Ақыл мен өнерді пұлдайтын ғасыр...

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы өз Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай ел Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды. Атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, креативті индустриялар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басымдыққа ие бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Креативті индустриялар деген ұғымның аясы өте кең. Соған қарамастан оған жататын салаларды айқындау бойынша бірыңғай әдістеме қалыптаспаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданыстағы тәсілдеріне сәйкес, креативті индустрияларға 14 бағыт: шоу-бизнес, дизайн, сән, креативті сәулет, кино, анимация, музыка, медиа, компьютерлік графика, білім беру және зияткерлік қызметке негізделген басқа да бағыттар жатады. Яғни бұл индустрияларға шикізаты қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал болатын экономика секторлары жатады. Шығармашылық қызметі мен ой еңбегінің жемісін коммерцияландырып, монетизациялаған, қазақшалап айтқанда, өнерін сатып пұлдаған кәсіпкерлердің бәрін де креативті индустрия өкілдері деуге болады.
ҚР Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық ішкі өнімінің құрылымындағы креативті индустриялардың үлесі 3,67 пайызды құраған. 2013-2023 жылдары креативті индустриялардың экономикаға қосқан үлесі тұрақты түрде 3 пайыз деңгейінде сақталған. Өткен онжылдықта бұл сектор номиналды мәнде 
3,2 есеге өскен. Демек, бұл бағыттағы өсімді Қазақстанның бүкіл экономикасының сол кезеңдегі өсуімен (3,2 есе) шамалас деуге болады. 
Креативті индустриялардың орнықты дамуы, әсіресе, Түркістан секілді туризм мен ғылым-білімге арқа сүйейтін қалалардың экономикасы үшін айрықша маңызға ие. Халықаралық тәжірибеге қарап отырып осылай деп сеніммен айтуға болады.
Қазақстан Үкіметі бекіткен «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрсетілген талдауларға сүйенсек, креативті сектордың әлемдік экономикаға қосқан үлесі тұрақты 3 пайызды, ал, қаржы айналымы жылына 2 триллион 250 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Бұл секторда бүкіл әлем бойынша 30 миллион адам жұмыс істейтін көрінеді. Аталған сектор жұмыспен қамтудың кез келген басқа салаларына қарағанда 18-25 жас аралығындағы жастарға жұмыс орындарын көбірек ұсынады.
АҚШ-тағы әйгілі Калифорния штаты бүкіл әлемде креативті экономиканы дамытудың эталондық үлгісі ретінде танылған. Жыл сайын мұнда 650 миллиардтан астам долларға креативті өнімдер шығарылып, қызметтер көрсетіледі екен. Мұнан бөлек креативті экономиканы дамыту мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған ел ретінде Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Бүгінде кәрістер әртүрлі креативті өнімдерді – кино, музыка, телевизиялық бағдарламалар, сериалдар, жоғары технологиялы ойын контентін жаһандық нарыққа белсенді түрде экспорттайды. Жалпы, бұл елдің креативті индустриядан түскен экспорттық кірістері 2021 жылы 12 млрд. АҚШ долларынан асқан.
Қош, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ақылы мен өнерін, ой еңбегінің жемісін сатып табысқа кенеліп жатыр екен. Ал, біздің елде солай етуге не кедергі? Креативті индустрияларды дамытуда қандай проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз?
Басқасын айтпағанда, жүйелі түрде шешуді талап ететін негізгі 4 мәселені атап айтпаса болмайды. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, өткен жылға дейін еліміздің қолданыстағы заңнамасында креативті индустриялар ұғымын айқындайтын ұғымдар болмады. Соның салдарынан күні бүгінге дейін осы секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларынан көбіне тыс қалып жүрді. Мемлекеттің қолдауы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секілді экономиканың дәстүрлі салаларына бағытталып келді. Дегенмен, Президенттің тапсырмасынан кейін бұл проблеманы шешу бойынша нақты қадамдар жасалды. Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар – соның дәлелі.
Екіншіден, креативті индустриялардың орнықты дамуы – авторлық және зияткерлік құқықтардың заңмен қорғалуына тікелей байланысты. Біздің елімізде бұл мәселелер заңмен реттелгенімен, зияткерлік құқықты қорғау практикасын әлі де жетілдіре түсу қажет.
