Өлкенің өнегелі шежіресі

Сұлтанбек Қожановтың Созақ ауданындағы музей үйі  мемлекет және қоғам қайраткерінің 100 жылдығы қарсаңында 1994 жылғы 12 сәуірде ҚР Министрлер кабинетінің Қаулысымен ашылды. Музей 2003 жылдың 6 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «С.Қожанов атындағы музей» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. 

2021 жылы музей жаңа ғимаратқа көшті. 
Музей өзі қызмет еткен жылдар ішінде рухани құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарды. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің салтанат құруына ықпал етті. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, олардың дәстүрден ажырамауына үлес қосты.
Әрине, музей – қоғамдық өмірдің айнасы, еліміздің тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің шежіресі. Ол – халқымыздың рухани мұраларын жинап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған қастерлі мекен. Осы жылдар ішінде аудан жұртшылығы ғасырлар қойнауында жатқан тың деректерді музей қорына өткізуге атсалысты. Әрине, музей тірлігі жалпыхалықтық іс. Сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі жәдігерлерімізді көздерінің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа насихаттау ісінде көптеген шаруалар атқарылды. Ұжым мүшелері құнды жәдігерлерімізді музей сөрелерінде ғана сақтамай, соңғы жылдары аудан орталығындағы және ауылдардағы мектептерге көшпелі көрме ретінде ұсынып жүр. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың санасына өткенін сіңіру. Тарихымыздың қаншалықты бай екенін таныту. 
Музей мұралары – таусылмайтын қазына, телегей-теңіз дереккөзі. Барлық жинақталған мұралар ғылыми-зерттеулердің дереккөзі болып табылады. 
С.Қожанов атындағы аудандық өлкетану музейі – мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі және қызметімен ғана емес, сонымен қатар ауданнан шыққан әдебиет және өнер қайраткерлерінің өмірін, шығармашылығын, спорт майталмандарының жетістіктерін  насихаттайды. Бұл ретте музей түпнұсқа жәдігерлер және көшірме заттар негізінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін жан-жақты насихаттап келеді.
Музей қызметкерлері келушілерге мұндағы құнды жәдігерлерді  көрсетіп қана қоймайды. Мұнда соңғы жылдары түрлі кездесулер мен мәдени форумдар өтіп тұрады. Музейге алғаш келушілерге  С.Қожанұлының мұралары мен Созақ ауданының тарихы және мәдениет, өнер, әдебиет салаларындағы жетістіктері көрсетіледі.
Рухани орталықтың алғашқы директоры тарихшы, әдебиетші Дулат Тұрантегі болды. Ол 13 жыл осы қызметті мінсіз атқарды. Сұлтанбек Қожанұлының құжаттары мен суреттерін жинақтап, музейдің аяғынан тік тұрып кетуіне мол үлес қосты. Мұнан кейін музейді М.Бұрышов, Ғ.Исмайлов, Б.Қордашбеков басқарды. Қазір музейге Н.Дүйсенбек басшылық етуде. Музейдің ашылуына мұрындық болған Созақ ауданының сол кездегі әкімі Қуаныш Айтахановтың руханиятқа жақын басшы болғанын ел ұмытпайды.
1994 жылы музей ашылғанда Сұлтанбек Қожанұлының қызы Зиба Қожанова әкесінің фотосуреттерін, құжаттарын әкеліп тапсырған еді. Бүгінде киелі орындағы ең құнды жәдігерлер де осылар. Өлкеміздің өткен тарихынан сыр шертетін музей әлі талай игі бастамалардың ұйытқысы бола бермек. Соның ішінде музей ұжымы өздері атын иемденіп отырған Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуді жоспарлап отыр.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Пікір қалдырыңыз