Ақ жүріп өткен «Ақжолдық» арыстар
«АҚ ЖОЛДАН» БАСТАЛҒАН АҚЫНДЫҚ ЖОЛ...
(Өтебай Тұрманжанұлы)
Құлбек ЕРГӨБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
(Соңы. Басы өткен сандарда).
Әкедей әзіз Бейсекең, Бейсембай Кенжебай-ұлы әңгіме айтып отыр. Мен тұқшыңдап жазамын. «1925 жылы, июль айында университетті, Москвадағы И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетін аяқтадық.
Достарым әр тарау бағытқа жолға шыққалы тұр. Төреқұл Айтматов – Қырғызстанға, Өтебай Тұрманжанов – САКУ-ге...»
...Иә, Өтебай Тұрманжанұлы 1925 жылы САКУ-ге профессорлық қызметке жіберілді. САКУ-іміз не?
Өтебай – Тұрманжан ұста отбасында, 1904 жылы, бүгінгі Түркістан облысы, Бөген (Ордабасы) ауданы, Жалғызағаш ауылында дүниеге келген. Балдай тәтті ме, зәрдей ащы ма, балғын шағы бүгінгі Бөген су қоймасының етегіндегі шағын ауылда өтеді. Бөген өзеніне бірге шомылып, екі санын шапаттап су шашысып ойнап өскен ауыл балалары арасында Бейсембай Кенжебайұлы да бар. Бірақ, екеуінің де балалық шағы кермек татиды. «Менің сегіз-тоғыздағы кезім. Ауылымыз Бөген дейтін шағын өзеннің жағасында отыратын, көшпейтін, кедей жатақ ел. Көбінесе жер жыртып, егін егіп күн көреді. Шөлге ептеп бидай, сулы жерге жүгері, тары, қауын егеді. Бес-алты ешкі, жекелеген сиыр-түйені егін арасына жаямыз, бірлі-жарым мінерлік атты арқандап бағамыз. Ешкі деген мал сұғанақ қой, егінге түсіп кетсе, қорықшылардан таяқ жейміз. Қорқатынымыз аспандағы Құдай емес, ауылдағы қорықшы».
Ақын архивінен табылған бір жазба міне, осылай сөйлейді.
Ауыздан ауызша әдебиеттің дәмі кетпеген кез. Аядай ауылда әнші, күйші, жыршылар жыртылып айырылады. Серілік салтпен ел аралап сырттан келетіндері де жетерлік. Өзін Пушкиннен кем көрмейтін түркістандық Молда Мұсаның өзі не тұрады?! Балалар соларға еліктейді, солықтайды. Сарман молдадан қадымша, Жұмабай мұғалімнен жаңаша оқыған балалар жыр жаттап, қисса оқырлық өреде. Көзіне бағып, көргенін істеп жыр үлгісінде өлең шығарып әуреге түседі. Солардың ішінде бала Өтебайдың өлеңдері өзге достарының «шатпағына» қарағанда жып-жинақы, көңілге де қонымды шығар еді.
Бөген, Бөген, Бөгенсің!
Балдай тәтті өзенсің.
Балдай тәтті суыңды,
Балама болсын дегенсің...
Бөген, мен сенің балаңмын.
Жас гүлімін жағаңның.
Жазыңның жыршы бұлбұлы,
Жырымын жаңа заманның! – деп бала Өтебай алғашқы әсерін өлеңмен жеткізеді.
Өтекең жастай ер-тұрман шабатын, етік тігетін ата кәсіпке баулына тәрбиеленеді. Әке тәрбиесі. Жаһанда бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр. Аранын ашып ашаршылық жетеді. Ата кәсіп тамақ асырар нәсіп болудан қалады. Әкесі, бүкір ағасы бәрі дүрк көтеріліп, нанды қала атанған Ташкентке босты. Әке мен аға жалдамалы жұмысшы. Бала Өтебай бір мектепке орналасты. Мектеп тамақ бермейді. Ұзамай №14 жетім балалар үйіне Ғани Мұратбайұлының жәрдемімен ауысады. Аталған жетім балалар үйінде тағы да Бейсембай досымен бірге өсті. Бала Өтебай маздап жырлады:
Интернатта көз аштым,
Орындалып тілегім.
Бойымдағы дар саған,
Сүйемін сені, сүйемін!
Сәулеленген – нұр толған,
Жалындаған жыр толған,
Жүрегім сендік, жүрегім! («Интернатта көз аштым») – деп те маздады бала ақын.
