Роналдудың соңғы жорығы

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Сонымен футболдан кезекті Еуропа чемпионаты басталды. Газетіміздің өткен нөмірлерінде «А», «В», «С» және «D» топтарындағы командаларға шолу жасаған болатынбыз. Бүгін «Е» және «Ғ» квартеттеріндегі құрамалар туралы сөз қозғасақ дейміз.

«Е» тобы: «Жұмбақ құрамалар» квартеті

Бұл топтың ғана емес, осы турнирдің ең жұмбақ командаларының бірі – Румыния құрамасы. Баршаға белгілі Румынияның ірі турнирлерде ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ. Әлем және Еуропа чемпионаттарында ширек финалдан әрі аса алмаған. Бірақ, кезінде Георги Хаджи, Дарниэль Мунтиану, Виорел Молдован, Кристиан Киву, Адриан Муту секілді румыниялық футболшылар әлем жұртшылығының аузынан түспейтін. Ал, қазіргі Румыния құрамасының сапынан жанкүйерлер бір ғана футболшыны жыға таниды. Ол – англиялық «Тоттенхэмнің» қорғаушысы Раду Дрэгушин. Бойшаң қорғаушы, әсіресе, әуедегі допқа таласта ешкімге дес бермейді. Бірақ, жылдамдық жағынан оған айтылар сын көп. Тағы бір атап өтуге тұрарлық футболшы – Мадридтің «Атлетико» клубының қақпашысы А.Молдован. Алайда, бухарестік «Рапидтен» «Атлетикоға» ауысқалы ол алаңға бірде-бір рет шықпады. «С» тобында Еуропаның ТОП лигаларында өнер көрсететін осы екі ойыншыны ғана ерекше айтуға болады. Сонымен қатар ардагер футболшы, құрама капитаны Николай Станчуға назар аударуға болады. Бірақ, Станчу негізінен ортаңқол чемпионаттарда ойнаған. Қазір ол араб елдерінің чемпионаттарын жағалап жүр. Іріктеу турнирінде Швейцариямен бір топта болып, Еуро додаға бірінші орынмен шықты. Іріктеу турнирінде мақтаулы швейцариялықтардың өзінен 5 ұпай озып кеткен Румыния құрамасы Еуропа чемпионатында да сенсация жасап жатса, таң қалмаймыз.

Румындардың құрамында «жұлдызды» ойыншылардың болмағаны қарсыластарына әжептәуір қиындық тудырады. Өйткені, қарсылас команда қай ойыншыдан қауіп күтуге болатынын білмейді. Бұл Эдвард Йорданеску жаттықтыратын құраманың ең басты қаруы болып тұр.

Ал, Бельгия құрамасының Еуропа чемпионатындағы ең үлкен жетістігі – 1980 жылғы турнирдің күміс жүлдесі. 2000 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін Бельгия футболы қайта түлеп, үлкен төңкеріс жасады. Соның арқасында Куртуа, Лукаку, Вертонген, Компани, де Брюйне, Азар секілді «жарық жұлдыздар» шоғыры өсіп шықты. Бельгия футболын осы ойыншылар ұшпаққа шығарады деп ойлағандар көп болды. Алайда, олардың ең үлкен жетістігі – 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі ғана. Одан кейін, 2022 жылғы мундиальде бельгиялықтар турнирді топтық кезеңде аяқтап, масқара болды. Осыдан кейін құрамада үлкен өзгеріс жасалды. Кезінде Бельгия халқы зор үміт күткен құрамнан Вертонген, Лукаку, де Брюйне үшеуі ғана қалды. Ал, құраманы баптауға команда капитаны Вертонгеннің құрдасы, 38 жастағы Доминик Тедеско тағайындалған.

Командада ұрпақ ауысу процесі жүріп жатса да, Бельгия өз деңгейін сақтап қала алды. Ардагер футболшылардың орнына келген жас футболшылар да осал емес. Атап айтсақ, орталық шепте «Эвертонды» өрге сүйреп жүрген Онана мен «Лиондағы» Мангаля ойнайды. Шабуылға үн қосатын де Брюйненің жанында Юри Тилеманс пен осы қыста Мадридтің «Атлетикосының» сапына қосылған жас футболшы Вермелен жүреді. «Үлкен Ромның» қасында қолды-аяққа тұрмайтын өте жылдам футболшы Джереми Доку бар. Докудың ойыны жүрмей жатса, «Арсеналдың» шабуылшысы Троссар да нағыз бабында. Лукакуды да алмастыра алатын футболшы бар, ол – «Лейпциг» шабуылшысы Опенда. Әйткенмен, Тедеско қорғаныста проблема барын жасырмайды. Шау тартқан Вертонгеннің жанына Зено Дебаст шығатын шығар. Айтпақшы, «Андерлехттің» 21 жастағы осы қорғаушысына Еуропа чемпионатынан кейін ТОП клубтар «құда» түсіп жатса, таң қалмаймыз.

Егер Бельгия құрамасының «алтын құрамының» уақыты тәмамдалса, Украина үшін, керісінше, «алтын құрам­ның» нағыз ерлік көрсететін шағы келгендей. Құрамадағы ойыншылардың көпшілігі Еуропаның ТОП лигаларында өнер көрсетеді. Иә, украиналықтар бұл чемпионатқа қосымша кездесулер өткізіп, әрең жетті. Бірақ, іріктеу кезінде жеребе жолдас болмағанын айта кеткен жөн. Олар Англия мен Италия құрамасына тап болып, бұл топта үшінші орын алды. Тіпті, Италия құрамасымен ұпай саны бірдей еді, тек қосымша көрсеткіштердің нәтижесінде Еуроға «скуада-адзурра» өтіп кетті.

Украинаның «алтын құрамы» дегенді бекер айтқан жоқпыз. Қазір құрамада АПЛ-дің бірнеше дүркін чемпионы Зинченко, «Челси» ойыншысы Мудрик, Мадридтің «Реалын» УЕФА чемпиондар лигасының финалына дейін сүйреген қақпашы Лунин, «Дженоадағы» Малиновский, «Эвертоннан» Миколенко, «Борнмуттан» Забарный, «Жиронамен» бірге Ла-Лиганың ең басты сенсациясын жасаған Цыганков пен Довбик бар. Олардан бөлек донецкілік «Шахтердің» 20 жасар футболшысы Георги Судаковқа қызығып жүрген еуропалық клубтар жетерлік. 

Бұл топтағы тағы бір жұмбақ ұжымның бірі – Словакия құрамасы. Ондағы ерекше атап өтуге тұрарлық ойыншылар – «Наполидің» жартылай қорғаушысы Станислав Лоботка мен «ПСЖ» қорғаушысы Милан Шкриньяр. Одан бөлек «Ньюкасл» қақпашысы Дубравканы да ерекше атап өтуге болады. Өзге футболшылар ортаңқол чемпионаттарда өнер көрсетеді. Словакия құрамасы бұған дейін бір-ақ рет Еуропа чемпионатына қатысқан. 

«Ғ» тобы: «Еуропалық бразилиялықтар» бәрін жеңе ме?

Бұл топта ерекше назар аударуға тұрарлық құрамалар жеткілікті. 1996 жылғы Еуропа чемпионатының ең басты сенсациясын жасаған Чехия құрамасы еді. Чехтар сол турнирде финалға дейін жетіп, ақтық сында  немістерге жол беріп қойған еді. Бірақ, 28 жылдан бері Чехиядан сол ерлікті қайталайтын құрам шықпай келді. Чехтар өткен Еуропа чемпионатында ширек финалға дейін жетті. Бірақ, ағылшындардан айласын асыра алмады. Осы жолы ол межеден де асып түскісі келеді. Чехиялықтардың ойыншылары ТОП лигаларда әр команда сапында ойнағанымен, олардың негізгі базалық клубы Чехиядағы «Спарта» мен «Славия» клубтары. Яғни чехиялық футболшылар бір-бірін бала кезінен жақсы біледі, бір бірінің ойын тез түсінеді. Жасөспірімдер, жастар құрамасында бірге ойнап өскен футболшылардың ересектер құрамасына келгенде үлкен нәтижеге жетуі оңай болады. Құрамында Соучек, Цоуфал, Шик секілді жұлдызды ойыншылары бар Чехия биыл да ширек финалға бір жетсе, әрі қарай қамшы салдырмас...

Ал, Түркия құрамасының құрамына үңілсеңіз, көзіңізге бірден 19 жасар қос «вундеркинд» Арда Гюлер мен Кенан Йылдыз түседі. Гюлер Мадридтің «Реалы» сапында өнер көрсетсе, Йылдыз туриндік «Ювентус» жейдесін киіп жүр. Бұлардан бөлек жартылай қорғаушы Аркун Кокчуға да назар аударған жөн. Былтыр Нидерланд чемпионатының үздік ойыншысы атанған түрік футболшысы биыл португалиялық «Бенфика» сапында да жасындай жарқылдады. Жалпы, Түркия құрамасының ең мықты тұсы – орталық шеп. Онда Кокчудан бөлек миландық «Интердің» жартылай қорғаушысы Хакан Чалканоғлы бар. Ол алыстан да, жақыннан да пасты жақсы береді, айып алаңының сыртынан соққы бағыттай салуға да қиналмайды. 

Осы Еуропа чемпионатында жалғыз дебютант бар, ол – Грузия құрамасы. УЕФА Ұлттар лигасының қосымша матчтарында Грекия құрамасын жеңген грузиялықтар «қарт құрлықтың» додасына алғаш рет қатыспақ. Осы жағынан алғанда Грузия құрамасына жеңіл болады. Өйткені, алғаш рет қатысып тұрған соң жанкүйерлер айрықша нәтиже күтпейді. Егер Түркия мен Чехия жанкүйерлері өз командаларынан жоғары нәтиже көрсетуді талап өтсе, грузиялықтар үшін осы турнирдегі әрбір минут, әрбір гол, әрбір ұпай мерекемен тең. Сол себепті де Вилли Саньол жаттықтыратын ұжым топтың аутсайдері болса да, қарсыластардың жүйкелерін ермекке жұқартып бере алады. 

Португалия құрамасы – топтың ғана емес, турнирдің фавориті. «Еуропалық бразилиялықтардың» қазіргі құрамы «қарт құрлықтағы» ғана емес, әлемдегі ең үздік құрамдардың қатарынан саналады. Атын атап, түсін түстер болсақ, қақпада Еуропадағы ең үздік қақпашылардың бірі Диегу Кошта тұрады. Қорғаныста тасқамал Рубен Диаш пен «Бенфиканың» жас таланты Антонио Силва шеп құрған. Ол екеуінің қос қапталына Жоао Канселу мен Диего Далот жауапты. «Бавария» қорғаушысы Геррейру жарақат алып, бұл чемпионатқа қатыса алмайтын болды. Ортада доп түгілі доптың лебін өткізбейтін «Фулхэм» ойыншысы Палинья бар. Палиньяның алаңнан ескерту қағазынсыз кеткен кезі аз. Оның жанында «ПСЖ-ның» әмбебап футболшысы Витинья жүреді. Шабуылға көмектесетін Бруну Фернандеш пен Бернарду Силваны біз айтпай-ақ, өздеріңіз де танып тұрсыздар. Шабуыл шебі тіптен әлеуетті. «Миланнан» Леау, «ПСЖ-дан» Рамуш, «Ливерпульден» Жота, «Барселонадан» Феликс келіп отыр. Бұлардың қай-қайсысы да кез келген қақпашыны ұйқысынан шошытып оята алады. Бұларды аз десеңіз, өмірі қартаймайтын Криштиану Роналдуді қайда қоясыз! Қосалқы құрамда отырған футболшыларының өздері еуропалық ТОП чемпионаттарда өнер көрсетіп жүргендер. Мамандар Португалияның қазіргі құрамы 2016 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алған құрамнан да мықты деп отыр.

Осы Еуроға іріктеу барысында португалиялықтар 10 ойынның бәрін жеңіп, қарсыластар қақпасына 36 гол салды. Өздері небәрі 2 гол жіберді. Команданы испаниялық бапкер Роберто Мартинес жаттықтырады. Бельгияның «алтын құрамымен» чемпион бола алмаған Мартинес Португалияның «алтын құрамын» ұшпаққа шығарсам дейді. 

Криштиану Роналду өзінің алтын Еуропа чемпионатына қатысқалы отыр. Енді 4 жылдан кейін өтетін додаға дейін ол да мансабын аяқтайтын шығар. Сондықтан 39 жастағы аңыз футболшы үшін осы турнир Еуропадағы соңғы жорығы болмақ. Еуропадағы дейтініміз, Роналду екі жылдан кейін АҚШ, Мексика, Канада жерінде өтетін әлем чемпионатына қатысуға ниеттеніп отыр.

1 пікір

  • Пердебай Бақдәулет
    Пердебай Бақдәулет

    Керемет Рахаттанып оқып шықтым

Пікір қалдырыңыз