Болмысы бөлек жан еді

 Баян Дарғожина,
«Оңтүстік Қазақстан».

Газет дегенде көз алдыңызға әлемде, елде болып жатқан соңғы жағдайлардан жедел ақпарат таратуға тырысатын, сонымен қатар халықпен біте қайнасып, елдің  мұң-мұқтажын билік назарына жеткізуге әрекеттенетін тілшілер қауымы елестейтіні белгілі. Ал, негізінде газет шығару тек тілшілердің жұмысымен ғана шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі мен үлкен үлесі жатыр. Соның ішінде баспасөздің ажырамас бөлігі ретінде баспахана қызметін ерекше атап өтуге болады.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында редакцияға сонау бір жылдары облыстық баспахананы басқарған үлкен жүректі азамат Сман Әзімұлының қызы Фатима Тілеубердиева келді. Әкесі жайлы естелігімен бөлісті.
– Бұрын баспахана Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенев көшесінде орналасқан шағын ғимаратта еді. Ғимараты шағын болса да ондағы әкем басқарған еңбекқор ұжым таудай тірліктер тындырды. Кейін ол ғимарат қалалық баспахана болып қалды да, облыстық баспахана А.Байтұрсынов көшесіндегі үлкен ғимаратқа көшірілді. 
Әлі есімде, ел түнде тәтті ұйқыда жатқанда баспахана жұмысы қызатын. Күнделікті басылатын газеттер таңсәріден оқырмандарына жөнелтілетін. 
Әкем үйде болған күнде де газеттердің шығуын қадағалап, телефонның құлағында отыратын. Кейде басып шығаратын машина істен шығып, техникалық ақау орын алып жатады. Сондайда түн ішінде әкем көлігіне отырып баспаханаға тартып кетеді. Сол кездегі тәртіптің қатаңдығы, жауапкершілік жүгінің ауырлығынан шығар, көңіл бір орында болмай, ұйқысы жиі бұзылатын. Баспахана жұмысшылары күндіз бланкі басса, түнімен газет басумен айналысады. «Оңтүстік Қазақстан» және өзге де жергілікті басылымдардан бөлек, Мәскеуден шығатын «Правда» газетін басатындары да есімде.
Бүгінде әкемнің көзін көргендер азайып кетті. Білетіндердің есінде әкемнің ұстамдылығы, мәдениетті болмысы, адамгершілік қасиеттері қалғаны анық. Өз басым редакция мен баспахана егіз, екеуін бөліп-жарып қарауға болмайды деп ойлаймын, – дейді Фатима Сманқызы бізбен әңгімесінде.
Сман аға облыстық №11 баспахананың директоры болып қызмет атқарған 1972-1984 жылдар аралығы мен қазіргі уақытты салыстыруға мүлдем келмейді. Баспаханада ертеректе жұмыс істегендер газет шығарудың машақаты мол шаруа екендігін айтады. Қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс істейтін. Әркімнің өз міндеті болды. Барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Газеттің мəтіндерін линотипте қорғасынмен тереді.Одан соң қорғасын әріптермен бет құрастырылып, ол матрицаға түседі. Осы жұмыстардың бәрі сапалы атқарылғаннан кейін ғана газет басатын машинаға жібереді. Осы алдын-ала дайындаудың өзіне күнұзақ жүретін. Бір құйма 18 келідей болатын. Шын мәнінде газет шығару кәдімгідей қажырлы еңбекті талап ететін. Ол кезде интернет жоқ. Газеттің келесі нөмірін шығару үшін екінші ауысымдағы жұмысшылар келіп, алдыңғы пайдаланылған металды қайта балқытып, жаңасын дайындайды. Газет тақырыптарын, шапкаларды, рубрикаларды түгел қолмен теретінін сол жылдары баспаханада кезекші болатын аға буын журналистер көргенімен, бүгінгі жастар үшін мұның бәрі ертегі. Себебі, қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Күнделікті тіршілігімізге компьютер дендеп енгелі жұмыс та біршама жеңілдеді. Газеттің жаңа саны қалай дайын болады, солай бірден интернетпен баспаханаға жіберіледі. Ол жақта алғашқы нұсқасын бір тексереді де қалғанын техникаға тапсырады. Тек қажетті тетіктерді басып, реттілікті сақтап отырса жеткілікті. Бүгінгі таңда «Оңтүстік Қазақстан» газеті жаңа үлгідегі технологиямен қамтылған «Ернұр» баспаханасында басылып шығарылуда.
Жаңаға ұмтылғанымызбен, ескіні де естен шығармаған ләзім. Әсіресе, газет жұмысында елеулі қолтаңбасын қалдырған абзал азаматтардың ерен еңбектері ұмытылмауы тиіс. Кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар жандар жайында оқтын-оқтын жазып отыруымыз, еске алып отыруымыз қажет.
Сман Әзім 1930 жылы Сайрам ауданының Көмешбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Шымкент таукен-металлургия техникумын бітірген соң түрлі өндіріс орындарында аға инженер, аға экономист қызметтерін атқарады. 1965-1970 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетінде «халық шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша жоғары білім алады. 
Сман аға – қалада алғашқылардың бірі болып полиграфия саласына  үлкен үлес қосқан қайраткер. Қазақ жастарына Мәскеуде білім алуға көмектесіп, оларға қаражат бөлуге атсалысқан, үлкен жүректі азамат. 
Облыстық баспахананы 12 жыл басқарған ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді, баспахана ұжымы экономикалық жағынан үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Оның дәлелі сол мерзімде ұжым екі рет республикалық социалистік жарыста жеңімпаз атанып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Қазақ КСР Кәсіподақтар Кеңесінің, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталған. 
КСРО Мемлекеттік Баспа комитеті саласында жеңімпаз атанып, Бүкілодақтық баспа және полиграфия ұжымдары арасынан үздік шығып, арнайы дипломмен марапатталды. Ұжымның еңбек жетістіктері облыстық Құрмет тақтасына ілінді. Жеті рет Шымкент қаласындағы еңбек ұжымдарының арасында социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 
Сман Әзім 1973-1985 жылдары Шымкент қалалық Кеңесінің депутаты, 1984-1986 жылдары облыстық  «Союзпечать» агенттігінің бастығы, 1987-1990 жылдары облыстық байланыс басқармасының бөлім бастығы қызметтерін жемісті атқарды. Партия, кеңес органдарының грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан қоғам қайраткері.
Фатима Сманқызы әкесінің тағы бір қырын тілге тиек етті. «Істің адамы болды. Табиғат берген таланты да бар еді. Майлы бояумен портрет, пейзаж салатын. Шығармашылық жұмыстары бағаланбай қалған жоқ. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болды. Орталық мұражайда 200-ден астам еңбектері қойылып, оның картиналарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Сол кезде облысты басқарған Қалық Абдуллаев: «Әсем қартайған жансыз. Атақ бер деп ешкімді мазаламайсыз, табалдырық тоздырғандардың қатарында емессіз. Өте жоғары мәдениетті жансыз» деп бағалаған болатын. Бұл  – артындағы ұрпағы біздер үшін теңдесі жоқ баға, өнеге, мақтаныш» деді Фатима Сманқызы.
Ұрпақ демекші, үш қыз, екі ұлдың әкесі, 11 немеренің атасы болған Сман аға «Үлес» және «Мәлік Қараұлы ұрпағы» атты кітаптардың авторы. Осылайша шахтер, экономист, халық қалаулысы, басшы болған жан қаламгер жазушы, қылқалам шебері, қоғам қайраткері, дербес зейнеткер ретінде де жас ұрпаққа ұлағатты тәрбие бере білді.
Шүкір, артында іздеушісі бар екен, ескерусіз қалмады. Қазіргі таңда өзі еңбек еткен Шымкент қаласындағы бір көше Әзім Сман есімімен аталады. 

Пікір қалдырыңыз