Ұлы дала шежіресі – ұлылықтың шежіресі
Түркістан қаласын түлету мақсатында еліміздің әрбір облысы бір-бір нысаннан салып бергені баршаға белгілі. Сол тұста Атырау облысының әкімдігі түркістандықтарға «Ұлы Дала елі» орталығын сыйлады. Нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың қазан айында аяқталды. Орталық келушілерді 2021 жылдың наурыз айынан бастап қабылдай бастады.
Бұл орталықтың экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болып, «Түркі әлемінің генезисі» туристер мен отандастарымызға кеңінен насихатталуда.
Мұндағы экспозиция Күлтегін ескерткішінен басталады. Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан онда Күлтегін ескерткіші арнайы қойылған. Ескерткіш 1889 жылы Моңғолиядағы Кокшин-Орхон өзені бойындағы Кошо-Цайдам ойпатынан табылған. Күлтегін Орталық Азиядағы үстемдікті қамтамасыз еткен батыр жауынгер, әскери қолбасшы ретінде танылған. Қалқанның бір жақ бетінде қаған таңбасы бейнеленген, екінші жағында қытай жазбалары мен ескерткіштің орнатылған күні «1 тамыз, 732 жыл» деп жазылған. Ескерткіштің алғашқы көшірмесі 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына, тағы бір нұсқасы Ұлттық музейге, үшінші нұсқасы арнайы осы орталыққа қойылып отыр.
Мұнан кейін орталыққа келушілер Бәйтерекпен танысады. Бәйтерек – ежелгі нанымдар бойынша «Өмір ағашы». Ата-бабаларымыз бұл ағашты «Киелі ағаш» немесе «Әулие ағаш» деген. Оны кесуге, сол секілді қандай да бір зиян келтіруге тыйым салынған. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі, яғни діңі жерде, ал, тәжі көкте деп саналады.
Ал, «Ұлы дала металлургиясында» қола дәуірден орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісі туралы ақпарат берілген. Ең алғаш рет Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Экспозиция залындағы үлкен экранда Қазақстанда металды өңдеу, игеру кезеңдері баяндалады. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қарағанды облысындағы Алап қонысынан б.з.д. XIII ғасырға жататын темір балқытуға арналған пеш табылған болатын. Біздің орталыққа арнап сол пештің реконструкциясы жасалды.
Қола дәуірі адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең болып есептеледі. Залда IV-VI ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйымдар, ұста құралдары орын алған. Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың да 34 түрі келушілердің назарына ұсынылған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қанжар, ақинақ және жебе ұштарын да осы жерден көруге болады. Күмістен жасалған зергерлік бұйымдардан өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік қойылған.
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны туралы мағлұмат келесі залда баяндалады. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының алғаш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдейді. Орталыққа келушілер бұл залда Ботай жылқысының сүйек қаңқасымен таныса алады. Оны археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт реконструкциялаған.
Келесі жәдігерлер – сақ, ғұн, түркі және қазақ ер-тұрмандары. Бабаларымыз ат үстінде жүруге ыңғайлы болу үшін ойлап тапқан шалбар мен жұмсақ өкшелі саптама етіктің алғашқы түрі де біздің орталықта сақталған. Сонымен қатар, мұнда жылқыға жегілген ат арбалар мен күймелердің бірнеше түрі қойылған. Ер-тоқымдардың өмілдірік, құйысқан, тартпа, қанжыға сынды бөліктері сақ дәуірінде пайдаланылған. Ер-тоқымды қазіргідей ағаштан шауып жасауды алғаш рет ғұндар бастаған. Экспозиция залына ат жабуының, торсықтың, қалқан мен қылыштың, шоқпардың, алтын және күміс металдармен безендірілген тобылғы сапты қамшылардың да түр-түрі қойылған.
Ал, «Ұлы Дала жауһарлары» залы 1969–2020 жылдар аралығында еліміздің территориясынан табылған 9 «Алтын адам» мен «Аң стиліне» арналған. Бұл залдан Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», «Сармат көсемі», «Алтын ханшайым», «Ұлы Дала жауһары», «Елеке сазы» экспонаттары мен аң стиліндегі әшекей бұйымдарды тамашалауға болады.
Орталықта Қазақстан территориясында баламасы жоқ зал салынған. «Түркі әлемі» деп аталған залдың ортасына түркілердің тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» қойылған. Келушілер бұл жерден сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі кезеңнің соғыс өнерін көрсететін экспонаттарды да көре алады.
Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа. Байырғы заманда жердің түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында бұл зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы, адамдар бір-бірімен асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер, мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен сауда-саттық ақша төлеу тәртібіне көшіп, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылады. Ол жолдар шығыс пен батысқа, оңтүстік пен солтүстікке бағыт түзеп, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Осылай б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды.
«Ұлы Жібек жолы» атауы 1877 жылы өмірге келген. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды. Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір-бірімен сауда жасауына, ғылымның дамуына, діни және мәдени салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етті.
Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан. Жолдың ендігі бір бөлігі Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай өрлеп, Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты. Жібек жолының Қазақстандағы бағыты еліміз үшін географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Музейге келушілер Талхиз (Талғар), Тараз, Яссы, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты қалалардың да ертеде қандай болғанын көре алады.
Ұлы Дала тарихын толыққанды қамту мақсатында келушілерге Қазақ хандығының қалыптасу тарихы мен қазақ халқының ұлт болып бірігуіне үлес қосқан хандар жайлы сыр шертетін құнды дүниелерді де жәдігер ретінде ұсынғанбыз. Еліміздің өткені мен болашағына арналған «Уақыт пен кеңістік» деп аталатын зал да келушілерге қызмет көрсетеді. Айта кету керек, орталыққа келгендер Ұлы Даланың өткені мен бүгінін ғана біліп қоймай, болашағына да көз тастай алады. «Болашақ Қазақстан» залында ақылды қала, жасыл экономика, жасанды интеллект, қолжетімді медицина секілді бүгінгі күннің тақырыптары қамтылған.
Орталықтың ең соңғы нүктесі қызғалдақ пен алмаға арналады. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген. Алма атаулының арғы
атасы – Сиверс сорты Қазақстаннан бүкіл әлемге Жібек жолы арқылы тараған.
Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі, оның 18-і «Қызыл кітапқа» енген, 12 сорты шетелге экспортталады. Орталыққа келушілер осындай тың ақпараттарға да қанығады.
Г. ДҮЙСЕНБАЕВА,
«Ұлы Дала елі» орталығының директоры,
мәдениет саласының үздігі,
ҚР құрметті азаматы.