Өтебай әулие

«Мың өлiп, мың тiрiлген» қазақ жер бетiнен мәңгiге жойылып кетпей, күштiлерге жұтылып кетпей, бүгiнгi күнге аман-есен жетсе, ол әсiлi руханиятының мықтылығынан. Өкiнiшке қарай, бiз газет-журналдар бетiнде руханият деп қанша жазып, радио-телеарналардан қанша айтып жатсақ та, бұл сөздiң мәнiсiне әлi терең бойлай алмай жүрген замандастарымыз аз емес. Көп адам руханият дегендi әрi кетсе әдебиет, өнер туындысы деп ойлаудан аса алмай жүр. Руханият, рухани өмiр дегеннiң Құдаймен байланыста өмiр сүру екендiгiн бiлген күнi жер бетiне бәрiмiз iштей аңсайтын қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын заман да орнайтын шығар-ау.

Асыра сiлтеп, әсiре мақтанып отыр демессiздер, мына жер бетiнде қазақтай руханиятқа бай халық жоқ. Бар болса да кем. Қазақтың рухани мұраларын түгел жинап, жариялайтын болса, бүкiл әлемдiк құндылықтардың ең жауһарларының ортасынан ойып тұрып орын алар едi-ау. Өзiм қазақтың руханиятқа бай болуының бiрден-бiр себебiн әулиелерiнiң көптiгiмен байланыстырамын. Расында да, қарап отырсаңыз қазақта әулиесi жоқ ру кездеспейдi. Бұрын «Әулие Құдай емес, Құдайдан былай емес» деген мақалды естiсем де онша мән бермеушi едiм. Сөйтсем әулие дегенiңiз руханиятты жасаушы, орнықтырушы тұлға екен ғой. Ал, рухани өмiр, руханият дегенiңiздiң Құдаймен байланыста өмiр сүру екендiгiн жоғарыда айттық. Оның үстiне аталарымыз ежелден әулиенi Құдайдың досы деп бағамдайды. Адаммен дос болудың өзi соншалықты ғанибет тiрлiк екенiн баршамыз да бiлемiз. Ал, Құдайдың досы болу дегенiңiздiң мәртебесiн, дәрежесiн осыдан кейiн өзiңiз-ақ есептей берiңiз! «Әулие Құдай емес, Құдайдан былай емес» деген мақалдың сырына осыдан кейiн де қанықпасаңыз, онда бiлмеймiн...

Қазақты тану үшiн, яғни өзiңнiң кiм екенiңдi бiлу үшiн ұлтыңның руханиятын бiлуiң керек. Ал, ұлтыңның руханиятын бiлмекке ұмтылсаңыз, онда әулиелер (бұл топқа сөз бастаған ақындар да, қол бастаған батырлар да, ел билеген көсемдер де – бәрi-бәрi кiредi) туралы әңгiмелерден аттап кете алмайсыз.

Шүкiр, қазақтың жады әулие-әмбиелерiн әлi ұмыта қойған жоқ. Әзiрет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауиден бастап Бекет әулиеге дейiнгi және одан кейiнгi iрi-iрi тұлғалар туралы мақтанышпен айтылады. Алайда, әулиелердi түгендеп болдық десек, онымызға ешкiм сенбес едi. Бiз есiмдерiн естiген, естiмеген қанша тұлғалар бар?! Олардың өнегелерiн бүгiнгi жас ұрпақ тәрбиесiне неге пайдаланбасқа?! Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдары көп iс тындыра алар едi деп ойлаймын. Газеттер арнайы айдарлар ашса, телеарналар танымдық бағдарламалар ұсынып жатса, одан ұтпасақ ұтылмас едiк қой. Бiзге қолға қалам алғызған да осы мәселелер едi.

Бүгiнгi әңгiмемiз Өтебай әулие туралы болмақ.

Өтебай әулие Қошқарбайұлы шамамен ХVII-ХVIII ғасырларда өмiр сүрген. Бейiтi кешегi Жезқазған, бүгiнгi Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданындағы Манадыр стансасынан екi шақырымдай әрiде жатыр. Алыс-жақындағы ел басына әлi күнге дейiн зиярат етiп барып тұрады.

Өтебай атамыз заманында елiне би болған кiсi екен. Ол кiсiнiң батырлығы жөнiнде де таңды таңға ұрып айтар әңгiмелер жетерлiк. Ең бастысы, сөзi екi айтылмайтын әулие болыпты.