Ташкент – Түркістан Республикасының астанасы. Саяси айтыс-тартыс, түрлі саяси ағымды ұстанымына айналдырып алған адамдар тобы өзара тартысып жатады. Айтыс өтетін жер – «Луначарский үйі». «Луначарский үйінде» бала Өтебай мен Бейсембай, Жүсіпбек қазақтың, қазақтың ғана емес, күллі түріктің небір марқасқаларын көзімен көрді, жұлқына жұрт алдына шығып, қолын сілтей сөйлеген небір ашулы сөздерін тыңдады. Жастайынан сөздерін тыңдап, өлеңдерін оқыған марқасқалар арасында Мағжан Жұмабайұлы, Чулпон бар еді. Өзара жарасып жақсы жүретін қос шайырдың өлеңдері ақынталап жастың жүрегіне сондай жылы тиеді. Ол осы екі ақынға көбірек еліктеді. Алғашқы өлеңін «Ақ жол» газетіне апарды. «Жас алаш», «Жас қайратқа» өлең жариялатып, талай жырғады қауырсын қанат жас ақын. Тағы да өмірбаяндық жазбасына ден қоялық:
«1922 жылдың июнь айында университетке дайындайтын үш айлық курсқа Ғани Мұратбаевтың көмегімен комсомол жолдамасын алып келіп түстік. Курсты көңілдегідей бітіріп шыққандардың қатарында Москваға келіп, Күншығыс еңбекшілеріне арналған коммунистік университеттің өзіне оқуға түстік. Тверский бойындағы университет жатақханасының шағындау бөлмесіне орналастық...»
Шуаш түрігінің тұқымы В.И.Ленинді көзбен көру, И.В.Сталинді, Троцкий, Каменев, Зиновьевті тыңдау, Мағжандай ұлы ақыннан қазақ тілі мен әдебиеті сабағын алу – өрен жастарды өсіріп жіберген еді. Елдің саяси ахуалына алаңдайтын мінез тапқан. Мағжан ұстаз жастарды «Литературная учеба» журналының жанынан ұйымдасқан әдебиет үйірмесіне балапандарын бастайтын атақаздай айналасына топтап алып барады. Александр Блокты, Валерий Брюсовты, Владимир Маяковскийді тыңдайды. Олардың «Правда», «Известия» газеттерінде жарияланып жататын өлеңдерін оқиды. Әдеби талғам қалыптасады. Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов ағаларының айтуымен университеттің әдеби үйірмесінде (әдеби үйірмені Мәжит Дәулетбаев басқарады. Қ.Е.) ұстазы Мағжан Жұмабайұлы өлеңдері жайында баяндама жасағанын қайтерсің.
Оқу бітірер жылы «Күншығыс халықтары кіндік баспасының» бас редакторы Нәзір Төреқұл-ұлы қамқорлығымен кітап аударып, аталған баспадан кітап етіп шығарады. Жарық көрген кітаптарға сын жаза бастайды. Аударма да талапты, талантты жастарды шыңдап, шығармашылық іске бастайды. Жүсіпбек Арыстанов В.И.Лениннің «Жастар ұйымының міндеттері» деген еңбегін аударды. Ілияс Қабылов пен Бейсембай Кенжебайұлы И.В.Сталиннің «Об основах ленинизма» деген кітабын аударды. Өтебай мен Сұлтан (Лепесов. Қ.Е.) И.В.Сталиннің университетті бітірер кезде келіп сөйлеген сөзін («О задачах университета Востока») аударып, баспаға ұсынады. Қаламы бастығып, қаламақы тұрмысын түзеп, жастар қанаттанып өсіп келеді.
Москваның аты – Москва. Ол – КСРО-ның жүрегі саналады. Онда Шығыс, тіпті Таяу Шығыс жастары көптеп оқиды. Түрік Назым Хикметпен, вьетнам Хо Ши Минмен бір ғимаратта оқиды. Коммунистік идея КСРО-дан сыртқа беттеп, кең жайылып бара жатқан эксперименттік уақыт. ШЕКУ (КУТВ)-дің берген білімі, олар жүрген москвалық орта жастарды аз жылда қанаттандырып-ақ жіберген. Өтебай ақын өлеңдері қазақ газеттерінде жиірек жарияланып тұрады. Бір қызық бар. Өтебай көңілін махаббат желігі буады. Қазақстаннан оқуға барған Алма есімді қызбен сөз байласады. Достары, курстастары жиналып екеуіне комсомолдық үйлену тойын жасап жырғайды. Той үстінде Өтебайдың қасында отырған Алма қызықшылық шарықтаған шырқау биігінде сытылып шығып Сабеля текті (атын білмедік. Қ.Е.) чех жігітіне ілесіп кете барады... Тойдың шырқы бұзылады. Шамасы, Алма қазақ бозымы мен чех жігітінің екеуімен бірдей сөз байласып жүрген сыңайлы. Чехияға ұзатылып кете барған Алма күйеуінің тегіне көшіп, Алма Сабеля атымен күні кешеге дейін сырт елде өмір сүріп, тіршілік кешті. Қайран, қазақ қызы! Сенің тағдырың да соншалықты сан-тарау. Іздер ме еді? Іздегенбіз уақытында. Уақыт құмы басқан тарих сүрлеуінде Алма Сабеляның ізі шықпады... Бұл басқа гәп! Қазақ қызынан көңілі қалған Өтебай Майнұр есімді татар қызының қолынан ұстады... Майнұр шешемізді көрдік. Бейсекеңнің көңілін сұрап, үйге келіп тұрар еді. Салодовников көшесінде Жазушылар үйінде тұратын. Үйінде де болып, Өтекең жайында көп әңгімелестік Майнұр апаймен.
...Енді, міне 1925 жылдың шілдесінде өздерін қанаттандырған КУТВ-дан түлеп ұшып, туған елге кетіп барады. Өтебай Тұрманжанұлын САКУ-ге профессор етіп жібереді. Алдымен САКУ-іміз не, қандай оқу орны? Орысша мәтінді қазақшалап кеп жіберсек, Орта Азия коммунистік университеті болып шығады. Ташкентте бұған дейін Қырғыз-қазақ ағарту институты болғанын білеміз. Ал, САКУ-ге жол болсын?! Диссертация қорғамаған Өтебай Тұрманжанұлына профессорлық қызмет берілгені несі?
...Жетім балалар оқып шығатын, жасы асып кетуіне байланысты ШЕКУ-ге дайындайтын үш айлық курс, партия-совет мектебі аталатын тағы бір курс бәрі қосылып, Ташкентте САКУ-ге айналған еді сол жылы. Бұл алдымен екі жылдық жеделдетілген коммунистік университет болып ашылыпты. Кейін толыққанды САГУ-ге (Орта Азия мемлекеттік университеті) айналады. Жаңа ұйымдасып ашылып жатқан университетке (әлгі курстарды бітіріп келген оқушыларға) профессор керек. Москвадағы ШЕКУ-ді аяқтаған Өтебай Тұрманжанұлының КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Бубнов қол қойған бағыттама қағазымен келіп, профессорлық қызметке кірісетіні осы себептен.
САКУ-де он жыл профессорлық атқарған Өтебай шығармашылық көрігін шындап қыздырады. Ташкентте мектеп-интернатта оқи жүріп «Жас жүрек» қабырға газетіне «Ардақты қарындасым, аты Ажар» аталатын өлеңі жарияланған Ө.Тұрманжанұлы бұл жылдары «Таң өлеңдері» (1925), «Қошан кедей» (1927), «Таң сыры» (1929), «Еңбек және мектеп» (1930), «Қарлығаш» (1931), «Тілші» (1931), «Құрыш құс» (1932), «Пулемет» (1933), «Карл» (1934) секілді түрлі жанрда жазылған кітаптарын шығарады. Ташкентте жемісті еңбек еткен. Молда Мұса (Мұсабек
Байзақов) жайында диссертациялық еңбек бастап, көлемді зерттеу жариялайды. Нәзір ағасы Москвадан мойнына іліп жіберген міндет – мақал-мәтелді жинап, теріп тақырыптық жүйеге түсіріп, кітап етіп бастыра бастайды.
1935 жылы Қазақстанға ауысады. «Әдебиет және искусство» журналы редакторының орынбасары. Ол – бүгінгі «Жұлдыз» журналы. Сөйтіп, «Ақ жол» газеті рух бағытын журналда жалғайды Өтекең. Сәкен Сейфуллинмен дос жар жүреді. Көркем кескінді Сәкен Сейфуллин жиі-жиі бойдақ қала берсе керек. Келесі қызға «сырға» таққанша Өтебай досының пәтерінде бірге тұрады.
1934 жылы КСРО жазушыларының 1-ші съезі өткені мәлім. Съезде «Пролетариат әдебиетінің атасы» аталып үлгерген М.Горький (М.Пешков) аузымен балалар әдебиетін көтеру мәселесі айтылады. Москвадан оралған Ілияс Жансүгіров осы мәселені – ұлт балалар әдебиетін ұйымдастыру, өркендету жайын қазақ баспасөзі бетінде көтереді. Ілиястай ағыл-тегіл ақын досын қостап қазақ балалар әдебиетін дамыту жөнінде мәселе көтеріп, мақала жазушының бірі Өтебай Тұрманжанұлы!
Мағжан поэзиясы өрнегінде тамылжыған лирик болып қалыптасқан ақын мойнына жаңа міндет қамытын киеді. Ол – қазақ балалар әдебиетін қалыптастыру, көркейтіп өркендету! Балалар әдебиеті Өтебай ақынның сол бір күндерден өмірінің аяғына дейін абыроймен атқарған, толассыз жеміс берумен күн жүзіне шығарған шығармашылық саласы. Тамылжыған лирик досының жеткен жетістігіне қуанып Бейсембай Кенжебай-ұлы «Әдебиет және искусство» журналында «Өтебайдың поэзиясы туралы» атап, арнайы мақала жазады. Мақалаға тоқталуымызда мән бар. Талдау шолу, шола талдау мақалада досының үйреніс мектебін дәл анықтап, бірақ күйдіріп алмас үшін мынадай түйін жасайды: Өтебайдың Мағжан ақыннан үйренуі рас. Бірақ, мазмұны жағынан емес, түрі жағынан, лирикалық кейіпкер жанына терең үңілуі жөнінен ... (№9, 1934 ж. 117-128 беттер.) Алашордашыл ақынды жұрт секілді даттай жөнелмей, ақырын ғана лирикалық ақындық мектепке айналғанын баспалап жеткізіп отыр.
Ташкентте қала бергенде әлде қайтер еді?! Өз елінен ығысып келіп, Ташкентте тұрып, шығармашылық жасаған Ғ.Сағди (татар), Шейхзаде (әзербайжан) секілді 1937-38 жылдың зұлматынан аман шығар ма еді? Қалың елім, қазағым деп еліне келген Өтебай Тұрманжанұлы зұлматқа ұшырады. Көркем шығармашылықта бәйге атындай аңқылдап бірінші лекке ілініп алда келе жатқан тамаша лирик ақынды көрсеткен, көзіне түрткен өз қазағы, қаламгерлік орта... Амал не, жайқалған жаз гүліндей нәзік майса лирикасымен танылып, балалардың жан-дүниесіне үңіліп, балаға не керегін түсініп, тағлымды тақпақ, тәрбиелік мазақтама өлеңдерін табысты жазып жүрген ақын зұлмат жылдар ауыртпалығын арқалап түрмеге қамалды, атылуға ұйғарылып тұрып, тас кедейдің баласы екені ескеріліп, 20 жыл мерзімге Сібір айдалды. Айдалып кетіп барып, Сібірде байыздағанда артынан Майнұр шешеміз туған ұлының «иткөйлегін» ырым етіп, салып жіберетіні бар.
Келді маған бір ақ жәшік алыстан...
«Мынау саған балаң шешкен «иткөйлек»
Депті ырым ғып тәбәрік ет, көзің сүрт.
Жапырақ гүл, жас иіс бұл «иткөйлек»
Көп нәрсені көзіме айтып тұр сөйлеп,
Бала иісі балбыратып жанымды
Жылап алдым жұрттан көзді күркөйлеп.
Көргендей боп нәрестемді көзіммен
Бөлінгендей біреу тағы өзімнен.
Апрельдің аяғы еді көктемде,
Көктем лебін көңілім сонда сезінген...– деп сол бір сырлы да тағдырлы сәттен этнографиялық бояуға малып Өтекең Сібірде жүріп «Иткөйлек» атап, ішкі иірімі драмалы, болмысы трагедиялық өлең жаратқан.
Он жыл Сібір азабын көріп, «ақталып», қалада тұруға болмайды деген сенімсіздік шартымен Сарысуда аз уақыт аялдап, қайыра Сібір айдалып, ұзын-ырғасы 20 жылды жылап жүріп жасады ақын. Ол жылдарды өмір атауға бола ма, жоқ па, Құдайым білсін! Аз уақыт ақталып келіп, қайыра аттанып бара жатқан жылдардың ауыртпалығын ұлына арнаған шерлі өлеңінде «Сарысуда туып, Сібірде өстің, Алмасындай Мичуриннің...» – деп жырлағаны да есте.
