Шаруаларға 5 пайыздық несие береді
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Кең дала – 2» бағдарламасы бойынша фермерлерді қаржыландырудың шарттары баяндалды.
– «Аграрлық несие корпорациясы» «Кең дала» бағдарламасы аясында үш жылдан бері көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім науқандарын жүргізуге 140 млрд. теңге көлемінде қаржы беріп келеді. Биыл бұл қаражат 300 млрд. теңгеге ұлғайды. Аталған жобаның тиімділігі – шаруаларға төмендетілген 5%-дық несие беруінде. Егер шаруалардың кепілге қоятын мүлкі ұйымның талаптарына сәйкес келмесе мемлекеттік «Даму» қоры оларға 85%-ға дейін кепілдік беруге әзір, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев.
Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының директоры Фурхат Миркаримов несие беру тәртібін түсіндірді.
«Бұған дейін несиелер қысқа мерзімге беріліп, оларды 1 желтоқсанға дейін өтеу қажет болса, қазір қарызды өтеу мерзімі ұзартылды. Енді қарыздардың 50%-ын өтеу 1 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 1 наурызына дейін төлеуге болады. Бұл фермерлерге астықты барынша ұтымды бағамен сатуға мүмкіндік береді» деді ол.
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.