Сүйегi Кiшi жүз, Тама Өтебай атаның ұрпақтары бүгiнде Созақ ауданы мен Түркiстан, Шымкент қалаларында қалың қоныстанған. Бұлай болатын да жөнi бар. Аталарымыз Арқаны кешегi Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның кезiнде жайласа керек. Содан Өтебай атамыз дүниеден өтерде ұрпақтары келiп, «аз Кiшi жүз ендiгi жерде кiммен қоныстас боламыз, Сiздi қайда қоямыз?» деп сұрапты дейдi. Сонда атамыз «Ақмешiттен төмен 44 таңбалы Кiшi жүз бар. Олар сенiң туғаныңды көрмеген, өлгенiңде жыламайды. Мына Орта жүздiң баласы шалғынды шөп, тұнық суда өсiп едi, осыдан iргеңдi ажыратпа. Ал, менi қарсы адырдың бер жағына, Сарысудың ар жағына қойыңдар. Екi жұрттың арасында шекара болып жатайын. Сосын Арқадағы екi мырзаға сәлем айтыңдар» дептi. Елi «ол екi мырзаңыз кiм едi?» деп сұрайды. «Есiл, Нұра екi мырза емес пе?! Жағасы жасыл шөп, кешiп өтсең кiсiнiң етек-жеңi шаң бола ма, шiлдесiнде кiсiнiң арқасынан күн өте ме?!» деген екен жарықтық. Ол кезде қазiргiдей суда жүретiн көлiктер қайда, жұрты атамыздың мәйiтiн Сарысудың арғы бетiне қалай өткiземiз деп дағдарып қалса керек. Сонда Өтебай атамыз «нәрсенiң осалы – қамыс, соны «Қарабуралап» байлап, салбурын жасаса елдi өзеннен өткiзедi. Аз да болсаң бiрлiк қыл, қамыс құрлы жоқсың ба?!» деп өсиет қалдырыпты. Бiз бұл әңгiменi сарысулық (Жамбыл облысы) Досжан Кенжебай­ұлы қарияның аузынан жазып алдық.

 Наралы қалпе мен Өтебай

Таманың iшiндегi Құрақ Наралы қалпе аса ардақты, дуалы ауыз адам болған екен. Сондай-ақ, бiреуге назалана қалса, бiреудi қырына алса, ол адам не майып болатын, не мерт болатын көрiнедi. Сол Наралы қалпе Қошқарбайдың баласы Өтебаймен қатарлас, замандас екен. Екеуiнiң татулығы, сыйластығы кiсi қызығарлықтай болыпты. Жақсының бiрге жүргенiн көре алмайтындар қай заманда да болады емес пе?! Екеуiнiң сыйластығын көре алмағандар ақыры араға ши жүгiртiп тынса керек. Бiр-бiрiне қырын қарап жүрген сондай күндердiң бiрiнде Наралы қалпе «әй, Өтебай, мен сенi аттым!» дептi. Сонда Өтебай жұлып алғандай «әй, Наралы, сен ататын адамыңды ғана атарсың. Ата алмайтыныңды қайтерсiң!» деп жүрiп кеткен екен.

Араға күн араламай жатып, Наралы қалпе Өтебайдың үйiне келедi.

– Әй, Өтебай, ана саршұнақ бүркiтiң түнiмен шаңырағымды сабалап, шаңқылдап, ұйықтатпай қойды. Алып кетпесең болмас, – деп кешiрiм сұрап, екеуi қайта табысқан екен. Бұл әңгiменi шолаққорғандық Нарбек Әйнекбайұлының аузынан жазып алдық.

 Итемгеннiң қазасы

Тамаларды Арқа жерiне бастап келушi Сеңгiрбек батырдың баласы Итемген би (1756-1850 ж.ж.) – Абылай ханның айбынды батырларының бiрi. Қырғыздың атақты батыры Әтекенi қолға түсiрген. 1832 жылы Тама болысы алғаш ұйысқанда елдiң басын қосып, болыстық мөрдi алғаш ұстаған да осы Итемген би болатын. Сексенге келгенде ел билеуден бас тартады да, билiктi баласы Қылышқа бередi. Итемген бидiң өмiрi мен елге сiңiрген еңбегi туралы Ақселеу Сейдiмбеков аз жазған жоқ. Ал, белгiлi жазушы Дулат Шалқарбаев би туралы «Өмiр өзi сөйлейдi» деген кiтап шығарды. Сол кiтапта Итемген би өмiрiнiң соңғы күндерiн баяндайтын керемет бiр рухани сыр айтылады. Қандай сыр дейсiз бе, ендеше тыңдайық.

Тоқсанға жуықтағанда Итемген би қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады да Телiкөлдi жағалай қоныстанып отырған Әлiптiң басшысы, қандыкөйлек досы Өтебайға хабар жiбередi. Жақын жер емес, Өтебай келгенше ауру әбден меңдеп, сөйлеуге шамасы келмей қалады. Бiрақ, Өтебайдың келгенiн күтiп, алаңдап жатады. «Өтебай келдi» деген хабарды естiгенде жұмып жатқан көзiн ашып, әлдене айтпақшы болып, ернiн жыбырлатады. Бiрақ, айта алмайды. Өтекең есiктен «Арыстаным-ай! Ақиығым-ай!» деп күңiрене келген бетте Итемген бидiң сұлық жатқан қолын ұстайды. Сонда Итемген би Өтекеңнiң қолын үш рет босатып, үш рет өзiне қарай тартып кеудесiне қысады да, төртiншi ретте қолын қысқан күйi... жердi түйiп қалады. Өтекең бас изейдi. «Жарайды, түсiндiм, аманатыңыз орындалады» дейдi екi дүниенiң ортасында жатқан Итемген биге басын иiп. Итемген би риза болған рай танытып, ана дүниесiне жүре бередi.