Ақын архивімен жұмыс істеген сәттері:
Қара орман, қалың қара орман!
Көңілімді кенет бұрасың.
Кеудеңде бардай бір арман,
Күңіреніп кейде тұрасың...– деп басталатын Сібір өлеңдері толы шерлі өлеңдер шоғырын (бір дәптер) көргенім, көз алмай оқығаным бар. Бір папка өлеңдер еді. Ол шерлі өлеңдер әлі күнге жариялана қоймады. Кейінгі тағдырынан хабарым жоқ.
Ақындық жолын «Ақ жолдан» бастаған Өтебай Тұрманжанұлы Сібір түрмесінен де аман шығып, азапты жылдарды ләззатты шығармашылыққа айналдырып тағы да жиырма жыл табысты жыр толғады, лирик-трагиг болып жылады, балаға алуан жанрлы өлең, тақпақ жазып «Бала, шіркін бал-дәурен...» деп жырлады, халық даналығы – мақал-мәтелді тақырыптық жүйеде жинап, төрт дүркін кітап етіп бастыртып, қалың қазақтың алғысын алды, аталы сөздің астарын ашып, мазмұн байлығын, философиялық қалыңын қазып тұтас кітап жазғаны тағы бір қызықты шығармашылық. Кезінде «Мектеп» баспасына тапсырылған ол қолжазбасының тағдыры бізге белгісіз. Елемей, ескермей жүргенімізге қарамастан Өтебай Тұрманжанұлы туындыларын кезінде Қадыр Мырза Әлі қадыр тұтып арнайы талдама мақала жазып, өзіне ұстаз тұтты, ұлы Жұмекен Нәжімеденов, мұғал Шәміл Мұхамеджанов қаламгер тағдырына таң қалып, тағдырының ауырлығына жаны ауырып зар қағып өздерінің ойлы өлеңдерін зор құрметпен арнады оған.
Алуан жанрда жазған сан қырлы дарынды ақын, алымды-шалымды шығармашылық иесі – Өтебай Тұрманжанұлынан қалған ешқашан әрі қашпас, сыры кетпес, сыны бұзылмас әдеби мұраны тақырыбына қарай топтап талдау, жанрына бастай жинақтап астарын ашып, жаңғыртып баптау, бағалау – бүгінгі ұрпақтың міндеті! Балалар әдебиетінде классика жасаған ақын. Бір ғана мысал. Оның «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос-құдалар» аталатын мысал поэмасы кезінде «Детская литература» журналында жарық көрді. Жарық көрді де, классикалық шығарма әлемнің әлденеше тіліне аударылып жүре берді. Күні бүгін Өтебай Тұрманжанұлының «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос-құдалар» мысал-поэмасына жетер шығарма қазақ балалар әдебиетінде туған жоқ. Өтекең – қазақ балалар әдебиетінің Корней Чуковскийі еді... Жә, ол арнайы әңгіменің еншісі. Әзіргі әңгіменің түйіні: Ол ақындық жолын «Ақ жол» газетінен бастаған еді.
polkmnoipk
МЕНІҢ КУӘЛІМДІ ОҚЫҢЫЗ Менің атым Алия Ахмед, қазақстандық, жалғыз басты, күйеуім қайтыс болғанға дейін бізге сонша қарыз қалдырды, мен қатты қарызды қалай өтерімді білмей, абдырап қалдым. Бір күні интернетті ақтарып отырып, мен Мариямның Albaker несиелік фирмасының несие алуға қалай көмектескені туралы куәлігін көрдім. Сондықтан мен компанияның поштасы арқылы 5 жылға 85 000 доллар несие алуға өтініш бердім ( albakerloanfirm@gmail.com ). Мен үшін не істегенін әлем білсін, мені таң қалдырды, 48 сағаттан аз уақытта менің несием 2% пайыздық мөлшерлемемен бекітілді. Қазір күйеуімнің қарызын өтеп, жеке өмірімді, бизнесімді бастадым. Мен жай ғана уәдемді орындадым. Сонымен, кем дегенде 2% несиенің кез келген түрін алғыңыз келсе, Albaker несиелік фирмасына оның электрондық поштасы арқылы хабарласыңыз ( albakerloanfirm@gmail.com )