Үшіншіден, мойындау қаншалық ауыр болса да, Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға қажетті адами ресурстар жеткіліксіз, ал, барының сапасы төмен. Мұның негізгі себептерінің бірі – отандық білім беру жүйесі адамды креативті ойлауға машықтандырмайды және шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етпейді. Соның салдарынан біздегі мамандардың білімі мен кәсіби біліктілігі жаһандық бәсекелестікке төтеп беретін жағдайда емес.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан жаһандық инновациялық индексте «қызметкерлердің білімі» көрсеткіші бойынша әлемде 52-ші орын алады. Бұл ретте «адами капитал және ғылым» көрсеткіші бойынша Қазақстан Түркия (26-орын), Ресей (29-орын), Беларусь (38-орын) және Украина (44-орын) сияқты елдерден айтарлықтай артта қалып, 132 елдің ішінен 66-орынды иеленді. Бұл – жоғарыда аталған тұжырымдамада келтірілген деректер.
Төртіншіден, елде креативті кәсіпкерлікті дамыту және орнықты креативті индустрияларды қалыптастыруға қажетті инфрақұрылым жеткілікті дәрежеде дамымаған. Креативті кластерлер мен хабтар, бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар, арт-кеңістіктер мен көркем галереялар жеткіліксіз. 
Бүгінде Түркістан облысы да креативті индустрияны дамытуға қызығушылық танытуда. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының деректеріне сүйенсек, жастар дизайн, медиа, технология және басқа да салаларда өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыра алатын коворкинг алаңдары, инкубаторлар мен стартап алаңдары пайдалануға берілген. Сонымен қатар, облыста креативті индустрияның түрлі бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары мен шеберлік сабақтары өтуде. 
Бүгінде Түркістан облысында креативті индустрияның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Шығармашылық жобалар мен іс-шаралар жергілікті халықтың да, туристердің де назарын аударып, экономикалық даму мен әлеуметтік белсенділікке ықпал ете алады.
Облыстағы креативті индустрияны дамытудағы басты бастаманың бірі – Түркістан өңіраралық «Тұран» инновациялық кластерін құру. Кластер дизайн, сәулет, кино және бейне өндірісі, музыка, бейнелеу өнері сияқты инновациялық, технологиялық және шығармашылық салаларды дамытуға бағытталған. 
Иә, ХХІ ғасыр – өндірген тауарыңды ғана емес, білім, біліктілік, ақыл мен өнеріңді де пұлдайтын заман. Уақыттың осынау талабын ескеріп, мемлекеттің креативті индустрияларды дамытуға мойын бұра бастағаны қуанышты жағдай. Себебі, бұл сектор қаржылай табыс әкелумен шектелмейді, креативті сектор дамыса, жалпы қоғамның мәдениеті өсіп, ой-өрісі кеңейіп, пайым-парасаты жаңа бір белеске көтеріледі. Отандық экономиканың креативті секторы өрге басса, креативті, талантты, білімді, кәсіби деңгейі жоғары жастардың шетел асып, ұлттың ақыл-ойының шетел асып кетуі де тоқтар еді.
Тек бір ескеретін жағдай бар, креативті сектордың дамуы үшін оны қаржы-экономикалық тұрғыда ынталандыру мен қолдау жеткіліксіз. Шөл далаға гүл өспейтіні секілді, авторитарлық билік орнаған, демократиялану деңгейі төмен елде әлемді таңдай қақтыратын креативті дүниелердің туа қоюы екіталай. Сондықтан креативті индустриялар қарыштап дамысын десе, билік либерализм, ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы мен ой еркіндігі құндылықтарын ілгерілете түсуі тиіс деп ойлаймыз.

1 пікір

  • Sarah Sliverman
    Sarah Sliverman

    FINALLY I GOT MY LOST BITCOIN BACK ALL THANKS TO LOST RECOVERY-MASTERS Hello people, I am Sarah Silverman an Actress from Independent films in the USA. I highly recommend the service of Lost Recovery Masters to everyone who wishes to recover lost money either bitcoin or other cryptocurrencies from these online scammers, wallet hackers, or if you ever sent bitcoins to the wrong wallet address. I was able to recover my lost bitcoins from online swindlers in less than 24 hours after contacting them. They are the best professional hackers out there and I’m truly thankful for their help in recovering all I lost. If you need their service too, here is their contact information. Email: Support@lostrecoverymasters.com Website https://lostrecoverymasters.com/

Пікір қалдырыңыз