Бидi жерлегеннен кейiн Өтебай қасындағы серiктерiне «сендер не байқадыңдар? Итемген би менiң қолымды үш рет қыса тартып, үш рет босатты. Төртiншiсiнде жердi түйiп қалды. Мұнысы «Әлiп ата ұрпағы Арқаға үш келiп, үш кеткен едi, ендi түбегейлi келiп, осында отырыңдар, ағайынды жат қылмаңдар. Қонысы шалғайдың көңiлi де шалғай болады» деп аманаттағаны едi» дейдi.

Осыдан кейiн Телiкөлдегi Әлiп атаның барлық баласы Сарыарқаға көшiп келiп, Толағай маңын жайлапты. Өтебай бидiң мәңгi тыныстап жатқан жерi осы Толағай тауының етегiндегi Манадыр стансасының маңында.

 Мәрттiк тар жерде бiлiнедi

Өтебай атамыздың батырлығы жөнiнде айтылатын әңгiмелер де ел iшiнде аз емес. Қалмақтармен болған бiр ұрыста естiген адамды есiнен тандыратын бiр оқиға болады. Кескiлескен ұрыста қалмақтың ханының атына оқ тиiп, басына сын сағат туады. Мұны көрген Өтебай батыр... қалмақтың ханына астындағы атын түсiп берiп, әлгiнi құтқарып жiберiптi. Есесiне жаяу қалған өзi жау қолына түсiп қалады.

Соғыс аяқталған соң қалмақтың ханы жас қазақ батырының ерлiгiне, өрлiгiне, мәрттiгiне тәнтi болып, өзiнiң сарайына алдырады. Аз-кем тiлдескеннен кейiн-ақ Өтебай батырдың тегiн адам емес екенiн байқайды. Байқайды да «өмiрдегi үш тәттi не?» деп төтеннен сұрақ қояды. – Осыған жауап берсең басыңа азаттық беремiн, жауап бере алмасаң мекенiң – зындан, – дейдi.

– Бiрiншiден, сүйiп қосылған жар тәттi, екiншiден, одан туған перзент тәттi, ал, үшiншi, ел мен жұртың қадiрлейтiн азамат екенiңдi сезiнiп барып өлген өлiмнен артық қандай тәттi болушы едi?! Мен осы үшеуiнiң де ләззатын татқан адаммын. Ал, ендi бiлгенiңдi iстей бер, – дептi Өтекең.

Қалмақтың ханы ер Өтебайдың жауабына риза болып, астына ат мiнгiзiп, үлкен сый-сияпатпен ел шетiне дейiн шығарып салыпты.

Бұл әпсананы сарыағаштық қария Өзбек Дүйсенбаевтың аузынан жазып алдық.

 * * *

Сонымен, Өтебай атамыздың мәңгi тыныстап жатқан жерi Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданындағы Манадыр стансасының маңы екенiн айттық. 2016 жылы 12 тамызда Өтебай атаның Оңтүстiктегi ұрпақтары ата басына зияраттап барып қайттық. Қам кесектен тұрғызылған сағанасының бiр шетi мүжiлiңкiреп құлаған екен. Басына көк тас қойылып, бейiтi темiр қоршаумен қоршалды. Құран оқылып, ас берiлдi. Елдiң iшi алтын бесiк емес пе, осы Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылының қариясы Балапан Жуанышбаев ақсақал iшiне 100 адам сиятын 12 қанат үй тiгiп, Оңтүстiктен барған зияратшыларды «әулиенiң ұрпақтары екенсiңдер ғой» деп хан күткендей күттi. Осы елдiң қариялары Оңдыбай Жуанышбаев, Берген Қожамұратов, Сүлеймен Досжанов, Жарылқап Қызылбаев, Қосар Исатаев, Аманбай Байжанов, Аманкеш Құлметов, тағы басқа да азаматтар Өтебай би туралы, елдiк мәселелер туралы, өткенiмiздi құрметтеу, оны жас ұрпақтың санасына сiңiру жайлы келелi әңгiмелер айтып, рухани байып қайтқандай болдық.

Иә, қазақта ел ортақ, жер ортақ, әулие ортақ. Әулиелер тарихы – ұлтыңның тарихы. Ал, тарихын қастерлеген елдiң болашағы да жарқын екендiгi дау тудырмаса керек.


Сенбек ДҮЙСЕКБАЙ. 

Түркiстан қаласы.


* * *

Осы жылдың 15 маусымында Қошқарбай атаның ұрпақтары Қарабура бабаға арнап ас береді. Қонақасы – 14 маусымда. Ас Созақ ауданы, Созақ ауылындағы Қарабура әулие кесенесі кешенінде өтеді.

Құран ішінде болыңыздар, қарындас-бауыр, барша қазақ жұрты!


Ұйымдастыру комитеті.

Пікір қалдырыңыз