Ауылда тұрып-ақ академик болды

Өткен шақпен сөйлеу, өмірден өткендерді еске алып, артта қалған қайта оралмас күндерді ой елегінен бір өткізіп қою кез келген адамның басында бар жәйттер болса керек. Сағымға айналған жылдар, сағынышқа толы сәттер, бәрі-бәрі де күні кешегідей көз алдыңнан тізбектеліп өте береді.  

Иә, біз бір ауылда қатар өстік. Ауылымыздағы алдыңғы толқын ағаларымыз Сансызбай Тоғызбаев, Сопыхан Тазабеков, Намазхан Анарқұлов, Өсербай Шүренбаев, Шынтөре Шабданов, Ибадулла Үмбетаев, Айтуған Досанов, Ғани Шайдуллин, тағы басқа да азаматтарды аға тұтып, үлгі-өнегесін көрдік. Олар ұйымшыл еді. Бейнелеп айтқанда, жүріс-тұрыстары көшеге көрік беріп, біз сияқты ізінен ерген інілері қызыға қарайтындай келісті азаматтар еді.
Бәрі де Алматыда, Ташкентте оқып, ауылға оралып, елге қызмет етті. Солардың ішінде Ибадулла Ізатуллаұлы қарым-қабілетімен, ізденісімен, қоғамшылдығымен, өмірге бейімділігімен ерекше көзге түсті. Көп балалы отбасыда туып-өскен көкеміз өмір сынақтарын көп көрсе де мойымады. Жеңгей екеуі оншақты ұл-қыз тәрбиелеп, өнегелі отбасын құрды. Жеңгеміз батыр ана атанды.  
Иекең қызмет атқара жүріп, ғылыммен айналысты. Өмір баспалдақтарында биіктерден көрініп, ауыл-аймаққа сыйлы, абыройлы болды. Қызмет атқара жүріп ғылымнан ажырап қалмай, екі салада да ізін қалдыра білді. 
Отыз бес жасында Жетісай ауданындағы іргелі шаруашылық – Ленин атындағы кеңшардың тізгінін ұстап, еңбекқорлығымен елдің құрметіне бөленді. Одан кейін көршілес Келес ауданында агроөнеркәсіп кешенін басқарды, Бөгенде (Ордабасы) ауатком төрағасы, облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің, төрағасының орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 
Қамал алар қырық жасында тәуелсіздіктің жаңа құрылымы – Жетісай ауданының әкімі қызметін атқарды. Мұнда да іскерлігімен көзге түсіп, ауқымды жобаларды жүзеге асырып, өзін жақсы жағынан көрсете білді. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дегендей, Жетісай қаласынан бастап ондағы ауылдарға дейін гүлденіп, көркейген, бір сөзбен айтқанда, ауданның нағыз дәуірлеген шағы еді бұл. Қашан да көпшіліктің үніне құлақ түріп, қоғамның пікіріне ерекше назар аударып жүретін ол ел ағаларын жинап, облыс деңгейінде «Кеңесің болса, кең толға» атты алқалы басқосу ұйымдастырды. Шалғайдағы ауданда, ауылдарда өнерлі жастарды қолдау мақсатында 1993-95 жылдары «Мырзашөл жұлдыздары» атты облыстық ән байқауын өткізіп, өрімдей өнерпаздардың қанат қағуына, елге танылуына кең жол ашты. Бүгінгі қазақтың танымал әншілері Гауһар Әлімбекова, Бақыт Шадаева, Айжан Тәженова, Жұбаныш Жексенұлы осы байқаудың қарлығаштары болатын. 
Ол өзіне ұстаз, басшы болған Зайырбек Ахметовті, Сыпақұл Малдыбековті, Ілебай Мұсабаевты ерекше аға тұтып, құрметтеді. 
Алдыңғы толқын ағалар Т.Жүнісов, Б.Серіков, А.Утанов, М.Кемел, О.Нұржановпен және әріптестері О.Аяшев, М.Ертаев, К.Төлебаев, Ә.Серікбаев, С.Сейтімов, Д.Мамытов, Ә.Есқараев, А.Маханбетов, С.Ақшаев сынды азаматтармен жақын араласып, сыйластықта болды. 
Әкімдік қызметтен кейін Астана, Алматы, Шымкентке бармай, туған ауданында қалып, ғылыммен айналысты. Өңірдегі жалғыз мақта зерттеу стансасын ғылыми-зерттеу институты дәрежесіне көтерді. Осы институтты 2000 жылдан 2020 жылға дейін табан аудармай басқарды. 
Атамекенінің ата кәсібіне айналған «ақ алтыннан» мол өнім алу үшін мақтаның жаңа тұқымдық шиттерінің бірнеше түрін сұрыптап шығарды. Мырзашөл мақтасының проблемаларын облыс, республика деңгейінде биік мінберлерден көтерумен болды. Ол шетелдерге жиі шығатын. Туристік сапармен емес, ғалым ретінде барлық алпауыт мемлекеттерде болды. Ауылда тұрып академик болды. 
Елімізде мақта шаруашылығы тек оңтүстік өңірде, оның ішінде Мырзашөлдің Мақтаарал, Жетісай аудандары мен тағы бір-екі түстік аудандарда ғана өсірілетінін ескерсек, бұл өнімнің еліміз үшін маңызы қаншалықты зор екенін бағамдай беруге болады. Таңның атысы, күннің батысы демей, дала жұмысына жегілетін мақташы қауымның мұңын жан-жүрегімен түсініп, оны тереңірек зерттеп, ғылыми тұрғыда көптеген еңбектер жазып жүрген ғалымдардың арасында Ибадулла Үмбетаевтың үлесі зор еді. Іскер ұйымдастырушы ғалым ретінде тек республикамызға емес, шетел ғалымдарының арасында да танымал болды. 
Елге танымал тұлғалар М.Жұрынов, Ә.Омбаев, Қ.Айтаханов, Т.Атақұлов, Б.Тұрғараев сынды айтулы азаматтармен де жақсы қарым-қатынаста болды. Ибадулла Үмбетаев осы салада іздене жүріп төрт жүзге жуық ғылыми мақала мен үш монография жазып, сегіз жинақтың жарыққа шығуына атсалысқан екен. Сол жазған дүниелеріне авторлық патент алып, бүгінде ол еңбектері студенттер мен жас мамандардың кәдесіне жарап отырғанын да айта кетейік. 
Әрине, еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Түркістан облысының, Жетісай және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы атақтарын алды. Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты, бірнеше 
Алғыс хаттармен, мемлекеттік медальдармен марапатталды. 
Иекең қызметі және ғылымымен қатар, үй салуға, құрылыс жүргізуге де машықтанған еді. Талғам таразысы биік, көргені көп болды. Ауылда тұратын інісіне қарашаңырақ қараусыз қалмасын деп қос қабатты үй  салып берді. 
Біз аға-іні ретінде жиырма жылдай тонның ішкі бауындай араластық. Үйіне қандай қонақ шақырса да, дастарқанды маған басқартатын. Себебі, ол менің адалдығыма, жауапкершілігіме қатты сенім білдірді. Сондықтан болу керек, ұлы Бауыржан үйленгенде, Бекежанның тойларында той басшы етіп, құдалық құрамына кіргізіп, ілтипат жасады. 
Адам болған соң қанмен сіңген мінез болатыны белгілі. Ибадулла ағамыздың көңіліне тигендерді кешіруі қиын, айтқанынан қайтпайтын сәттері де болды. Ол  ел басқаруда да, ғылымда да, қарапайым өмірде де кісілік келбетін сақтаған жан. 
Ағамыздың аяқ астынан өмірмен қош айтысуы бәріміздің жанымызға қатты батты. 
Ел болып, ауыл-аудан болып, арулап шығарып салдық, торқа болсын деп топырақ салдық. Жерлеу, еске алу астарының басы-қасында болдық. Оған да төрт жылдың жүзі болыпты. 
Міне, осылайша ортамыздан шығып, еңбекқорлығымен, қайраткерлігімен танымал болған осындай замандасымыздың өнегелі өмірін өскелең жастарға үлгі етіп, баспасөз беттерінде насихаттап, есімін ұлықтап жүрсек дейміз.

