ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ – АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ ЗИЯЛЫЛАРЫ

Еегер 1920 жылы республика аумағында 4 млн 781 мың адам тұрса, 1922 жылы – бар болғаны 3 млн 796 мың адам болған.

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап бекітілді. Себебі Қазақстанның бірінші президентінің жарлығымен 1997 жыл – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі де осы – «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң еді. Аталған заң 1993 жылы 14 сәуірде қабылданды. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген. Жалпы, Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар.

Қазақстанда ашаршылық салдарынан қаза тапқан адамдардың нақты саны әлі күнге дейін пікірталас пен дау туғызып келеді. Құрбан болғандар саны туралы ресми деректер әр дереккөзге қарай өзгереді. Өлім-жітімнің күрт өсуі және халықтың аштықтан зардап шеккен аймақтардан жаппай қашуының нәтижесінде Қазақстан халқы 1 миллионға жуық адамға қысқарды: егер                   1920 жылы республика аумағында 4 млн 781 мың адам тұрса, 1922 жылы – бар болғаны 3 млн 796 мың адам болған. Аштық пен бірге елге эпидемиялық жұқпалы аурулар да таралды, қауіптісі оба, тырысқақ, сүзек еді, емдейтін ауруханалар жетіспеді, салдарынан қаза тапқандар саны күрт өсті. Ашаршылықтың зардабы әлі күнге дейін халықтың жадында, мәдениетінде сақталған. Аталған кезең туралы әдебиетте бірнеше шығармалар жазылды. Ашаршылықта малдың жойылып азаюы дәстүрлі көшпелі шаруашылықтың күйреуіне әкелді. Экономикалық инфрақұрылым жойылып, аштықтан қалпына келтіру қиынға соқты. Сонымен қоса, халқымыздың мәдени мұрасының жоғалуына әкелді. Ашаршылық саяси жағдайға да әсер етіп, халық арасында наразылықтар тудырды. Бір сөзбен айтқанда, 1919-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық халық үшін ауыр және ұзаққа созылған зардаптарға әкелді.

Сондай-ақ, 1930-33 жылдар – Қазақстан тарихында терең әрі ұзаққа созылған зардаптар қалдырған ең қасіретті тараулардың бірі. Кейбір зерттеулер Қазақстанда 1,5 миллионға жуық құрбан болғанын көрсетеді. Кейбір деректерде қазақтың жартысы – 2-3 миллион адам (қазақтың жартысы) қаза тапты делінеді.

Аталған дағдарысқа Кеңес Одағындағы ұжымдастыру мен астық жеткізуге қойылған биік мақсаттар ықпал еткені мәлім. Халықтың ауылдық жерлерден қалаларға және КСРО-ның басқа аймақтарына жаппай қоныс аударуына әкелді. Ашаршылық – тірі қалғандардың психологиясында терең із қалдырды, күйзеліске ұшыраған, жақындарынан айырылған олар қиын өмір сүру жағдайларын өткерді.

Ашаршылық – көптеген адамдардың, әсіресе балалар мен қарттардың азапты өліміне әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия, тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады және медициналық көмектің болмауы өлім-жітімнің көп болуына және тұтас бір әулеттердің қырылуына әкелді. Ашаршылықтан қазақ халқы дүние-мүлкінен, жерінен, малынан айырылды, кедейшілікке ұшырады. Дәстүрлі өмір салты жойылды.

1930-33 жылдардағы ашаршылыққа қатысты тағы бірнеше маңызды аспектілерді атап өткен жөн. Халықтарды депортациялау: Ұжымдастыру саясатымен бірге ұлттарды жаппай жер аудару жұмыстары жүргізіліп, депортациялар – халық арасында үлкен тұрақсыздық пен қосымша шығындар туғызды. Мәдени мұраның жоғалуы: Ашаршылық пен жер аударудан қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жоғалды. Қалпына келтіру және одан кейінгі өзгерістер: Ашаршылықтан кейін Қазақстан экономиканың, әлеуметтік құрылымның және мәдени дамуының қалпына келуіне байланысты ұзақ мерзімді зардаптарға тап болды.Түйіндеп айтқанда, аталған факторлар 1930-33 жылдардағы ашаршылықтың қазақ тарихының ең бір қасіретті кезеңі екенін айғақтайды.

Осы орайда, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және «Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» ұйымдастыруымен «Қуғын - сүргін құрбандары - Алаш жұртының зиялылары» атты ғылыми танымдық шарасы өтті. Шараға - тарих  ғылымдарының докторы, профессор – Хазретәлі Тұрсұн, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент - Зікірия Жандарбек,   ҚР Білім беру ісінің үздігі, Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы – Айғаным Серім, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», тарих ғылымдарының кандидаты – Баян Адырбек,   Алаш зерттеушісі, зейнеткер – Сұлтан Тұрғанбаев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі - Несіпкүл Өтебаева, Ұстаз, зейнеткер – Сержан Раушан, «Дін психологиясы» саласының докторы –  Мұхит Төлеген және зиялы қауым өкілдері, Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің қызметкерлері - Амзеева Гүлнұр, Исмайлова Марина, Қыдыралиева Гүлдана және №21 Түркістан қалалық көпсалалы индустриалдық колледжінің студенттері мен жетекшілері қамтылды. Шара барысында спикерлер қазақ тарихының күрескерлері қуғын-сүргін құрбандары туралы тағылымды ақпарат жеткізіп, елі үшін, жері үшін жан қиған Алаш ақтаңдақтарын ұлықтап, олардың есімдері мен еңбектерін дәріптеді. Келуші назарға кітап көрмесі және архив құжаттары назарға ұсынылды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан өңірлік комиссиясының мүшелері Х.Тұрсұн, Д.Кенжетай, Г.Шардарбекова, Л.Динашева, А.Сандыбаева, С.Оразбай, М.Төлеген -  33 томдық материалдар жинағы мен ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» атты жинақтың 3 томында Түркістан облысында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған материалдарды басып шығаруға жұмыс істеді.

Қазіргі таңда «Халық жады» сериясы бойынша Түркістан өңірі бойынша қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтарымен сұхбаттары мен естеліктер жинағын әзірлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Еске сала кетсек, облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес Түркістан облысында 2021 жылы                            14 қаңтарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Өңірлік комиссия құрылған болатын. Екі жыл ішінде өңірлік комиссия мен жұмысшы топ жасаған зерттеулер нәтижесінде 2022 жылдың соңында 6 құжаттар мен мақалалар жинағы, 1 ақтауға ұсынылатындардың тізімі, 1 монография баспаға шығарылды.

Нәтижесінде Түркістан өңірінен саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен 5184 азамат туралы деректер анықталып, құқықтық түрде ақтауға ұсынылған. Олардың 3090-ы бай-кулактар деп айыпталып, мал-мүлкі тәркіленген. Бостандық көтерілісіне қатысқандар туралы да деректер жиналған. Аудан, қалаларда саяси қуғын-сүргін құрбандары естеліктер жинақталуда. Түркістан өлкесіндегі «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, Созақ, Бостандық көтерілістеріне, Шаян оқиғасына қатысты мәліметтер де зерттеуге алынған. Ғалымдарымыз Өзбекстан, Тәжікстан архивтері мен кітапханаларында, ҚР Президентінің архивінде, ҚР Орталық архивінде және облыстық, аудандық архивтерде жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта осы игі жұмыстың жалғасы жүзеге асырылмақ. Бұл – ұлттымыздың, мемлекетіміздің  тарихи қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну үшін атқарылған жұмыстар.

Динара Сазанова,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы

«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз