Ақын да өзі, батагөй де өзі!

Қазыналы қариялардың ел дамуына қосқан үлесі зор. Қиын-қыстау заманда қара жұмыстың қамытын киіп, бел жазбай, тізе бүкпей тер төгіп, егін орды, мал бақты. Соның нәтижесінде қамба дәнге, қора малға толды. Білім мен денсаулық сақтау саласында да уақытпен санаспай, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл сөз бар. Сондай көргені көп, көңілге түйгені мол, кейінгі жастарға айтары бар абыз қариялардың
бірі – Төлеби ауданындағы Қостөбе ауылының тумасы Мықтыбай Жолаев.
Мықтыбай Жолаев зейнеткермін деп қол қусырып қарап отырмай, ауылдың, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, ел бірлігі, қоғам тыныштығы үшін шапқылап жүреді. Ол – Қостөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Мықтыбай қария еңбек жолын ұжымшарда қарапайым колхозшы болып бастаған. Мамандық алған соң, «Балдыберек-кент» каналында су маманы болып қызмет істеді. Кеңестік заманда шаруашылықтар суармалы егіске басымдық беретін. Аталған канал Төлеби ауданының «Совет», «Путь Ильича», «Коммунизм» және Сайрам ауданының Киров атындағы (қазіргі Қарамұрт елді мекені) шаруашылықтарын ағын сумен қамтамасыз ететін. Міне, Мықаң осы ірі шаруашылықтардың егістік алқабына, көкөніс танабына, бау-бақшаларына су жеткізуді реттеп отыратын. Ауыл тұрғындарының үйіргелік жерлерін де сусыз қалдырмайтын. Каналдар мен су жүретін арналарды, арықтарды уақтылы тазартып, судың босқа ысырап болмауын қадағалайтын. Канал, арықтардың бойына жағалай көп жылдық ағаштар егіп, көркейтуге, көріктендіруге атсалысатын. Ол кезде шаруашылықтардың мол өнім алып, қыруар табысқа кенелуінде су шаруашылығы қызметкерлерінің үлесі зор еді. Осылайша М.Жолаев өзіне тапсырылған міндетті тиянақты атқарып, ел алғысына бөленіп жүрді.
Бүгінде Мықаң ауылдың ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтау жолында ауыл тұрғындарымен бірлесе қимылдайды. Өмір көрген, тағдыр сынынан өткен қария әрдайым үлкендігін көрсетіп отырады. Елдегі орын алған даулы мәселелерді өршітпей, ел татулығына сызат түсірмеу үшін тер төгеді.
Қаратөбе ауылдық ардагерлер кеңесіне мүше болып, қоғамдық қызмет атқарып жүргенімде М.Жолаевтың ел сүйсінерлік талай істеріне куә болдым. Бірде Қаратөбе ауылында ағайынды екі отбасының адамдары жайылымға таласып, жанжалдасып қалады. Біреуі қатты соққыдан жарақат алып, ауыр халде ауруханаға түседі. Зәбір көрген жақтың туыстары бұзақының қылмыстық ісін құқық қорғау органдарына бермекші болады. Осылайша іс насырға шабады. Туыстарды жарастырмаса, ағайын арасына сызат түсуі мүмкін.
Бұл іске ауылдық ардагерлер кеңесі араласып, жанжалдың одан әрі ушықпауына, ағайындыларды жарастыруға күш салады. Осындай сындарлы сәтте М.Жолаев өзінің қайраткерлігін көрсетті. Уәжді сөзімен екі жақты тоқтатып, жарастырды. Сөзі өтімді қарттың ешкімге бұра тартпайтын әділдігіне жұрт риза болып, ағайын татулығы сақталып қалды. Айта берсек қарияның үлгі, өнеге тұтар игі істері көп-ақ. Ол елдің бәріне бірдей қарайды, ешкімді алаламайды. Кімді болса да іші-бауырына тартып сөйлейді. Тұрмысы төмен отбасыларға көз қырын сала жүреді. Әкімдік, жеке кәсіпкер тарапынан мұқтаж жандарға жәрдем беруді ұйымдастырады. «Ұлық болсаң кішік бол, кішік болсаң кішіреймейсің» деген нақыл сөзді бойына терең сіңірген, адами қасиеті өте жоғары жан.
М.Жолаев аудан басшыларымен кездесуде ауылдың мұңын мұңдап, проблемаларының оң шешілуіне ықпал жасап отырады. Мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, олардың тәртіпті, тәрбиелі болуын қадағалап, олардан ақыл-кеңесін аямайды. Жастардың өзге діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеуін бақылайды. Ұлттық спортты насихаттап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Өзі де жасында қазақша күреспен айналысып, талай белестерді бағындырған.
Қария қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтқан. Бүгінде ол мешітте, ауыл жиындарында жастарды, жамағатты имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке шақырып, ел бірлігін сақтауды уағыздап отырады.
М.Жолаев сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Ақындық өнері балалық шағынан елге белгілі. Өзін толғандырған ойлары мен сезімдерін қағаз бетіне түсіріп, жүрген жерлерінде оқып жүреді. Оның өлеңдері кемінде екі-үш жинаққа жүк болады. Суырыпсалма ақындығы арқылы ауданға, облысқа танылған.
Бүгінде жасы 75-тегі аузы дуалы абыз қария батагөйлігімен де елді аузына қаратқан жайы бар. Аудандық, облыстық бата беру сайыстарында бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Қазыналы қарияның аузынан шыққан әрбір сөзі жақұт, адамды кемелденуге жетелеп, сана көкжиегін кеңейтуге бағыт береді.
Ақсақалдық жасқа жеткен қарияны қашан көрсең де қайнаған қоғамдық тірліктің ортасында жүргенін көресің. Президенттің, Үкіметтің қарар-қаулыларының мәнін көпшілікке түсіндіріп, оның орындалуына бір кісідей атсалысуын айтып жүреді. «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» демекші, Қостөбе елді мекенінің құрметті ел ағасы Мықтыбай қария осындай кісі.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.
Төлеби ауданы.