Жаңыл Балтабаева Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды

Венгрияның Сегед қаласында пара каноэдан өткен лицензиялық әлем чемпионатында Қазақстан спортшысы Жаңыл Балтабаева Парижде жалауы желбірейтін Паралимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Чемпионаттың В финалында (VL3 класы) өнер көрсеткен түркістандық спортшы 200 метр қашықтықты 1:05.83 секундта бағындырып, мәреге екінші болып жетті. Бұл қашықтықта польшалық Моника Кукла 1:05.45 секунд нәтижемен бірінші, франциялық Елеа Чарвет 1:07.33 секунд нәтижесімен үшінші орынға ие болды.

Жаңыл 33 жаста, алты жылдан бері кәсіби түрде пара каноэмен айналысады. Азия чемпионы (Самарқанд – 2023), Ханчжоуда өткен Азия Паралимпиадасының қола жүлдегері (Қытай – 2023). Спортшы бапкер – Геннадий Ивановтың қолында жаттығады. Түркістан облысының су спорты түрлері мектебінің спортшысы. Білікті басшы Денис Жарменов басқаратын спорт мекемесі бұған дейін де бірнеше жолдама еншілеген болатын. 

Жаңылдың лицензиясын қосқанда еліміздің спортшылары Паралимпиаданың 12 жолдамасын жеңіп алды. Атап айтқанда, бұған дейін пара каноэдан Сыпатай Бибарыс, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден үш жолдама, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова және Нышан Өмірәлі лицензия иеленген болатын. 

Париждегі Паралимпиада ойындары тамыздың 28-і мен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.


Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз