Тым сенгіштік сан соқтырады

Қазір аттап бассаң, алданған адамға тап боласың. Әсіресе, интернет алаяқтарының торына түсіп қалғандардың қарасы қалың. Мұны алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың полиция бөліміне жиі шағымдануынан байқауға болады. Мәселен, былтыр Түркістан облысы бойынша 567 интернет алаяқтық қылмыс тіркелсе, биыл жыл басынан бері 100-ге жуық осындай қылмыс жасалған.

Цифрландыру өмірімізге дендеп енгелі адамдар онлайн саудаға бейімделе бастады. Ол үшін тауарды арнайы сайт арқылы іздеп, көрсетілген банктік есепшотқа ақша аударады. Ал, жеке деректерді, сондай- ақ банк карточкасының нөмірін қолға түсірген алаяқтар сол кісінің атын жамылып, ақпараттық шабуыл жасайды. Енді бір адамдарға электронды поштадан түрлі сілтемелер келеді. Ақшаға құныққан адам оны өзінің пайдасына шешеді. Мұндай оқиғалар күнделікті өмірде жиі кездесіп жатады. 
Соңғы бірер айдың көлемінде тіркелген бір ғана мысалға тоқталсақ. Жуырда Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап келеді. Оның айтуынша, белгісіз біреулер телефонына хабарласып, «сим картасының» мерзімі өтіп кеткенін хабарлаған. Оған сенген адам нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтып береді. Артынша телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келе бастайды. 
Тексеру кезінде тұрғынның атынан белгісіз біреудің несие алуға әрекет жасап жатқаны анықталады. Тәртіп сақшылары тұрғынның ұялы телефонынан «eGov» мобильді қосымшасына кіріп, 6 ай мерзімге дейін несие алудан бас тарту туралы бөлігін белгілеп береді.
Бірер сағаттан кейін тағы бір тұрғын дәл осындай шағыммен келеді. Алайда, тексеру кезінде оның атынан белгісіз біреудің 1 миллион теңге несие алып қойғаны анықталады. Оның атынан тағы да бірнеше банкке несиеге өтінім тасталғанын байқаған полицейлер ер адамның телефонынан несие алудан бас тарту туралы функциясын бұғаттап береді. 
Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Жақында «арзан бағада жер алып беремін» деген 32 жастағы сарыағаштық тұрғын ұсталды. Кейін белгілі болғандай, ер адам бейтаныс әйелдің үй салу үшін жер іздеп жүргенін біліп, қосымша ақша тапқысы келген. Содан ол жәбірленушіні арзан бағада жер сатамын деп сендірген. Бұған бейтаныс әйел бірден келісіп, ер адамға алдын ала 3,3 миллион теңге береді. Күдікті ақшаны алғаннан кейін қоңырауларға жауап беруді мүлде тоқтатқан.   
Таяуда дәл осы Сарыағаш ауданында «тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» деген 31 жастағы әйел құрықталды. Күдікті әйел жәбірленушіге «мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 100 мың теңге ақшасын алып, ізін суытқан. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұдан басқа осындай 6 алаяқтық жайтқа қатысы бары анықталды. Оларды да үй алып беремін деген жалған сөздерге сендіріп, алаяқтықты кәсіпке айналдырған. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 
Жалпы, облыстағы алаяқтық қылмыстардың сипаты осындай. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқтардың тұзағына көбінесе жаңа технологиялар туралы, оның ішінде банк саласы туралы білмейтін қарт кісілер немесе қарапайым адамдар түсіп жатады. Өткен жылы интернет алаяқтар заңсыз несиелер ресімдеп, жәбірленушілерге 931 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Қалай десек те, интернет алаяқтық күн сайын өршіп барады. Оларға алданбаудың ең тиімді жолы – жеке ақпаратқа мұқият болу. 

«ОҢТҮСТІК»-ақпарат.    

Пікір қалдырыңыз