Пердеш ЕСЕНБЕКОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, 
Мақтаарал, Жетісай аудандарының құрметті азаматы.

1 пікір

  • sonis
    sonis

    МЕНІҢ КУӘЛІМДІ ОҚЫҢЫЗ Менің атым Алия Ахмед, қазақстандық, жалғыз басты, күйеуім қайтыс болғанға дейін бізге сонша қарыз қалдырды, мен қатты қарызды қалай өтерімді білмей, абдырап қалдым. Бір күні интернетті ақтарып отырып, мен Мариямның Albaker несиелік фирмасының несие алуға қалай көмектескені туралы куәлігін көрдім. Сондықтан мен компанияның поштасы арқылы 5 жылға 85 000 доллар несие алуға өтініш бердім ( albakerloanfirm@gmail.com ). Мен үшін не істегенін әлем білсін, мені таң қалдырды, 48 сағаттан аз уақытта менің несием 2% пайыздық мөлшерлемемен бекітілді. Қазір күйеуімнің қарызын өтеп, жеке өмірімді, бизнесімді бастадым. Мен жай ғана уәдемді орындадым. Сонымен, кем дегенде 2% несиенің кез келген түрін алғыңыз келсе, Albaker несиелік фирмасына оның электрондық поштасы арқылы хабарласыңыз ( albakerloanfirm@gmail.com )

Пікір қалдырыңыз