Шымкент қаласындағы политехникумға оқуға түседі. Белсенді студент атана жүріп, 1959 жылы оқуын аяқтайды. Жолдамамен Леңгір қаласындағы «Шахтастрой» мекемесіне жұмысқа орналасады. Осындағы жастар ұйымын басқарады. Оның көшбасшылық қабілетін танып, облыстық комсомол комитеті өзіне қызметке шақырып, нұсқаушылыққа тағайындайды. Оқу мен еңбекті ұштастыра жүріп, Қазақ химия-технология институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп шығады. 
1960-1962 жылдары облыстық тұтынушылар одағында құрылыс бөлімінің инженері, 1962-1963 жылдары Сайрам ауданында өндірістік басқарманың құрылысшы-инженері, 1963 жылы осы басқарманың бас инженері қызметтерін атқарады. 1967-1968 жылдары Сайрам аудандық «Межколхозстройдың», 1968-1986 жылдары облыстық «Межколхозстрой» мекемесінің төрағасы болып істейді. 1968-1988 жылдары Шымкент облыстық агроөнеркәсіптік басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары, 1988 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық жөндеу және құрылыс басқармасында шаруашылық есеп жүргізу бөлімінің басшысы болды.
Мұрат Құлшынбаевтың іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті, әсіресе, «Межколхозстрой» мекемесін басқарғанда ерекше танылады. Ол басқарған мекеме облыс аумағындағы колхоздарға кешенді, заман талабына сай қоражайлар, механикаландырылған гараждар, шеберханалар, шаруаларға арнап тұрғын үйлер, жатақханалар салуда және мекеме құрылысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде қыруар жұмыстар тындырады. Ол басқарған мекеме бірнеше рет облыстық, республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Осындай қажырлы еңбегі ескеріліп,  «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол қандай қызмет атқарса да, туған ауылынан қол үзген жоқ. Ауылға баратын жолды жөндетті. Туған ауылының тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында «Төңкеріс» ауылының табиғаты тамаша жерінен демалыс аймағын салды. Бүгінде демалыс аймағының игілігін Төңкеріс аймағынан ашылған шекарашылар көруде. 
Бүгінде осы әз ағаларымыз арамызда жоқ. Екеуі өмірден өтсе де, көңілден кеткен жоқ. Артында ел үшін жасаған еңбектері, іздері қалды. Жас ұрпақ ауылдан осындай елшіл азаматтар шыққанын біліп жүрулері тиіс. Бүгінде «Балдыберек» орта мектебінен музей ашылып, онда әкелі-балалы Құлшынбаевтарға арналған бөлім жасақталған. 

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.

Пікір қалдырыңыз